Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Ұлттық мүддені көздеген жиын

227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Кеңес мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғылым және шығармашыл зиялы қауым қатысты.

Ұлттық мүддені көздеген жиын

Жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда экономиканы, саясат пен қоғамдық сананы қамтитын жүйелі әрі ауқымды жаңғырту басталып кеткенін атап өтті.

Осы орайда, Мемлекеттік хатшы еліміз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа даму қадамына бет алғанына тоқталды. Оның айтуынша,  қоғамдық сананы дамытуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ассамблея жұмысына тың серпін берді. Мәселен, елімізде 1 338 этномәдени бірлестіктің жұмыс істейді, 41 достық үйі ашылды, 3 мыңдай қоғамдық келісім кеңестері қызмет атқарады.

Г.Әбдіқалықова ҚХА аясында жасалатын қайырымдылық іс-шараларының да оң нәтиже көрсеткенін атап өтті. Мәселен, екі жыл бұрын мұндай ұйымдардың құрамында 900-ге жуық адам болған. Бүгінде олардың саны 30 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік хатшы келтірген деректерге сүйенсек, 500 мыңнан астам адам, 18 мыңнан астам ұйым 4,1 миллиард теңгеден астам қаражат көлемінде қайырымдылық көмек алды.

Мемлекеттік хатшы «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру жөніндегі жобаларды іске асыруға барлық этномәдени бірлестіктің атсалысуы керек екеніне назар аударды.

«Рухани жаңғыру барысына Қазақстанның әрбір азаматы атсалысуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі әр аймақта қоғамдық сананы жаңғырту жобаларын орындауға өз үлесін қосып келеді. Әсіресе, Ассамблеяның аймақтардағы офистік жобаларға қатысқаны маңызды. Қазіргі таңда ҚХА мыңдаған аймақтық жобамен айналысады. Бұған қоса, Ассамблеяның 76 жеке жобасы бар», деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы келер жылы елорданың 20 жылдығы атап өтілетінін жеткізді. Оның айтуынша, Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы іспетті. Әрі жаңа шаһар – Президент идеясын іске асырудың көрінісі және бүкіл халықтың еңбегінің нәтижесі. Осы айтулы мерейтойға орай, Г. Әбдіқалықова ҚХА-ға тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова ҚХА-ның «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуын да жоғары бағалады. Оның сөзіне сүйенсек, Елбасы Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей моделін таныстыруы шара аясындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды.

ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Д.Мыңбай өз сөзінде 2017 жылдың Қазақстан үшін өте сәтті өткенін мәлімдеді. Биылғы елеулі оқиғаның қатарында саналатын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы халықтың санасына серпін беріп, ойына ой қосып жатыр.

«Халықты төл тарихы арқылы тәрбиелеу, салт-дәстүр аясында топтастыру, жалпыұлттық мүддеге жұмылдыру, жеке адамның өнегесі арқылы патриотизмді қалыптастыру секілді біріктіруші идеяларды іске асыру, жаңғырудың өзегі бірегейлікті нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясына да бірқатар міндеттер қойылды», деді Д.Мыңбай.

Сондай-ақ, кеңейтілген отырыста «ҚХА  Достық елшісі» құрметті атағын бекіту мәселесі қарастырылды. Д.Мыңбайдың айтуынша, бұл – өте өзекті тақырып. Өйткені, көптеген мемлекеттер Ассамблеяның жұмысын жоғары бағалап, еліміздің тәжірибесін өз еліне енгізуге құштарлық танытып отыр.

Жаңа атақ Қазақстан халқының мүдделеріне өкілдік ететін, сондай-ақ Қазақстанның және өзі тұратын мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүддесіне қызмет ететін тұлға. «Қазақстан халқы Ассамблеясының  Достық елшісі» өз жұмысын ҚХА басшылығымен келісе отырып атқарады. Сонымен қатар, жыл сайын атқарған қызметі жөнінде Ассамблеяға есеп беруге міндетті.

Жиын барысында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы, «Қазақстан халқы» интерактивтік тарих картасының, көп функционалды мультимедиялық порталдың әзірлену барысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы Павлодар облыстық Ассамблеясының тәжірибесі талқыланды.

Кеңес ұйымдастыру мәселелерін қарастырып, Қазақстан Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасына «Бiрлiк» алтын медалімен, «Жомарт жан» төсбелгісімен, ҚХА Төрағасының құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапаттау үшін кандидатуралар бойынша ұсыныстар енгізді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген,
Ерлан ОМАРОВ