Парламент • 09 Қараша, 2017

Сенат «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулерді қарады

311 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болып, онда  «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулер қабылданды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулерді қарады

Түзетулер еліміздің 2017-2019 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының өзгеруіне және жыл басынан бастап салықтық түсімдер қарқынын нақтылауға байланысты әзірленген болатын.

Заң жобасы Қазақстанның үшінші жаңғыруының міндеттерін іске асыруды жалғастыруға, мемлекет қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Еліміздің экономика саласындағы 9 айдағы даму қорытындылары мен әлемдік экономиканың ағымдағы ахуалын есепке ала отырып, 2017 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы нақтыланды. Ағымдағы жылдың басынан бастап экономикалық белсенділіктің жақсаруына байланысты ЖІӨ нақты өсімі 2,5 пайыздан 3,4 пайызға дейін ұлғаю жағына қарай қайта қаралды.

Ұлттық Банктің болжамы бойынша инфляция бекітілген 6,0-8,0 пайыз аралығында болжанып отыр. 2017 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімдерінсіз) 4 952,8 млрд. теңге сомасында айқындалды немесе 60,8 млрд. теңгеге ұлғайды. 2017 жылға арналған трансферттердің түсімдері 4,9 млрд. теңгеге ұлғая отырып, жалпы сомасы 4 656,3 млрд. теңге көзделуде.

2017 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары нақтыланған бюджетпен салыстырғанда 1,0 млрд. теңгеге ұлғая отырып, 11 177,4 млрд. теңге сомасында көзделеді.

Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша өзгерістер: 1) Мемлекет басшысының тапсырмалары мен мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін іске асыруға; 2)Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт есебінен жүзеге асырылатын іс-шаралар аясында шығыстарды қайта бағыттауға; 3) басқа жобалар мен бағдарламалар аясында шығыстарды қайта бағыттауға арналған.

2017 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 62,0 млрд. теңгеге азайтылды және 1 485,9 млрд. теңгені немесе ЖІӨ бағамының
2,9 пайызын құрайды.

Басты қаржы құжатына түзетулер енгізу жан-жақты талқыланды. Сенаторлар: M.Тағымов, Д.Әділбеков, Т.Мұсабаев, Е.Сұлтанов, С.Бектұрғанов, Б.Еламанов, В.Волков, Б.Шелпеков, Д.Кәлетаев бюджет саласын жетілдіру, мемлекеттік активтерді басқаруды жақсарту, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, инвестиция тарту, мемлекеттік қаражат есебінен банк секторының ахуалын жақсарту мәселелерін көтерді.

Сенатор Ерболат Мұқаев Ұлттық Банктің назарын банк секторының тұрақтылығы мәселесіне аударды. «Сарапшылық деректерге сәйкес, 2016 жылдың соңында «Бәйтерек»  холдингі Казинвестбанкке 21,1 млрд теңге, ал, Дельта Банкке 60,3 млрд. теңге орналастырған.  Сонымен қатар, БЖЗҚ-ның айтарлықтай қаражаты  осы екі банкке: Дельта Банкке 45,2 млрд. теңге және Казинвестбанкке - 2,9 млрд. теңге салынған, - деді E.Мұқаев. Сенатор азаматтардың РБК Банкіндегі жинақ ақшасын қорғау шараларына да баса назар аударды. Қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасының аясында оны тұрақтандыруға 240 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар, РБК Банкінің 600 миллиард теңге сомасындағы проблемалы портфелі, бұл мәселені ерекше тәртіппен шешу үшін жеке мамандандырылған компанияға берілетін болады. Сонымен қатар, инвестор (Қазақмыс Корпорациясы) есебінен банкті 160 млрд. теңге көлемінде қосымша капиталдандыруды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Депутат банк секторын мемлекеттің есебінен жақсарту үрдіске айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Биылғы жылы банк секторы ахуалын жақсарту үшін, атап айтқанда Қазкоммерцбанктен БТА-ның проблемалық несиелерін сатып алу үшін  республикалық бюджеттен Ұлттық қор есебінен 2,1 трлн. теңге қаражат бөлінді. Бұл республикалық бюджет кірістерінің төрттен бір бөлігін құрайды», - деді сенатор. Ұлттық реттеушiге банктердің ахуалын жақсарту моделiн құруға емес, бiрiншi кезекте тәуекелдi бағалаудың, мұндай жағдайлардың алдын-алу үлгiсiне назар аударуы тиіс», деп санайды Е.Мұқаев.

Сенаторлар Қазақстан Үкіметі мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы арасындағы келісімді ратификациялады.

2017 жылғы 2 мамырда Астана қаласында жасалған келісім Қазақстанда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының (АҚИҰ) штаб-пәтерін ашуды көздейді.

Қазақстан Республикасында АҚИҰ-ның штаб-пәтерін құру Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтады және ұйымның халықаралық, өңірлік және субөңірлік бастамаларына Қазақстанның тартылуын күшейтеді.

Қазақстанда АҚИҰ-ның штаб-пәтерін ашу үшін республикалық бюджетте: 2017 – 2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының АҚИҰ-ға ерікті жарнасы  жыл сайын 247204 мың теңге (749103 АҚШ доллары); Ауыл шаруашылығы министрлігінің
 бюджеттік бағдарламасы бойынша 2018 жылдан бастап жыл сайын 39600 мың теңге сомасында офистік үй-жайды жалға алу шығыстары көзделген.

Отырыс барысында сенаторлар: Сәрсенбай Еңсегеновтың - дизель жанармайы жағдайын тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы; Әли Бектаевтың - отбасы және отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі кешенді шараларды қабылдау қажеттілігі туралы; Әлімжан Құртаевтың - қоныс аудару бағдарламасын тиімді енгізу мақсатында елдің жұмыс күші артық аймақтарынан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарына ерікті көшіп келушілерге арналған әлеуметтік пакеттің тізімін кеңейтуге қатысты депутаттық сауалдары жария етілді.