Әлем • 10 Қараша, 2017

Қазақстан – Ресей: Өңіраралық әріптестіктің әлеуеті зор

366 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Челябі қаласында өткен XIV өңір­ара­лық ынтымақтастық форумына қатысты. 

Қазақстан – Ресей: Өңіраралық әріптестіктің әлеуеті зор

Форумға дейін Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Фе­дерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Мемлекеттер басшылары кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, оны әрі қарай дамытудың перс­пективаларын қарастырды.

«Біздің өңіраралық ынтымақ­тас­ты­ғымыз – қиындықтарға қарамастан ілге­рілеп келе жатқан экономикалық өзара іс-қимылымыздың негізі. Соңғы 9 ай­да елдеріміз арасындағы тауар айна­лымы 31 пайызға өсті. Біздің әр кезде­суіміз – жаңа белес, онда ауқымды міндет­тер шешіледі. Бүгінгі кездесуіміз де мем­ле­кеттеріміз арасындағы ынтымақ­тас­тықты одан әрі дамыту үшін маңызды рөл атқарады», деді Қазақстан Президенті.

Кездесуде президенттер бірқатар екі­жақты ынтымақтастық жа­йын талқы­лап, күн тәртібіндегі ха­лық­аралық мәсе­лелерге тоқталды.  

Екі ел басшылары кешкісін форумның қорытынды жиынына қатысып сөз сөй­леді. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезе­гінде бұл форум екіжақты қарым-қаты­нас­тардың маңызды бөлігіне айналғанын, және Қа­зақстан мен Ресей арасындағы ынты­­мақ­тастықтың көпірі болып табылатынын атап өтті.

«Биылғы форум адами капиталды дамытуға арналып отыр. Біз 2005 жылы осы қалада өткен II форумда мұн­дай жиынды жыл сайын өткізу тура­лы уағдаласқан едік», деді Қазақстан Пре­зиденті. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев талқыланатын тақырып екі мемлекеттің назарында болғанын және жылдам дамып келе жатқан технология­лар, оның ішінде цифрлы технологиялар ерекше маңызға ие екенін атап өтті. «Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай 60-қа жуық мамандық әртүрлі салаларда жоғалып кетеді екен, сонымен бірге 180 жаңа мамандық пайда болады. Алдағы 5 жылда жұмысқа қажетті білім мен дағдылардың үштен бірінен астамы өзгеретіні айтылған. Бұл маңызды міндет, оның шешімі біздің ынтымақтастығымыздың маңызды басымдықтарының бірі болуы тиіс», деді Мемлекет басшысы. Осыған бай­ланысты Қазақстан Президенті адами капиталдың барлық негізгі ком­поненттері бойынша жұмысты күшейту қа­жеттігін атап өтті. Ең алдымен, бі­лім беру, денсаулық сақтау, еңбек нары­ғын дамыту және әлеуметтік қорғау жүйесі сияқты маңызды мәселелерге басым­дық берілуі тиістігін тілге тиек етті. «Бүгінде 30-дан астам қазақстандық жоо ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді. Қазақстан мен Ресей ғалымдарының болашақ бағыттар бойынша ғылыми консорциумдарын құру мәселесін шешу ұсынылады. Атап айтқанда, био және ақпараттық тех­но­логиялар, энергетика, ғарыш және бас­қалар туралы», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Пре­зиденті Назарбаев Университет, Ин­но­вациялық техно­ло­гиялар паркі, «Скол­ково» ресейлік орталығы және басқа да ғылыми құрылым­дар сияқты инно­ва­циялық кластер­лердің әлеуетін пайда­лану мүмкін­дігіне назар аударды. Мем­лекет басшысы білім беру қызметтеріне деген сұра­ныс артып отырған еліміздің өңірлерін­де ресейлік жоғары оқу орындары­ның ашылу мүмкіндігін қарастыру қа­жет­тігін де атап көрсетті. «Біздің елдері­мізде халықаралық білім беру хаб­тарын қалыптастыруды дамыту ма­ңызды. Бұл үшін біз білім беру бағ­дар­ламалары, соның ішінде онлайн-білім беру курстары бойынша өзара бір­лескен іс-қимылда жұмыс істей аламыз», деген Қазақстан Президенті денсаулық сақтау саласын­дағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына да назар аударды. Ресейдегі ғылыми орталықтар мен клиникалардың әлеуетін ескере отырып, осы бағытта ынтымақтастық орнату маңызды. Атап айтқанда, инновациялық технологиялар трансферті және медицина саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажет. 

Сонымен қатар Қазақстан Президенті денсаулық сақтау саласын цифрландыру тұрғысында да тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл жұмыс ЕАЭО аясында басталды. Мен алдағы жылдың бірінші тоқсанында Астанада цифрландыру бойынша ЕурАзЭҚ форумын өткізуді ұсындым. Қазақстан мен Ресей осы саладағы негізгі локомотив болуы керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның тиімділігін арттыру үшін қызметкерлердің біліктілігі, білімі мен дағдылары бойынша талаптарды біріктіру қажет. «Біздің үкіметтеріміз осы жұмысты үйлестіру үшін шаралар қабылдауы керек», деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Қазақстан Президенті еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс туралы азаматтардың хабардар болуына жалпы еңбек нарығындағы еңбек мобильділігінің тәуелділігін атап өтті. «Біз бірыңғай интеграцияланған еуразиялық электронды еңбек биржасын құру мәселесін шешуіміз керек», деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев цифрландырудан басқа өңіраралық форум форматында талқыланбаған бірқатар тақырыптар бар екеніне назар аударды. Солардың бірі – туризм саласына баса назар 
аударды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы келесі өңіраралық форумның тақырыбын «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар» деп атауды және оны Петропавл қаласында алдағы жылы өткізуді ұсынды. 

«Біздің мемлекеттеріміз достық, тату көршілік, тең құқықтық және өзара сыйластық қағидаттарында дамуда. Мұн­­дай қағидаттарға адалдықтың ын­ты­­мақтастықты одан әрі де барлық салаларда нығайта түсуге жағдай жасайтынына сенімім мол», деп атап өтті өз кезе­гінде Ресей Президенті Владимир Пу­тин.

Сондай-ақ ол Астанада Сирия бойын­­ша халықаралық кездесулер өткі­зуге қосқан зор үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын жет­кізді. «Көп жағдайда Астанадағы келіс­сөздердің арқасында Сириядағы дағ­да­рыс­ты тезірек шешу, сириялықтармен рет­теудің саяси процесін іске қосуға қол жеткізу мүмкіндіктері пайда болды», деді Ресей басшысы. 

Өңіраралық ынтымақтастық барынша табысты дамуда және экономиканың, әлеуметтік саясаттың, гуманитарлық саланың ең бір кең ауқымды мәселелерін қамтуда. «Елдердің өңірлері арасындағы байланыстар арта түсті. Мәселен, биыл­дың өзінде ғана Ресей Федерациясы субъектілерінің жиырмадан астам делегациясы Қазақстанда болып қайтты», деп атап өтті В.Путин.

Сондай-ақ Ресей Президенті биылғы форумның өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды ны­ғай­туда, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лы­ғын, денсаулық сақтау және қор­­шаған ор­та­­ны қорғау саласын жаң­ғыр­­туда өңір­­ара­лық ынтымақтастықты жол­ға қою­ға жағдай жасайтынына сенім біл­дірді.

Жиында сондай-ақ Қазақстан тарабынан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов,  Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ресей Федерациясынан Білім және ғы­лым министрі Ольга Васильева, Челя­бі облысының губернаторы Борис Дуб­ровский, Омбы облысының губернаторы Александр Бурков баяндама жасап, форум шеңберінде атқарылған жұмыстар мен жиынның негізгі тақырыбы – адам капиталын дамыту бағытында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы жыл сайын екі елдің аумағында кезекпен өткізіліп келеді. Былтыр Қа­зақстан тарапы аталмыш форумды дәл осы қараша айында Астана қаласында өткізген болатын. Биыл форум Ресейдің Челябі қаласында «Адам капиталын дамыту» тақырыбымен өтіп отыр. Екі күнге ұласқан айтулы шараға Қазақстан тарапынан ауқымды делегация қатысып, аймақаралық мәселелерді кеңінен талқылады. 

Ресейдің Челябі облысы Қоста­най­мен бұрыннан стратегиялық сауда-әріптес болып саналады. Өткен жылы екі өңір ара­сын­дағы тауар айналымы 1412,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде им­порт – 637,6 млн, экспорт – 775 млн доллар. Білетініміздей, Челябідегі «Маг­нитогор» металлургия комбинаты да қашаннан Рудныйдағы кен алыбының темір рудасын пайдаланады, ал Қостанайдың «Баян сұлу» кондитер фабрикасының өнімі тек Челябі ғана емес, Ресейдің одан да басқа өңірлеріне жақсы таныс. Тіпті Тобыл бойында автомобиль өндірісі өріс ал­ған­нан бері Челябі облысынан алатын тауар түрі де артты. Бірақ нарықты кеңейту, даму үшін екі облысқа да саудамен ғана шектелу аздық етеді. Ең бас­ты­сы, бизнестің дамуы үшін көршілер қа­наттаса отырып кәсіпкерлерге қолайлы бо­латындай шараларды қолға алуы керек. Адами капиталды дамытып, бі­лікті кадрлар даярлау­да да ауқымды жұ­мыс атқарылуы тиіс. Ынтымақтастық форумында міне, осы мәселелер кеңінен талқыланды. 

Жиынның алғашқы күні екі елдің  жоғары оқу орындары ректорларының форумы ұйымдастырылды. Оңтүстік-Орал мем­лекеттік университеті мұрын­дық болған шарада ректорлар одағы мен кеңесі қызметінің маңыздылығы, олардың білім саласын дамытудағы рөлі айтылды. Инновациялық тәсіл­дер­ді қолдана отырып, ғылымды өр­кен­­дету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Ша­раға Қазақстанның Білім және ғылым министрі және ЖОО ректорлары қа­тысты. Ал форумның екінші күні негізгі та­қы­рыпқа арқау болған цифрландыру мәсе­лесіне арналған жиынға еліміз­дің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бастаған бір топ делегация қатысып, әріптестерімен пікір алмасты, салаға қатысты басым бағыт­тарды талқылады. Жалпы, форумға бар­лық облыстардың әкімдері, сондай-ақ ми­нистрлер қатысып, аймақаралық бір­қа­тар келісімдерге қол қойды. Ал екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей ара­­сын­дағы дипломатиялық қарым-қа­ты­нас­тардың 25 жылдығына орай Бір­лескен мәлімдемеге қол қойды. Осы­лайша, өңіраралық ынтымақтастық форумы нәтижесінде үкіметаралық 
8 ке­лі­сімге, өңірлер арасындағы 
30 шақты құжатқа қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Пре­зи­денті Владимир Путинмен бірге осы күні ХІV өңіраралық ынтымақтастық фо­­румы аясында адами капиталды дамы­ту тақырыбына арналған көрмеге бар­ды.

Мемлекеттер басшыларына Қа­зақ­стан мен Ресейдің білім беру жүйе­лері­нің экспозициялары көрсетілді.

Көрмеге Назарбаев Университет, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дер­­бес білім беру ұйымдары, «Білім-Ин­новация» халықаралық қоғам­дық қоры, «Bilim Media Group» жауап­кер­ші­лі­гі шектеулі серіктестігі, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­верситеті, Халықаралық ақпа­рат­тық технологиялар университеті, Алматы менеджмент университеті, Сүлей­мен Де­мирел атындағы университет, Қа­зақ­стан-Британ техникалық универси­теті, «Қаржы академиясы» акционерлік қоғамы сияқты Қазақстандағы білім беру мекемелерінің жобалары қойылған.


Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан» – 
Челябіден (Ресей)

Суреттер Президенттің баспасөз 
қызметінен алын