Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының өкілдері, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Тексеру барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешені қаралды. Облыс әкімдігі мен бейінді қызметтер санитарлық дайындық, қауіпсіздік шаралары, медициналық, құтқару мен құқық қорғау қызметтерінің жұмысы, сондай-ақ демалушыларға қолайлы жағдай жасау жөнінде баяндады.
Аида Балаева нысандардың толық дайындығын дәл қазірден бастап қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар халықпен уақытылы түсіндіру жұмысын жүргізудің, судағы қауіпсіздікті, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен бірге барлық жағажайлар мен демалыс аймақтары әкімдіктердің қарауында емес екені де арнайы айтылды. Осыған байланысты вице-премьер жекеменшік нысандардың иелері де тазалыққа, қоғамдық тәртіпке, инфрақұрылымның жай-күйіне, сондай-ақ ең алдымен адамдардың судағы қауіпсіздігіне толық жауапкершілікпен қарауға тиіс екенін айтты. Облыс әкімдігіне демалыс аймақтары иелерінің атына қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитарлық талаптарды сақтау мен жазғы маусым кезеңінде жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдар қамтылған тиісті хабарламалар әзірлеу тапсырылды.
Бұдан бөлек, Туризм және спорт министріне туристік нысандар иелері мен жеке компаниялардың қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуіне, қауіпсіздік талаптарын сақтауына, белгіленген нормаларды орындауына қатысты жауапкершілігін реттейтін құқықтық тетіктерді пысықтау жүктелді. Жекеменшік демалыс аймақтары азаматтар мен мемлекет алдындағы тиісті жауапкершіліксіз тек коммерциялық қызметпен шектелмеуге тиіс екені баса айтылды.
Премьер-министрдің орынбасары туристік аймақтарда жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындары мен өзге де сервистік нысандар қызметінің заңдылығын бақылау қажеттігіне де айрықша көңіл бөлді. Уәкілетті органдар еңбек заңнамасының сақталуын, қызметкерлермен, оның ішінде жұмысқа тартылатын жастармен, студенттермен жасалған еңбек шарттарының болуын, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын ұдайы тексеруі қажет. Азаматтардың құқықтары толық көлемде сақталуға тиіс. Бұл демалушылардың да, жергілікті тұрғындар мен қызметкерлердің де құқықтарына бірдей қатысты.
Сонымен қатар көлік логистикасы, автотұрақтардың жеткіліктілігі, жол қозғалысын ұйымдастыру, жаппай демалыс орындарындағы көлік ағынын реттеу мәселесі де көтерілді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуға қатаң әрекет ету қажеттігі де айтылды. Аида Балаева барлық белгіленген талаптар мүлтіксіз сақталуға тиіс екенін, ал құқық бұзушыларға қатысты шаралар уақтылы әрі заңнамаға сәйкес қабылдануы қажет екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» идеологиясы жай ұран болып қалмай, туристік нысандардың жай-күйінен көрініс табуы керек. Ол тазалықтан, тәртіптен, кеңістіктің түсінікті ұйымдастырылуынан, ортақ демалыс орнына деген құрметтен байқалуға тиіс. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты барлық қызметтің нақты әрі үйлесімді жұмысынан, қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіп нормаларын бұзғандарға қатысты шаралардың бұлтартпай қолданылуынан көрінуі қажет», деді А.Балаева.
Жұмыс сапарының қорытындысында Премьер-министрдің орынбасары аумақтардың санитарлық жағдайын күшейтуді, инфрақұрылым мен қауіпсіздік қызметтерінің дайындығын қамтамасыз етуді, халықпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ коммуналдық және жекеменшік демалыс нысандарына жүйелі бақылау орнатуды тапсырды. Сонымен бірге заңдылықтың сақталуына, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғалуына, меншік иелерінің қауіпсіздік, тәртіп пен көрсетілетін қызмет сапасы үшін жауапкершілігіне ерекше мән берілді.
Алматы облысы