Форумға дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Мемлекеттер басшылары кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, оны әрі қарай дамытудың перспективаларын қарастырды.
«Біздің өңіраралық ынтымақтастығымыз – қиындықтарға қарамастан ілгерілеп келе жатқан экономикалық өзара іс-қимылымыздың негізі. Соңғы 9 айда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 31 пайызға өсті. Біздің әр кездесуіміз – жаңа белес, онда ауқымды міндеттер шешіледі. Бүгінгі кездесуіміз де мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін маңызды рөл атқарады», деді Қазақстан Президенті.
Кездесуде президенттер бірқатар екіжақты ынтымақтастық жайын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерге тоқталды.
Екі ел басшылары кешкісін форумның қорытынды жиынына қатысып сөз сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде бұл форум екіжақты қарым-қатынастардың маңызды бөлігіне айналғанын, және Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың көпірі болып табылатынын атап өтті.
«Биылғы форум адами капиталды дамытуға арналып отыр. Біз 2005 жылы осы қалада өткен II форумда мұндай жиынды жыл сайын өткізу туралы уағдаласқан едік», деді Қазақстан Президенті. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев талқыланатын тақырып екі мемлекеттің назарында болғанын және жылдам дамып келе жатқан технологиялар, оның ішінде цифрлы технологиялар ерекше маңызға ие екенін атап өтті. «Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай 60-қа жуық мамандық әртүрлі салаларда жоғалып кетеді екен, сонымен бірге 180 жаңа мамандық пайда болады. Алдағы 5 жылда жұмысқа қажетті білім мен дағдылардың үштен бірінен астамы өзгеретіні айтылған. Бұл маңызды міндет, оның шешімі біздің ынтымақтастығымыздың маңызды басымдықтарының бірі болуы тиіс», деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Қазақстан Президенті адами капиталдың барлық негізгі компоненттері бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Ең алдымен, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығын дамыту және әлеуметтік қорғау жүйесі сияқты маңызды мәселелерге басымдық берілуі тиістігін тілге тиек етті. «Бүгінде 30-дан астам қазақстандық жоо ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді. Қазақстан мен Ресей ғалымдарының болашақ бағыттар бойынша ғылыми консорциумдарын құру мәселесін шешу ұсынылады. Атап айтқанда, био және ақпараттық технологиялар, энергетика, ғарыш және басқалар туралы», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Назарбаев Университет, Инновациялық технологиялар паркі, «Сколково» ресейлік орталығы және басқа да ғылыми құрылымдар сияқты инновациялық кластерлердің әлеуетін пайдалану мүмкіндігіне назар аударды. Мемлекет басшысы білім беру қызметтеріне деген сұраныс артып отырған еліміздің өңірлерінде ресейлік жоғары оқу орындарының ашылу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін де атап көрсетті. «Біздің елдерімізде халықаралық білім беру хабтарын қалыптастыруды дамыту маңызды. Бұл үшін біз білім беру бағдарламалары, соның ішінде онлайн-білім беру курстары бойынша өзара бірлескен іс-қимылда жұмыс істей аламыз», деген Қазақстан Президенті денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына да назар аударды. Ресейдегі ғылыми орталықтар мен клиникалардың әлеуетін ескере отырып, осы бағытта ынтымақтастық орнату маңызды. Атап айтқанда, инновациялық технологиялар трансферті және медицина саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажет.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті денсаулық сақтау саласын цифрландыру тұрғысында да тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл жұмыс ЕАЭО аясында басталды. Мен алдағы жылдың бірінші тоқсанында Астанада цифрландыру бойынша ЕурАзЭҚ форумын өткізуді ұсындым. Қазақстан мен Ресей осы саладағы негізгі локомотив болуы керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның тиімділігін арттыру үшін қызметкерлердің біліктілігі, білімі мен дағдылары бойынша талаптарды біріктіру қажет. «Біздің үкіметтеріміз осы жұмысты үйлестіру үшін шаралар қабылдауы керек», деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Қазақстан Президенті еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс туралы азаматтардың хабардар болуына жалпы еңбек нарығындағы еңбек мобильділігінің тәуелділігін атап өтті. «Біз бірыңғай интеграцияланған еуразиялық электронды еңбек биржасын құру мәселесін шешуіміз керек», деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев цифрландырудан басқа өңіраралық форум форматында талқыланбаған бірқатар тақырыптар бар екеніне назар аударды. Солардың бірі – туризм саласына баса назар
аударды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы келесі өңіраралық форумның тақырыбын «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар» деп атауды және оны Петропавл қаласында алдағы жылы өткізуді ұсынды.
«Біздің мемлекеттеріміз достық, тату көршілік, тең құқықтық және өзара сыйластық қағидаттарында дамуда. Мұндай қағидаттарға адалдықтың ынтымақтастықты одан әрі де барлық салаларда нығайта түсуге жағдай жасайтынына сенімім мол», деп атап өтті өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин.
Сондай-ақ ол Астанада Сирия бойынша халықаралық кездесулер өткізуге қосқан зор үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын жеткізді. «Көп жағдайда Астанадағы келіссөздердің арқасында Сириядағы дағдарысты тезірек шешу, сириялықтармен реттеудің саяси процесін іске қосуға қол жеткізу мүмкіндіктері пайда болды», деді Ресей басшысы.
Өңіраралық ынтымақтастық барынша табысты дамуда және экономиканың, әлеуметтік саясаттың, гуманитарлық саланың ең бір кең ауқымды мәселелерін қамтуда. «Елдердің өңірлері арасындағы байланыстар арта түсті. Мәселен, биылдың өзінде ғана Ресей Федерациясы субъектілерінің жиырмадан астам делегациясы Қазақстанда болып қайтты», деп атап өтті В.Путин.
Сондай-ақ Ресей Президенті биылғы форумның өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайтуда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау саласын жаңғыртуда өңіраралық ынтымақтастықты жолға қоюға жағдай жасайтынына сенім білдірді.
Жиында сондай-ақ Қазақстан тарабынан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ресей Федерациясынан Білім және ғылым министрі Ольга Васильева, Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский, Омбы облысының губернаторы Александр Бурков баяндама жасап, форум шеңберінде атқарылған жұмыстар мен жиынның негізгі тақырыбы – адам капиталын дамыту бағытында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы жыл сайын екі елдің аумағында кезекпен өткізіліп келеді. Былтыр Қазақстан тарапы аталмыш форумды дәл осы қараша айында Астана қаласында өткізген болатын. Биыл форум Ресейдің Челябі қаласында «Адам капиталын дамыту» тақырыбымен өтіп отыр. Екі күнге ұласқан айтулы шараға Қазақстан тарапынан ауқымды делегация қатысып, аймақаралық мәселелерді кеңінен талқылады.
Ресейдің Челябі облысы Қостанаймен бұрыннан стратегиялық сауда-әріптес болып саналады. Өткен жылы екі өңір арасындағы тауар айналымы 1412,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде импорт – 637,6 млн, экспорт – 775 млн доллар. Білетініміздей, Челябідегі «Магнитогор» металлургия комбинаты да қашаннан Рудныйдағы кен алыбының темір рудасын пайдаланады, ал Қостанайдың «Баян сұлу» кондитер фабрикасының өнімі тек Челябі ғана емес, Ресейдің одан да басқа өңірлеріне жақсы таныс. Тіпті Тобыл бойында автомобиль өндірісі өріс алғаннан бері Челябі облысынан алатын тауар түрі де артты. Бірақ нарықты кеңейту, даму үшін екі облысқа да саудамен ғана шектелу аздық етеді. Ең бастысы, бизнестің дамуы үшін көршілер қанаттаса отырып кәсіпкерлерге қолайлы болатындай шараларды қолға алуы керек. Адами капиталды дамытып, білікті кадрлар даярлауда да ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс. Ынтымақтастық форумында міне, осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Жиынның алғашқы күні екі елдің жоғары оқу орындары ректорларының форумы ұйымдастырылды. Оңтүстік-Орал мемлекеттік университеті мұрындық болған шарада ректорлар одағы мен кеңесі қызметінің маңыздылығы, олардың білім саласын дамытудағы рөлі айтылды. Инновациялық тәсілдерді қолдана отырып, ғылымды өркендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Шараға Қазақстанның Білім және ғылым министрі және ЖОО ректорлары қатысты. Ал форумның екінші күні негізгі тақырыпқа арқау болған цифрландыру мәселесіне арналған жиынға еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бастаған бір топ делегация қатысып, әріптестерімен пікір алмасты, салаға қатысты басым бағыттарды талқылады. Жалпы, форумға барлық облыстардың әкімдері, сондай-ақ министрлер қатысып, аймақаралық бірқатар келісімдерге қол қойды. Ал екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Осылайша, өңіраралық ынтымақтастық форумы нәтижесінде үкіметаралық
8 келісімге, өңірлер арасындағы
30 шақты құжатқа қол қойылды.
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге осы күні ХІV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында адами капиталды дамыту тақырыбына арналған көрмеге барды.
Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Ресейдің білім беру жүйелерінің экспозициялары көрсетілді.
Көрмеге Назарбаев Университет, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры, «Bilim Media Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Алматы менеджмент университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақстан-Британ техникалық университеті, «Қаржы академиясы» акционерлік қоғамы сияқты Қазақстандағы білім беру мекемелерінің жобалары қойылған.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан» –
Челябіден (Ресей)
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алын