«Негізі капиталға инвестиция 12,8 пайызға өсіп, 400,5 млрд теңгені құрады. Мұнда жеке инвестиция көлемі – 80 пайыз. Сыртқы инвестициялар 23,5 пайызға артты. Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар экономиканың өсуіне зор ықпал етті. Соның арқасында тұрғын үй құрылысы төрт есе өсті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,8 мың пәтер салынды, осы бағдарлама негізінде биыл 4,5 мың пәтер пайдалануға беріледі және қолжетімді баспана көлемі 1,5 есеге артты. Жеке құрылыс та қарқын алуда, екі жыл ішінде Қала құрылысы кеңесі жалпы құны 1 трлн теңге болатын 82 жобаны бекітті», деді Б.Байбек.
Өңір басшысының айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда қаланы абаттандыруға 2,3 есе, жол салуға 1,3 есе, инженерлік желілерге 1,3 есе көп қаржы бөлінген. Нақтылы шаралардың арқасында қосымша 43 мың жаңа жұмыс орны ашылған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп.
«Біздің басты міндетіміз – қалада жайлы орта қалыптастыру. Биыл жүйелі жаңғырту жұмыстарын қолға алдық, бүгінгі күні батыстық стандарт бойынша қаланың тарихи орталығының үштен бірі қайта жасалды. Қалалықтардың орасан қолдауы арқасында бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Райымбек, Достық, Абай даңғылдары мен Есентай өзенінің бойы, яғни тарихи орталықтың тағы да 178 га жері жаңғыртылады. Бұл шара қалаға бірыңғай архитектуралық келбет беру үшін жүргізілуде. Біз жаяу жүргіншілер үшін сапалы инфрақұрылым жасаудамыз әрі заңсыз конструкциялар, визуалды көріністер алынып тасталуда. Шындыққа жүгінсек, «келеңсіз экономикамен» күрес жүруде», деді мегаполис басшысы.
Сонымен қатар ол «Қоршаусыз қала» бағдарламасы бойынша 100 км қоршау алынғанын, олардың орнына жасыл желектер отырғызылғанын және 28 км арық жөндеуден өткенін жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп, келер жылы 30 км арық жөндеу жоспарланғанын да айта кеткен жөн. Қала басшысының сөзіне сүйенсек, қалада соңғы екі жылда 732 аула алаңдары абаттандырылған. «Бұл жұмыс одан әрі жалғасады.
«Менің ауламдағы спорт» әлеуметтік бағдарламасы аясында 6 мың бала 75 аулалық спорт алаңдарында шынығуда. Егер бұрынғы жылдары 180 лифт пен 229 көппәтерлі тұрғын үйлер ғана жөнделсе, ал биыл 199 лифт, 151 үй жаңарды» деді Бауыржан Байбек.
Адам өмірінің арашасы атанған денсаулық сақтау саласы мамандарының да қызметі қызу, қарқыны қарыштап дамуда. Қаладағы адамдардың өмір сүру ұзақтығы 75,9 жас, бұл – еліміздегі ең үздік көрсеткіш. Биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 9,2 пайызға артқан. Балалар өлімі 2,5 есе азайып, туберкулез сырқатына шалдыққандарды амбулаториялық емдеу 2 есе өскен, осы сырқаттан қайтыс болғандар қатары 36 пайызға төмендегенін де айта кеткен абзал. Б.Байбек 2,5 млрд теңгенің медициналық жабдықтары алынғанын, жедел жәрдем паркі 25 пайызға жаңарғанын, 40 жаңа заманауи көлік алынғанын айтып өтті.
Білім саласында да бірқатар шаруалар атқарылғанын басшының баяндамасынан аңғардық. Оның сөзінше қала мектептерінің физика, химия, биология, лингафон кабинеттері заманауи құралдармен 100 пайыз жабдықталған. Мектептердің барлығы кең жолақты интернетпен толық қамтылған.
«Бүгінгі күні қала тұрғындарының басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар, еліміздің әрбір 3-ші студенті Алматыда оқиды, сондықтан 2020 жылға дейінгі жастардың қалалық жол картасы жасалды. Сырттан келген жастарды іскерлікке, ерікті болуға және басқа да кәсіптерге баулитын Лофт-орталық ашылды. Қазірдің өзінде 7,8 мың адам жұмысқа тұрды. 2,5 мың адамға тегін кәсіби білім берілуде. Қалада «Алматы жастары» атты жастардың тұрғын үй бағдарламасы қолға алынды, мұнда 35 жасқа дейінгі жастар жеке пәтер алу үшін жеңілдетілген заем ала алады. «Алматы» ҰК ӘКК» АҚ жастар үшін жатақхана салатын болады. Биыл біз «Рухани жаңғыру» жобасы аясында 2000 орынды 4 жатақхана саламыз. Келер жылы 2,4 мың орынды тағы да 2 жатақхана құрылысы басталады», деді ол.
Қала басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға айрықша назар аударылғанын да тілге тиек етіп, бүгінгі күні құны 87 млрд теңгеден астам қаржыға 125 жоба қолға алынғанын алға тартты. Оның сөзінше «Туған жер» жобасына кәсіпкерлер белсенді түрде араласып, әлеуметтік нысандар салуда. Соның негізінде жеке қаржы есебінен Наурызбай ауданында 500 адамға арналған емхана, 1,2 мың орындық мектеп салынғанын, Алатау ауданында жеңіл атлетика стадионы іске қосылғанын айта кетсек дейміз. Болашақта халықаралық деңгейдегі баққа айналатын Алматының Ботаникалық бағын жаңғырту жобасы қолға алынбақшы.
Жиын соңында Бауыржан Байбек журналистердің қойған сан түрлі сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»