Институттың балалар бөлімшесінің офтальмологтары және резидент-офтальмологтар 7 мен 17 жас аралығындағы 200-ден аса оқушының көзін тексеріп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бірнеше аптаға созылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде мектеп тарихында алғаш рет балалардың жасы, диагнозы, жүргізілген операциялар саны, қосалқы аурулары және әрі қарай не істеу керектігі жазылған электронды база жасақталды. Тексеріс барысында балалар арасында алдағы уақытта көзге рефракциялық түзету жүргізу мақсатында Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында лазерлік және хирургиялық емдеуді қажет ететін 120 жағдай анықталды.
Бұл мектеп 1932 жылы Алматы қалалық халық комиссариатының шешімімен ашылып, 1957 жылы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған оқу орнына Николай Островскийдің аты берілді. 1971 жылы мектеп қазіргі ғимаратына көшіп келді. Алматы қаласындағы көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін балаларды оқытатын бірден-бір арнайы оқу орнында ұзақ жыл бойы орта білімді медициналық қызметкерлерден бөлек, офтальмолог дәрігерлер жұмыс істеп келген еді. Алайда соңғы жылдары елімізде тұрған жеріне байланысты емделу мүмкіндігі туындады деген сылтаумен офтальмологтың орны қысқарып, «ерекше» балалар дәрігерлер тарапынан жүргізілетін қажетті кәсіби бақылаудан айырылып қалды.
Қазіргі таңда оқу орнында 32 сынып бар. Онда 221 бала білім алады және сыныптардың 11-інде қазақ тілінде сабақ өткізіледі. Мектепте заманауи техникамен жабдықталған, интерактивті тақталар орнатылған 15 кабинет, 2 компьютерлік сынып, үш шеберхана, спорттық зал, кітапхана, оқу және ойын залы жұмыс істеп тұр.
Халықаралық «Ақ таяқ» күні 1970 жылы 15 қазанда халықаралық зағиптар федерациясының қолдауымен бекітілген. Ақ таяқ – зағип жанның нышаны – қоғамдағы дені сау адамдарға ортамызда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүріп жатқанын, оларға біздің тарапымыздан көмек керек екенін еске салатын қасіреттің белгісі. Ақ таяқтың тарихы сонау 1921 жылдан басталады. Сол жылы көру қабілетінен айырылған ағылшын Джеймс Бигс көшедегі кәдімгі таяқ ұстаушылардан ерекшеленіп көріну үшін қолына ұстайтын таяғын ақ түске боятып алады. Сонымен бірге өзі сияқты зағип жандарға таяқтарын ақ түске бояуға кеңес береді. Содан он жыл өткеннен кейін ғана Англия үкіметі көзі көрмейтін жандарды ақ таяқпен қамтамасыз ете бастайды. Кейіннен ақ таяқ Францияға жетеді. Ал бүгінде ақ түсті таяқ әлем бойынша зағип жандардың белгісі болып есептеледі.
«Ақ таяқ» күні – жарық дүниені емін-еркін көре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамның назарын аударып, оларға қолымыздан келгенше жәрдем беріп, жанашырлықты сездіріп, болашаққа үміті мен сенімін нығайтып, жақсылыққа жетелеудің бір мүмкіндігі. Күн сайын таңның атқаны мен күннің батқанын тамашалай алатын жандарды күн сәулесін көруді аңсайтын зағип бүлдіршіндерге қол ұшын беруге шақыру. Өйткені мұндай балалар біздің қамқорлығымыз бен көмегімізге мұқтаж.
Мақсат РАМАЗАНҰЛЫ,
журналист
АЛМАТЫ