Руханият • 10 Қараша, 2017

Алдыңда айбарыңдай ағаң тұрса

402 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір қоғамды көп жамандаймыз. Әсіре­се адамдарда бауыр­мал­дық азайды, жұрт қатыгез болып барады дегенді жиі айтамыз. Бұл пікірмен келіскің де келеді, кейде келіспей­сің де. Қазір жұрттың көзі жақсылықтан гөрі жа­мандыққа көбірек түседі. Әйтпесе бауыры үшін жанын берер азамат аз ба? Бәлкім, азайса азайған шығар, бірақ алдымен соларды көрейік те. 

Алдыңда айбарыңдай ағаң тұрса

Жан-жағымызға зер салып қарайықшы, қазақтың көп үйінде ата-ананың қасында бір бала қалып, басқаларының аяқтарынан тұрып кетуіне қолқабысын тигізіп жататыны жиі кездеседі. Әдетте мұн­дай үлес балалардың үл­кеніне тиеді. Ал мәнейі себеп­пен ата-ана­ның балаларын оқы­тып-жетіл­діруіне мұршасы кел­мей­тін­дей жағдай туса (өлім-жітім, ауру-сырқау деген бар), баланың үлкені бұл борышты өз мойнына алады. 

Бұл халқымыздың ең қас­терлі қасиеттерінің бірі. Бәл­кім, кейбір халықта бұл кемшін соғып жатар. Тіпті бір елдерде кәмелетке толдың ба, өз күніңді өзің көр деп, ата-ана өз баласын үйінен шығарып та жіберетін көрінеді. Ата-ана емес-ау, қазақта ағасы інісіне жөніңді тап деп айта алар ма?

Айтатын біреулер табылса, оны жалпы сипат демей, жарылған жұмыртқа санасақ жөн шығар. Бауырмалдық, туыстың туысқа қамқорлығы қоғамдық қарым-қатынасқа ықпал ететін, белгілі дәрежеде оның сипатын қалыптастыруға ықпал ететін қасиет. Содан да оған жете мән берсек жөн. 

Бауырмалдылықты көпші­лігі­міз өз өмірімізден де, жақын араласатын адамдар өмірі­нен де көріп жүрміз ғой. Көбі­не аға­сы өзінен кішілерге қам­қор­­лық жасайды. Өзіміз де сөй­­тіп оқыдық, жолымызды тап­­тық. Қызметімізге орай ел ар­а­лағанда, басқалардың өмір жолын зерттегенде, соған үне­мі кезігеміз. Қаншама өнеге­лі өмірдің бастауында сол бауыр­малдық дейтін қастерлі қасиет­тің шапағаты жатады. Оған әркім-ақ талай мысал келтіре алатынына күмәнсіз сенемін. Менің де көңіліме ондаған емес, жүздеген мысал оралады. 

Өткен ғасырдың сонау 60-жыл­дарының басында Семей өңіріндегі (ол кезде облыс) Абай ауданының Қарауыл ауы­лында Жанболатовтар отбасымен араластым. Онда үйел­мелі-сүйелмелі төрт аза­мат өсіп-жетіліп жатты. Үл­кені Молдабек (Молдаш аға) сонда бастауыш мектептің мұға­лімі, содан соң Комсомол ауко­мының хатшысы болды, екіншісі – Мейрамбек ҚазМУ-ды жаңа бітірген журналист, менің құрдасым,олардан кейінгі Болат пен Мұрат әлі мектеп оқушылары еді. Олар ауылға ғана емес, бүкіл ауданға өнеге болды. Шеттерінен өнерпаз, белсенді жандар. Барлығы да жиырманың ортасына енді жеткен Молдабекке аға деп арқа сүйейді. Ең алдымен жұртты сүйсіндіргені – олардың бір-біріне бауырмалдығы. Сол бауыр­малдық арқасында олар об­лысқа аттары белгілі азамат­тарға айналды. Молдабек пен Мейрамбек бір мезгілде екі ауданда идеология жұмыстары­на басшылық етті. Өнегелі ұр­пақ өсірді. Қазір жұртқа белгі­лі журналист, сазгер,  қоғам қайраткері Серік Жанболат та сол тұста Мейрамбектің отбасында дүниеге келген. Молдабек аға қазір  облысқа ғана емес, республикаға танымал этнограф, шежіре­ші. Оның «Тобықты-Шыңғыс­тау шежіресі» атты энциклопе­дия­лық деңгейдегі көптомдық кітаптары айрықша ғылыми құндылығымен ерекшеленеді. Мейрамбек сазгер, ақын ретінде танылған.

Журналистігі өз алдына. Біршама өмірден ертерек озса да, сол қабілеттерін Серік­ке дарытып үлгерді. Ал белгілі мүсіншіге айналған Мұраттың апаттан қаза тапқаны көп арманды өзімен ала кетті.

Мұндағы айтпағымыз – бауырмалдық деген халқы­мызға тән ұлы қасиетке бас ию. Сол қасиеттің құдыреті болмаса, бұл отбасынан шыққан бір шоғыр қайраткерлердің дүниеге келуі күмән екені өз алдына, жай қатарға қосылуы екіталай еді-ау дейсің.

Бауырмалдық туралы сөз болғанда, белгілі қайраткер азамат Оразай Батырбеков ойыма бірден оралады. Ол ұзақ жылдар Қазақстан Компартиясы ОК-нің ұйымдастыру бөлімі­нің меңгерушісі, сол ОК жа­нын­дағы Жоғарғы партия мектебінің ректоры болды. Сөзін ел тыңдаған, жұмысын жұрт бағалаған азамат еді. Жетім баланы соған жеткізген әпкесі Қатира апай болды. Өнерде орны бар, дарынды адам еді. Қазрадиода диктор, драма театрында белгілі актриса болды. КСРО халық әртісі Сәбира Майқановамен біре жүрді. Соғыстың қиын-қыстау кезінде бауыры Оразайды оқытып-өсіру үшін соның бәрін тастап, ет комбинатына жұмысқа кірді. Сыр бөлісер құрбысы Сәбира театрдан кетпе деп жалынғанда, «әртістің тиын-тебенімен інімді қайтіп жеткіземін» деп уәж айтқан. Сөйтіп інісін оқытты, жеткізді. Оразай Шәмшиябануға үйлен­генде, Қаныш Сәтбаевтай кемеңгердің қасында құдағи болып отырды. Қанекең құда­ғиына ерекше ықылас білдіріп, сыйлап өткен. 

Мұндай мысалдарды көп­теп келтіруге болады. Сірә, қай-қайсымыз да мысал табатын шығармыз. Бауырмалдық деген халқымыздың ұлы қасие­ті, талайлардан ерекше­лейтін де қасиеті. Ол халқымыздың басына түскен талай қиын­шы­лық­ты, талай сында береке­міз­дің берік негізі де болды. Соның арқасында талай ала­са­пыранда бір-бірімізге сүйеу болып, аман қалдық. Сол қа­сиетімізден айрылмасақ екен, жастарымыздың бойына сіңірсек, алда да талай қиын­дықты жеңер едік, ұлтымыздың мерейі асар еді-ау дейсің.

Бұл үшін не істеу керек деген­де айтар ой да көп, бәрін тізіп шығу да қиын. Жалпылай айтар болсақ, сол ұлттың ұлы қа­сиетін қастерлейік, қатыгез­дікті қатал айыптайық, жас ұрпақтың бойына сіңірейік дегенге тоқтаймыз-ау. Сол қасиет дәл бүгін біздің қоғамымызға ерекше керек-ақ. 

Мамадияр ЖАҚЫП, 
Қазақстанның құрметті журналисі