Футбол • 10 Қараша, 2017

Қарсылас таппай қиналды

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биыл жанкүйерлерін қуанта алмады. Еліміздің басты командасы іріктеу турнирін өте сүреңсіз өткізді. Алты команданың ішінде 6-орын алды. Александр Бородюк баптайтын құрамамыз 2017 жылды қандай нәтижемен қорытындылайтыны белгілі. Енді ФИФА жолдастық кездесулерге белгіленген мерзімде ойын өткізуге қарсылас таппай отыр.  

Қарсылас таппай қиналды

Биыл 7 ойын өткізген құра­мамыз 6 ойында жеңіліп, тек бір ғана матчта тең түсті. Қақ­памызға 18 гол соғып, өзіміз қар­сылас қақпасын небәрі 4 рет дәл көздеппіз. Оның екеуін соңғы екі ойында «Қайраттың» қосал­қы командасында ойнайтын Бауыржан Тұрысбек соқты. Ал жалпы мұндай төмен көрсеткіш тек  2008 жылы тіркелген еді. Сол бір сәтcіз өткен жылда Қазақстан 8 ойында жеңіліс тапты. Міне, содан бері сегіз жыл бойы мұндай құлдырау болмаған. Бұл енді буын алмасудың кесірі ме, жоқ әлде бапкердің нашарлығынан ба? 

Бапкер демекші құрама тізгінін ұстаған Александр Бородюктің әлі 2 жылдық келі­сім­­­шарты бар. Яғни құра­маны тағы бір іріктеу циклін­де жат­­тықтыруы ғажап емес. Алай­­да биылғы төмен көрсет­кіш­тен кейін Қазақстан футбол феде­рациясының басшылары бап­керді ауыстырады деп күткен едік.

Жалпы, Қазақстанға келгелі бері бір оң нәтиже көрсетпеген ресейлік маманды елімізде де ұстап тұрған нендей күш екенін айту қиын. «Қайрат» коман­дасының бапкері болысымен алғашқы 4 турда бірде-бір жеңіс­ке жетпеген маман, орнынан ерте бастан қуылған болатын. Бірақ, сонда да Қазақстан футбол федерациясы Бородюкті бас бапкер етіп тағайындады. Гус Хиддинк пен Дик Адвокатқа көмекші болғанынан басқа жеке-дара өзі көріне алмаған маман­ға қарағанда елімізде жібі түзу бірнеше білікті бапкер бар еді. 

2018 жылғы әлем чем­пио­натының іріктеуін өте нашар өткізген соң, құрамамыз келесі жолы мұн­дай олқылықты қайталамау үшін іске кірісер деп шештік. ФИФА жолдастық кездесулерге белгілеген арнайы күнді құра­мамыз барынша пайдаланып қалуы тиіс еді. Алайда жолдастық кездесу өткізетін қарсылас таппай дал болып қалды. Шынын айту керек, біздің құрамамен ешкім ойнағысы келмейтіндей көріне­ді. Алғашқыда Ресеймен жолдас­тық кездесу өткізетін Аргентина құрамасын шақыруымыз мүм­кін делінді. Сөйтсек Аргентина 14 қараша күні Ресей жерінде Нигериямен кездесуді жоспарлап қойыпты. Иә, құрамында Месси, Игуаин, Дибала секілді жұлдыздар ойнайтын Аргентина бізді неғылсын. Үнемі қарсы­лас таппай қалғанда Қырғызстан құрамасын шақыртатынбыз. Соңғы жолдастық кездесуде Қырғызстаннан жеңіліп, Бішкектен масқарамыз шығып қайтқаннан кейін Қазақстан футбол федерациясы ол елдің құрамасымен ойнауды тиімсіз деп санады. Расымен де, Азия құрлығының ортаңқолы саналатын Қырғызстаннан жеңілгеніміз күллі қазақ жанкүйерінің шамына тиді. Осыдан соң, барлық жағдайды саралай келе, Қазақстан ұлттық құрамасы Талғардағы базада оқу-жаттығу жиындарын өткізетін болды. Екі бірдей жолдастық кездесуді де ұйым­дастырды. Қарсылас – Қазақстан жастар құрамасы. Күлетін жағдай емес, әрине. Қазақстан жастар құрамасы талантты жастарға бай. Тіпті, басты командаға қарсылас бола алады. 

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»