Көрнекті композитор көзі тірісінде ұлттық музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазаққа аса қадірлі текті әулетте дүниеге келген дүлдүл өнерпаз артында мол мәдени мұра қалдырды. Әртүрлі жанрда өнімді еңбек етіп, халқының құрметіне бөленеді. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры ретінде талантты шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстан Композиторлар одағын басқарды.
Кезінде Мәскеуде Родион Шедрин, Андрей Эшпай, Александра Пахмутова секілді атақты сазгерлермен бірге оқып, біте қайнасқан біртуар тұлғаның шалқар шабытынан туған опералар, балеттер, симфониялар, ораториялар, романстар, әндер талғамы жоғары тыңдарманның көңілінен ойып орын алғаны анық.
Осы кеште оның бірқатар сүбелі шығармалары орындалып, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.
– Концерттік бағдарламаға, сондай-ақ әлемдік классиканың жауһарлары да енгізілді. Бұлардың барлығы Ғазиза Ахметқызы сынды аяулы жанның рухын асқақтатуға әбден лайық дүниелер екені талассыз. Жастайымыздан жан-дүниемізді әсем әуендерімен тербеген ұлы музыканттың құрметіне арналған керемет кеште ішекті аспаптар квартетіне арнап жазған шығармасын ерекше құлшыныспен орындап шықтық. Бұған дейін бірінші және екінші скрипкада ойнасам, бұл жолы қолыма альтті алуға тура келді, –деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов.
Концертке сонымен қатар халықаралық байқаулардың лауреаттары атанған скрипкашылар Айсұлу Байкенова мен Евгения Құрманаева және фортепианошы Анар Камелинова қатысып, сахна сәнін келтірді.
Талғат САДЫҚҰЛЫ