Аймақтар • 10 Қараша, 2017

Алматыда «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме ашылды

644 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде  «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы өз жұмысын бастады.

Алматыда «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме ашылды

Ел астанасын Алматыдан арқа төріне көшірген 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және Музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы жұртшылығының назарына ұсынылып отыр. Бірер айға созылатын айтулы жобаның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбек, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған бірқатар құрылымдардың басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жоба аясында көрермен назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларының материалдары ұсынылмақ. Олардың қатарында шет мемлекет және үкімет басшыларының Елбасына тарту еткен жоғары мемлекеттік наградалары, Қасиетті Құранның бірегей жинақтары мен танымал тұлғалардың сыйлаған қолтаңбалық кітаптары, сондай-ақ  Н. Ә. Назарбаевтың әлем тілдеріне аударылған еңбектері бар.

– Бұл маңызы зор жобаны Алматыда бастауымыздың өзіндік себептері бар. Алматы әлемге әйгілі мәдениет пен өнердің орталығы. Тәуелсіздігіміз де ең алғаш осы Алматыда жарияланған болатын. Сондықтан, Алматы барша Қазақстандықтар үшін ерекше ыстық бәріміздің жүрегімізге жақын қала болып саналады.  Бұл жоба Алматының мәдени және рухани өміріндегі аса бір елеулі оқиға болады деп үміттенеміз. Көрменің аясында біз көптеген семинарлар, конференциялар, кездесулер өткізетін боламыз. Барлық Алматылықтар мен қала қонақтарын тарихи маңызы зор, мәні терең көрмені тамашалап көзайым болуға шақырамыз. Көрменің негізгі мақсаты – Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету, – деді көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Махмұт Қасымбек.

Көрменің барлық жұмыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары тақырыптық және шолу экскурсияларын тыңдап, Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен жан-жақты таныса алады. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше көрме жұмысы негізгі төрт бөлімнен тұрады.  «Көшбасшы жолы» бөлімі  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертіп, Ұлттық Көшбасшының жолы рухани сананың дәуірі мен шығуы мазмұнын білдіретін тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі.

«Көшбасшы феномені» бөлімінде жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан.

«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Көшбасшының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесін тану белгісі ретінде ұсынылған Елбасының жоғары мемлекеттік наградалары баяндалған.

Ал, «Әлем қадірлеген Елбасы» бөлімінде еліміздің қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткердің биік беделін танытады. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық сыйлықтар, жеке жазбалар, мұрағаттық материалдар арқылы көрініс тапқан.

– Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі Алматыда бастау алған бұл шараның маңызы зор. Мемлекет басшысы халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған еркіндігінің есігін ашты. Тарих үшін өте қысқа мерзімде ел экономикасын қарыштап дамытып ішкі және сыртқы саясаттың қуатын әлемдік деңгейге көтерді. Қазіргі уақытта еліміз әлем мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналды.  Елбасымыздың бастамасымен ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен өнерімізді, әдебиетімізді,  бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымызды жаңғыртуды бастадық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  тек еліміздің ғана емес, шетелдік сарапшылар мен халықаралық ұйымдар тарапынан да жоғары бағаға ие болғанын көріп отырмыз. Сондықтан бүгінгі жобаның келер ұрпақтың кемел келешегі үшін, еліміз үшін берері көп – дейді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлы.

Экскурсиялар балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер іспетті түрлі жас санатындағы аудитория мүшелеріне арналған. Осылайша, Алматы жұртшылығы алдағы күндері тарихи маңызы зор көрмедегі құнды жәдігерлерді өз көзімен көріп тамашалай алады.

Еске салсақ, 2016 жылы Қазақстанның қазіргі тарихындағы ерекше орталық – Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті Музейі Кітапханаға қосылған болатын. Елбасы кітапханасы ұлттық мәдени-тарихи мұрамызды құрайтын заманауи электрондық-мұрағаттық инфроқұрылымға және ерекше ақпараттық ресурстарға ие.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ