Медицина • 13 Қараша, 2017

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе

Мен жуырда Премьер-Ми­нистр Бақытжан Сағынтаев­тың атына депутаттық сауал жол­дап, Үкімет басшысының наза­рын азаматтық және басқа да авиа­ция түрлерінде бүгінгі таңда қалыптасып отырған сын көтермес жағдайларға аудардым. Соңғы кездердегі адам шығындары болған авиациялық апаттардың себебін саралау барысында ұшу қауіпсіздігінің дең­гейін қамтамасыз етуде біз­де тиімсіз жүйенің қалып­тас­қан­дығы белгілі болып отыр. Барлық елдердің тәжірибесіне қара­ғанда, ұшу қауіпсіздігін қам­тама­сыз ететін сертификаттау, бақы­лау (қадағалау мен инс­пекция­лау) және тексеру сияқ­ты мемлекеттік функциялар бір ведомствоның қолына берілуі дұрыс емес деп саналған. Өйткені мұндай жағдайда қабылданатын шешімдер мен шаралар біржақ­ты­лыққа ұрынып, соның сал­дары­нан ұшу қауіпсіздігін қамтама­сыз ету деңгейі төмендейді. Ал біз­де нақ осы шаралар бір ве­домствоның қолына тұтасымен бе­ріл­ген. Азаматтық авиация­да бар­лық сертификаттау, ұшу­дың қауіпсіздігін қадағалау мен бақылау қызметтерінің бәрі Инвестициялар және даму ми­нистрлігінің (ИДМ) Аза­мат­­тық авиация комитетіне (ААК) берілген. Сөйтіп бір ведомство (сайып келгенде бәрін жасай­тын бір адамдар) әрі сертификат бере­ді, әрі өз жұмыстарына өзі қадаға­лау мен бақылау жүргізеді. Ол ол ма, аталған мем­лекеттік қызмет­тер Аза­мат­тық авиация комитеті­нің бел­гілі бір адамдарына басы бүтін беріліп, сол шенеунік­тер­дің басыбайлы міндеті етіліп қойыл­ған. Егер олардың бірі жұмыста болмай қалса мәселе шешілмей, тығырыққа тіреліп қалады. Осының өзі сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы мүм­кін екендігі де ескерілмеген. Біз бұған соңғы жылдардағы ААК-тың іс-әрекетінде тұрақты түрде туындап отырған дағдарыстар­ды саралау барысында көзіміз жет­ті. Осындай әрекеттер сертификат беру процедурасының сапасын төмендетіп, қадағалау мен бақылау жұмыстарын ақсатып отыр. Әрине, инспекторлық тек­серістер барысында осындай кемістіктер табылған болып, әуе кемелерінің эксплуатанттарына айтылып, оларды жою шараларын қарастыру көрсетіледі. Сөйтіп, шенеуніктер өздерінің қажеттілігін көрсететін формалды түрдегі актілер толтырады. Сол кемістіктерді сертификат берер алдында неге анықтамағаны – сыбай­лас жемқорлыққа байланысты екені сезіледі. 

Ұшудың қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатымен 2010 жылы авиациялық апаттардың себе­­бін тексеру жөніндегі мем­лекеттік функция ИДМ-нің басқа департаментіне берілген. Мұның тиімділігі бар екені сөзсіз. 

Қорыта айтқанда, сертифика­ция беру функциясы мен қадаға­лау және бақылау қызметтерін бір ведомствоның қарауында қал­дыруға болмайтынына көзі­міз жетіп отыр. Бұл пікірді Қазақ­стандағы авиатасымалдаушылар мен беделді авиаторлар да қостауда. Ұсыныс ретінде айтар болсақ, бақылау мен қадағалау функцияларын апаттың себебін тексеру жұмыстарымен бірік­тіріп, Үкімет құрамында Мем­авиа­қадағалау қызметін құру керек деп санаймыз. Бұл орган азаматтық және басқа да авиация саласында қауіпсіздікті қам­тамасыз ету бойынша бар­лық құқылар мен міндеттерге ие болу­ға тиісті. Егер бұрынғы тәжі­рибені еске алатын болсақ, КСРО кезінде осындай міндетті атқа­ратын «Госавианадзор» деген құрылым болып, бұл қызмет өзінің тиімділігін көрсеткен. Ал Еуропа елдерінде қазір мұн­дай қызметті адам факторына тәуелді болмай, автоматты түрде атқаратын EASA (Euro­peanAviationSafetyAgency – Еуро­п­аның ұшу қауіпсіздігі жөнін­дегі агенттігі) қызметі атқа­рады. Ал Америкада мұндай қыз­метті АҚШ-тың үкіметіне тіке­­лей бағынатын NTSB (NationalTransportSafetyBureau – Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық бюро) атты тәуелсіз бюро атқарады. Бізге де осындай тәуелсіз орган құратын уақыт жетті. Ол азаматтарымызды ұшу қауіпсіздігімен қамтамасыз етер еді деген үмітіміз бар. 

Талғат МҰСАБАЕВ,

Сенат депутаты,

Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері

Соңғы жаңалықтар