Велосипедпен әлемді шарлап жүрген француз Роман Пишар Қарағандыға келді. Жол жүруге оның 14 айы кеткен. Осы уақыт аралығында ол 23 елде болыпты.
– Мен Францияда инженер болып жұмыс істеймін, – дейді ол. – Бізде әр адам жұмыстан бір жылға үзіліс ала алады және сол уақытта өзі қалаған іспен айналысып, уақытында қайта жұмысына келеді. Мен де сондай үзіліс алып, алдыма Моңғолияға дейін жетемін деген мақсат қойған едім. Алайда, оған үлгермеймін, себебі күн суытты. Меніңше Астанаға дейін барамын, ал ол жақтан Францияға ұшамын. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында жұмысқа шығуым керек.
Романның айтуынша, ол өз елінде мүлдем автокөлікке отырмайды екен, оның ойынша көлік экологияға зиян келтіреді және қызметі тым қымбат. Жұмысы мен жеке кездесулеріне велосипедпен барады. Сол себепті саяхат үшін де көліктің осы түрін таңдаған.
Барлық жүріп өткен жолында Роман велосипедтен басқа еш көлікке отырмаған. Ол шатырларда қонып, тамақты отта дайындаған, қол шам мен ұялы телефонын кішкене күн батареясының көмегімен қуаттап отырған.
Саяхаты барысында ол Италия, Швейцария, Түркия, Иран, Грузия, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және басқа елдерде болды. Роман атап өткендей, жолда шағын апаттан басқа ешқандай оқыс оқиға болмаған. Апат салдарынан дөңгелегі жарылып қалыпты.
– Мен Иранда екі ай болдым, – дейді саяхатшы. – Ол жерден өзіме достар таптым. Барлығы маған ол елге бару қауіпті, сен қателік жасайсың деген-ді. Бірақ нәтижесінде олай болмай шықты. Мен онда болғанымда ол сөздердің жалған екенін түсіндім. Иран – мен болған елдердің ішіндегі ең сүйіктісі.
Роман Қазақстанда кідірем деп ойламаған. Алайда Қарағанды маңында 200 шақырым жерде орналасқан автокешенге кіргеннен соң жоспары өзгерген.
– Сол күні кешкілік мен автокешенге бардым, – деп бастады әңгімесін тұрақтың иесі Ғазиз Ысқақ. – Романды көріп, онымен сөйлесіп кеттім. Ол Шудан Қарағандыға дейін келіп Қазақстан туралы ештеңе білмеген. Мен намыстандым. Мен оған біздің қазақстандық қонақжайлығымызды көрсетуді шештім. Менің автокешенімде сауна бар, біз сонда бардық, кешкі ас іштік. Дәл осы уақытта біздің кешенде халық аспаптар ансамблі болған-ды. Мен олардан Роман үшін аспаптарында ойнап берулерін сұрадым. Оған домбыраның үні ерекше ұнады. Ол тіпті өзі ойнап көрмек болды.
Қарағандыда Романды Ғазиздің туыстары күтіп алып, біраз қалуын сұрап, ет асып, қаланы аралатқан.
Романның сөзінше, осы саяхаттан соң оның әлемге деген көзқарасы өзгерген, тіпті еліне оралған соң өзінің өмір стилін өзгертуі де мүмкін.
– Мен жалпы адамдарға қатысты пессимисттік ойда болдым, – дейді ол. – Адамдар осынша мейірімді және жақсы деп ойламадым. Бұл саяхат менің адамдарға деген пікірімді өзгертті.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы