Аймақтар • 13 Қараша, 2017

Өскеменде ақын Әскерхан Ақтайдың кеші өтті

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада ақын, драматург Әскерхан Ақтайдың «Сезім пернесі» атты шығармашылық кеші өтті.

Өскеменде ақын Әскерхан Ақтайдың кеші өтті

Фото: Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Қалың қазақ шоғырланған Моңғолияның Баян Өлгей аймағында дүние есігін ашып, 2009 жылы Атажұртқа оралған талант иесі соңғы 4-5 жылдың мұғдарында халықаралық, республикалық мүшәйралардың алдын бермей жүргені жырсүйер қауымға аян. Қырықтан асқан шағында шабыты тасқындаған ақынға «поэзияға неге кеш келдіңіз?» деген сауалдың жиі қойылуы да заңды секілді. Бұл күні Алтайдың ар жағынан, Бесбоғда баурайынан елге келіп, жалынды жырымен жарқ етіп көрініп, жұртты жалт қаратқан Әскерхан Ақтай шығармашылығына қызығушылық танытып, сұрақ қоюшылар көп болды. «Өлең – Ала тағаланың берген сыйы. Халықтың қазынасы. Ең бастысы, ата-бабамыздың қанымен бойымызға сіңген қастерлі өнер - өлеңді елдің игілігіне, жұрттың кәдесіне жарата алсақ болғаны. Ал өлеңнің өміршеңдігін уақыт көрсетеді. Поэзияға кешігіп келдім деп айта алмаймын. Керісінше оқырман қалыптасқан, сұраныс болған уақытта келдім деп ойлаймын. Өзім дәстүрлі және жыраулық поэзияның үлгісімен жазамын. Бұл бағыттағы өлеңдерге жұрттың қызығушылығы жоғары», - дейді ол.

«Алтынмен апталған айқасты еріңді екі балуан әрең көтерді,

Күміс жүгенімді екі ұл әрең әперді», - деп жұрттың айбынын асқақтатып, рухын көтеретін жыр жазатын ақынға шара барысында өзі туып-өскен Баян Өлгей аймағы мен Өскеменнің зиялы қауым өкілдері лебіздерін білдірді.

«Есіктен кіргенде қазақы иіс аңқып қоя берді. Қазақтың сүрі қазысы мен қымызының иісі. Апырмау, бұл қайдан келген десем, Өлгейден келген екен» деп ағынан жарылған ақын, жазушы Әлібек Қаңтарбаев Ә.Ақтай қазақ поэзиясына жаңа леп әкелгенін айтты.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»