Білім • 13 Қараша, 2017

Павлодарлық студенттер Башқұртстанда мұнай-химия саласынан білім алады

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Челябіде өткен Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде өткен екі ел жоғары оқу орындарының ректорлар  отырысы барысында Павлодардағы С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университет ректоры Гаухар Ахметова студенттерді аудиториядан кәсіпкерлікке үйретуді, бейімдеу енгізуді және оның бүгінгі нәтижесін айтып берді.

Павлодарлық студенттер Башқұртстанда мұнай-химия саласынан білім алады

«Біз екі мыңға жуық студентті кәсіпкерлік курсынан оқытып шығардық. Олардың 5-7 пайызы бизнеспен айналысуға ниетті. Қазір 7 инвестициялық раунд өткізіліп, олардың барысында студенттер құны 21 миллион рубль болатын 48 жоба сатып үлгерсе, 58 жұмыс орны құрылды және 2 миллион рубльге жуық салық төленді. Біз ресейлік жоғары оқу орындары мен бизнес-қауымдастықтарына қызметтер, ауыл шаруашылығы, техникалық кәсіпкерлік сынды түрлі бағыттар бойынша халықаралық старт-ап жобаларды құру ісіне қатысуды ұсынамыз», – дейді Г. Ахметова.

Екі ел арасындағы форум барысында облыстық туризмді дамыту басқармасының хабарынша, Баянауыл демалыс аймағын, «Ертіс орманы» қарағай орманын, өңірдегі қасиетті жерлер мен тұзды көлдердегі медициналық туризм туралы да материалдар ұсынылды. Көрмеге келген көптеген қатысушылар Баянауылды да көбі біледі, тіпті, онда тау шаңғысы базасы салынып жатқанынан да хабардар.

Сондай-ақ, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Башқұртстан президенті Рустэм Хамитов арасында Челябіде өткен Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалар бойынша  келісімдерге қол қойылды.

«Башқұртстанда да біздің өңірдегідей мұнай-химия кластері бар. Сондықтан тәжірибелерімен бөлісу үшін өзімізге шақырып отырмыз. Көптеген павлодарлық студенттер Башқұртстанда мұнай-химия ісінен білім алады, олардың оқытушылары Павлодарда дәріс оқиды», – деді Б. Бақауов. Башқұртстан президенті де екі өңір арасында ынтымақтастық жасауға ортақ жұмыстар  бар екендігіне тоқталды.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»