Кино • 13 Қараша, 2017

«Оралман» фильмі Мангейм-Хайдельберг кинофестиваліне қатысады

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі қарашаның 9-19 күндері өтетін LXVI халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінің негізгі бағдарламасында бақ сынайды, деп хабарлайды egemen.kz «Қазақфильмнің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оралман» фильмі Мангейм-Хайдельберг кинофестиваліне қатысады

Режиссердың айтуынша үркін-қорқын заманда туған жерінен Ауғанстанға көшуге мәжбүр болған, ондаған жылдар өткен соң атажұртына қайта оралған қандастарымыздың тағдыры бейнеленген бұл фильм немістерге де жат емес көрінеді.

«Фильмнің Германияның фестиваліне қатысатынына қуаныштымын. Менің туған ауылым Алдабергенде немістер көп тұратын. Сыныптастарымның жартысы немістер еді. Көбі 80 жылдардың аяғында тарихи отандарына кетті. Олар да атамекендерінде түрлі қиындыққа тап болды. Сондықтан да репатрианттар тақырыбы бүкіл әлемде өзекті», - дейді Сәбит Құрманбеков.

Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалі 1952 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестиваль киноиндустрияның кәсіби мамандарына және киносүйер қауымға арналған. Жыл сайын фестивальге 500 кәсіби маман мен 60 мың көрермен қатысады. Онда «Үздік фильм», «Арнайы жүлде», «Жетістіктері үшін арнайы жүлде» сияқты аталымдар бойынша үздіктер анықталады. Негізгі конкурстық жүлдеден басқа фестиваль аясында кинотеатр иегерлері және Халықаралық кинобаспасөз федерациясы да (ФИПРЕССИ) өздерінің марапаттарын табыстайды. Сондай-ақ, «Көрермендер көзайымы» жүлдесі де беріледі.

Биыл отандық картинадан басқа 22 елден 21 картина фестивальдің бас жүлдесіне таласады. Олардың қатарында Франция, Аргентина, Дания, Эстония, Исландия, Үндістан, Иран, Израиль, Түркия, АҚШ, Германия сияқты елдер бар.

Жеңімпаздар есімі 19 қараша күні фестивальдің жабылу салтанатында жарияланады.

Айта кетейік, осы жылдың желтоқсанында Башқұртстанда өтетін IV халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалінің ашылу салтанаты «Оралман» фильмімен ашылады.

«Оралман» көркем фильмі осы жылдың басында Иранның астанасы Тегеранда өткен XXXV халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденген еді.