Суреттерді түсірген автор
Курчатов қаласында «Латын әліпбиі – болашақтың бағдары» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары, қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері, «Достық үйінің» қызметкерлері, кітапханашылар және мектеп оқушылары қатысып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы рөлі жайлы жан-жақты талқылады.
– Осы латын тіліндегі қор жинағымен Шығыс Қазақстан облысындағы тағы біраз жерлерді араламақпыз, – деді Абай атындағы облыстық кітапхана директоры Гүлмира Аязбаева, – біздің қорда 200-ге жуық сирек басылым сақтаулы тұр. Өскемен қаласындағы А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасына барғанымызда, ол жерге ШҚМТУ студенттері мен БАҚ өкілдері жиналды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған ретро-көрмеде қоғамдық-саяси, халық ағарту ісі, тіл білімі, жаратылыстану, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, әдебиеттану, тарих ғылымдары, көркем әдебиет, ғылым салалары, татар тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдарды тамашалаған өскемендіктер бізге ризашылықтарын білдірді. Мәселен, Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935ж.), А.Мамытұлының «Денсаулық жолында» (1935 ж.), Т.Шонанұлының «Орыстарға қазақ тілін үйреткіш» (1931ж.), Таңқыбай (І.Жансүгіров) «Құқ: сатиралық әңгімелер жинағы» (1935 ж.) сияқты жүздеген басылымдар латын тілінде. Ең құнды қазынамыз «Абай» шығармаларының сол жылдардағы латын әрпіндегі нұсқасы дей аламын.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Семей