Әдебиет • 03 Мамыр, 2024

Жеңгетай (Эссе)

1207 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Отардың жабағы жүнін қырықтырып, креолин ерітіндісіне тоғыттырып болған соң-ақ жайлауға бет алғанбыз. Қозылы қойды алысқа айдамас үшін Ажыхан бұлағына келіп ерулегенбіз.

Жеңгетай (Эссе)

– Балам, ертең көшпей, осы жұрт­та бірер күн аялдаймыз. Ұй­қың қанған соң, түске таяу өріс­ке келіп, отарға өзің ие бол. Жол үсті ғой. Көшкен жұрттың малы­на жақындамасаң болды. Нәнең екеуміздің бір маңызды шаруаны тәмамдап келуімізге тура келіп тұр, – деп әкей тосын әңгіме бастаған. Нәнең деген Құдайберген есімді ауылдың үлкен-кішісі осылай атайтын сыйлы да қадірлі ақсақалы болатын. Жыл сайын қызы Нұрғанамен бірге орталықтағы үйінен жай­лауға шығып, бие байлатып, қымыз ішетін. Нәнем екеуі жол жүрер болса, сапарларының маңыз­ды болғаны ғой деген оймен екеуінің қайда баратындарын сұрауды ыңғайсыз көрдім.

Ертеңіне кешкілік отарды ерулеп отырған жұртымызға қарай қоғамдай бастағанда көш жолынан қос жолаушының төбесі көрінген. Асықпай аяңдап келе жатқан жүрістеріне қарағанда, әлі де әңгімелерін тауыса алмағанға ұқсайды.

– Қайда барып келесіздер? – дедім кешелі бергі беймәлім мәселені білгім келіп.

– Сүйінші! Көп ұзамай жеңгелі боласың! – деді Нәнем бетіме күле қарап.

– Кімді, қашан? – деген сауал­дар аузымнан еріксіз шығып кетті. Жыл сайын қыркүйек айы туысымен табандатқан бір ай қазан айы туғанша төсек тартып, ауы­рып қалатыны болмаса, он екі жасында қатты шошып, белгісіз дертке ұшырағаннан ақсап, жарым жанды, жарты санды болып қалғаны болмаса, баян, домбырасын ойнап, әнін салып, оған қоса әзілін айтып, ортасының «гүлі» болып отыратын өзім «Көке» атандырған жалғыз ағатайым Қыдырбек те жиырма дейтін жігіт жасынан асып тұрған кезі болатын. «Менен он бір жас үлкендігі бар Көкем де үйленіп, жеңгелі болсамшы-ау, әке-шешеміз бен Көкем екеуіміз – бір шаңырақ астындағы төртеуміздің бір-бірі­нен айырмашылығы жоқ өтіп жатқан қызығы аз күндерге бір жаңалық келсе шіркін, тіпті әке-шешемнің «Кішкене күлша­шарларымызды еркелетер күн қайда» дейтін армандарына жетсе ғой» деген өз бойыма шақ қия­лым жүрегімде сақтаулы жүре­тін. Оның айнаға жиі қарап, жаңа тебіндеп келе жатқан сақал-мұртын мұнтаздай ғып қырған соң, әкейдің қойға мінетін екі атының бірі сұлу мүсінді Ақжал­ды мініп алып, әйтеуір бір сылтау тауып, ел аралауға құмарлығын бай­қайтынмын. Қайда келін түсі­ріп, қыз ұзатқан той, қайда шілдехана – бәрінің де Көкемсіз өтпейтіні белгілі. Ол кез келген отырысты домбыра, баянын тартып, әні мен әзілін айтып, гүлдендіріп жіберер еді. Жай жиын болса да, бірді-екілі бойжет­кендер болып тұрады. Әлде Кө­кем ұнатпайды, әлде олар Кө­кем­ді ұнатпайды, әйтеуір оның өмірлік қосағын іздесе де, кез­дес­тіре алмай жүргенін қу ішім сезеді. Әрине, менен келер көмек жоқ, тек қана кейбір тұр­ғы­ластарым сияқты менің де жең­гем болса ғой дейтін тілек қана. Нәнем айтқан мынау жақсы хабар теңдесі жоқ үлкен қуаныш еді.

Әңгіменің нақты түйіні кешкі шай үстінде тарқатылды. Өрістен тойып қайтқан қойлар бір күн көң төккен жұртына тез иірілген соң, мен де еру қонысқа тігілер итарқаға кіргенде, әкей шешеме бүгінгі сәтті сапары туралы әңгімелеп отыр екен.

– Шіркін, Дәкеңдер ер мінез­ді әйел ғой, біздің бұйым­тайы­мыздың үш ұлының жалғыз әпкелері туралы екенін түсінген бетте: «Е, ағалар, менің қара қосыма ат басын тірегендеріңізден текке жүрмегендеріңізді біліп едім. Айналайын Ағеке, алтын басыңызды теңім емес дей алармын ба, ұлыңызды қызымның теңі емес дей алармын ба?! Ол бүгіндері науқасты болса, ер­теңдері сау бас­ты азамат болмас па! Қарсы айтар сөзім жоқ. «Қалыңын айдап кел, тең-тең киіт дейтін жоралғысын жеткіз» дейтін заманың келмес­ке кеткен. Қызымды келін ғып ертең түсірсеңіздер де құба-құппын», депті. Сөйтіп, құда түсуші екеуінің жолдары болып, риза-хош оралған екен. Дәметкен есімді кейуана төрт баласын ұйқы-күлкі көрмей асырап, алдын кәмелетке толтырғанымен, азаматын соғыс жалмаған, жесір­ліктің, жетімдіктің зардабын қанша тартса да, тағдырдың өзіне бүгілуді білмеген, майысса да сынбаған ер мінезді жан болатын. Ол кісінің келісімі алынған соң-ақ, кедейлік тіршіліктің мөлшерінен аса алмаған той кәдесінің ырымын жасаған болып, айналасы он бес-жиырма күн мәулетінде Көкем замандасы Жұмаш, тағы басқа достары бар Сауыр тауының Айғыркөмген деген әкейдің жайлау қонысына Әзікен жеңгемді алып-ақ келгені.

Ол заманда арақ-шарап деген­дер қазақ дастарқанын басын­баған кез. Жайлаудағы тамам қойшылардың жас-кәрісі, бала-шағасы түгел жиналып, құрт-ірімшігі ат-көпір болып төгіліп, кесе-кесе сарымайы қойылған дастарқан мен табақ-табақ қой еті мен балдай сорпаға тойынған соң, үлкендер әңгіме-дүкен қыздырса, қыз-келіншектер ән шырқап, жігіттер көкпар тартып дегендей көк жайлаудың көркін кіргізіп, тойымызды дүрілдетіп өткізген.

Жұрт тарап, той дастарқаны жиналған соң-ақ, шешей марқұм анау айтқандай қазынасы жоқ ағаш жәшігі мен өрешенің ішіндегі ыдыс-аяғын келініне өткізіп беріп, бұдан былай өзінің ыдыс-аяққа жоламайтынын ресми түрде мәлімдеді.

Уақыт шіркін айды аймен алмас­тырып, жылды жылмен жал­ғас­тырып зулай берді. Әкей алпысты толтырып, зейнеткер атанған соң байдың, ержете келе ұжымшар мен кеңшардың жарты ғасыр бойы баққан қойын санап беріп, жұрт сияқты еңсе­лі там үйге көшкенде де шешем­нің жеңешеме өткізіп берген саусақпен санарлық кесе-шәйне­гінің алуан түрі көбейді, шай-шалаң сақтайтын ағаш жәшіктің орнына заманауи жиһаздар орналасты. Бәрібір шешей әдемі ыдыс-аяқпен ас ішкені болмаса, шәйнектің тұтқасын ұстаған қалпы мәңгілікке аттанған.

Әке-шешем армандаған тұң­ғыш немерелері Нәзигүл дүниеге келгенде шешей марқұм оны туған әке-шешесінен қызғанатын. Жеңгем сәбиін қолына алып емізгені болмаса, оны иіскеп, мекірене алмаған еді.

– Болды-ей, балажансымай, қо­лыңа көп ұстама, исің сіңіп қа­лады, – дер еді енесі. Күн­діз-түні бауырына тығып, 14–15 жыл бұрын туған менен кейін сәби ерні тиіп көрмеген тас емшегі жібіп, баланы өзі емізе бастаған. Аналық шексіз мейірім дегеннің құдіреті қандай екенін сонда көрдім. Атасы мен әжесінің қойнында жа­тып қарақұлақтанып, тілі шы­ға бастағанда сәбиге анасын «шеше, мама», әкесін «әке, папа» дегізбей, «жеңгетай» дегізіп үйрет­ті. Сөйтіп, жеңгем дүниеге келгенде Дәметкеннің қосағы Әк­шаның азан шақырып қойған Әзипә деген есімі де, тұңғышы Нәзигүлдің тілі шыққанша бая­ғыда өз анасы еркелетіп атаған Әзікен деген есімі де бірте-бірте ұмы­тылып, Жеңгетай аталып кеткені де шындық. Бала-шаға­лары ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ­тың үлкен-кішісі осылай атайтын болды. Әзипә да, Әзікен де ұмыт болды. Бұл атау «батыр аға», «би апа» деген сияқты ерекше құрметтегеннен жұрт осылай атай­тындай көрінеді.

Бір-екі жылдан кейін өмірге Әмірбек атты інім туып, емшек­тен шықпай-ақ шал-кем­пір тағы оны да меншіктеп, екеуін де «жекешелендіріп» алған. Нәзигүл шешемнің, Әмір­бек әкемнің қойындарына бір­жо­лата қоныстанған. Әке-ше­шем­нің немересін дүниеге өзде­рі әкелгендей мейірлерін ая­май төккенінен, екеуі ата-әжеле­рінен айырылғанда өздерін жетім қалғандай сезінген. Тіпті Әмірбек өзі үйлі-баранды, азамат болғанша ата-әжесінің сурет­терін төлқұжатымен бірге төс­қалтасына салып жүретін. Бұл, әрине, ата мен әженің немереге деген теңдессіз ықыласының қайтарым көрінісіндей болатын.

Ал олардың сәби кезінде ана­­лары Әзікен жеңгем балаларын аймалап, құша алмаса да, олар­дың аналарына деген инс­тинкті ықыласы жүректерінде жататынын сезіп жүргендей. Ол ықыластың ешқашан өшпейтінін де біледі. Осы жердегі үлкен ерлік баланы бауырларына салып алған ата-енесінің немереге деген махаббат-ниеттерін түсіне білген баланы тапқан анаға, яғни менің жеңгем сияқтыларға тән. Қазір теледидар хабарларында, баспасөздерде «Ата-әжелердің немерелерін бауырына салып алғандары дұрыс па, бұрыс па?» дей­тін мәселені талқыға салып жүр. Қазақ ғасырлар бойы бұл сауал­ды өздеріне қойып көрме­ген болар. Өйткені бұл біздің ұлт­­тық ерекшелігіміз, тіпті артық­­шы­лығымыз екені дау туғыз­байды.

* * *

Бұрын «жеңгей» атандырып жүрген кісімді балалар ғана емес, айналаның бәрі «Жеңгетайға» айналдырып алған соң, мен де қай-кезден осылай атағаным есімде жоқ.

Жеңгем жайлаудағы тойлары өте салысымен үй ішінің тау­сы­лып бермейтін тіршілігі – қой сауып, іркіт пісіп, май шай­қау, құрт-ірімшік қайнатып, нақ сүт­тен сүзбе тұздау, жазды күннің ақ ірімшік, айраны ғана емес, қысты күннің азық-түлігін әзірлеу – бәрі де жеңгемнің міндеті. Жылдың жартысына жуығын аудан орталығындағы ауруханада өткізетін Көкемнен үй шаруасына қайыр жоқ. Келін келгенше де тері-тарамысына ілінгендей аурулы-сырқаулы болып «қу жанын сүйреп» жүретін шешемізден көмек шамалы. Әкей бір отар қойының артынан таңды атырып, күнді батырғанша қалмайды. Демек үй шаруасындағы жалғыз бас көтерер жеңгем болса, шама-шарқымша оған көмек қолын созар мен ғана. Күндізгі үй тіршілігінің тыпыр-тыпыр біт­пейтін шаруасынан кейін Жеңге­тайымның «қой күзету» деп аталатын негізгі міндеті бар. Түн бала­сы қой отары ашық далада жусап жатқанмен, кей-кейде олар­дың өріп кетуге даяр тұратын тойым­сыздары болады, кей-кейде «ит-құс» – қасқыр шабатын, тіпті қорбаңдап аюдың малға тиісетін кезі болады. Сондайда жиі-жиі дыбыс беріп, айғайлап, анда-санда кұр дәрілі мылтықты тарс еткізіп қойып жеңгем жүреді. Қатты жаңбырда қойдың терең шатқалға қарай ыға жөнелетіні болады. Ондайда жылы төсекті ұмытып, күзетке мен де оның қасына жауын-шашынды, соқыр тұманды күндері көмекке келетінмін. Екеумізге де қой ырық бермей ыға жөнелгенде әкей де төсегінде жата алмай, қасымызға шығатын.

Ертеңгілік бір-екі сағат көз ілген соң:

– Кенжем, сары өгізді әкеліп, ыңыршақтай қойшы. Құрт-ірімшік қайнатқанға отын аза­йып қалды, – дер еді. Өгізге мен мініп, ол жаяулап, не Қиынсудың, не Күркелінің шатқалына түсіп, жайрап жатқан қу бұтақтарды өгізге артамыз.

– Кенжем, қарның ашып, шөлдесең тамақтанып ал, – деп дорбасынан жарты пәтер наны мен бүйенге құйған айранын ұсынар еді. Сол «Кенжем» деген жеңгелік қана емес, аналық қамқорлығы 70 жылға жуық уақыт­қа созылыпты. Ол да, мен де қарттықтың аулына атбасын тіреппіз.

Бірде аш, бірде тоқ жүретін студенттік шақтағы каникул кезінде «елге барамын» деген хабарым жетісімен «Кенжем сүрі ет пен оның сорпасын жақсы көреді» деп азды-көпті етін сүрлей бастайтын. «Кенжем келгенде сүтке бұқтырып беремін» деп қолына түскен тарысын сақтап, қарынға салған тұзды сүзбенің бір құрышы болса да тығып қояр еді. Оқушы кезімде анам сөйтетін. Студент кезімде анам жоқ болса да, Жеңгетайымның маған деген сыбағасы, оған қоса ілтипат-пейілі алдымнан шығатын.

Өз қолым өз аузыма еркін жете­тін қызметте жүрген кезде де «Жуырда демалысымды алып, ауылға отбасыммен барамыз» деген хабарымыз жетісімен Көкем сояр қойын даярлап, жолымды тосып, үй сыртындағы белегірге шықса, Жеңгетайым бұрыннан үйреншікті сыбағасын әзірлер еді. Балаларына, өзіне абысыны жеңіл-желпі тарту-таралғысын апарса, «Кенжем мен абысыным әкелді» деп көрші-қолаңға мақтанып, көрсетіп шығар еді.

Иә, біз де қазір «зейнеткер» деп аталатындар аулы­ның тұр­ғыны болдық. «Жаратқан­ның уысында, бір таудың қуысын­да тұрамыз», деп Көкем айтқан­дайын, тәуелсіздік алып, шаттан­ған жылдарда ауылдардан бе­реке кеткен кез туды... Кәсіп­кер інім Ербол Көкем мен Жең­гетайдың кенже ұлы Айдардың алдына салған азғана малы не өс­пей, не өшпей, шаруасы шал­қая бастағаннан кейін бала-шаға­сымен және жеңгемді көшіріп алып, Алматының желкесіндегі шаруашылығына орналастырды. Оларға апта араластырмай ба­рып-келіп тұратынбыз. Қай­ны­сы мен абысынын айлап көрме­гендей құшағына алып, бетімізден сүйер еді. «Сендерге арнап қойып едім», деп тәтті-дәмдісін алдыға қояр еді. Анда-санда денсаулығымды тексертіп алу үшін де ауруханаға жата қалсам, әр қалада тұратын ұл-қыз­дарына телефон шалып: «Анау жалғыз ағаларың тағы ауы­рып қалыпты. Жақында тұра­тын­дарың барып, алыста тұратындарың телефонмен хабарласып, жағ­дайын біліңдер», – деп бек мазасы кететін. «Жеңгетай-ау, ұсақ-түйек тексерілу үшін ауруханаға жатсам да, балаларды неге мазалай бересіз?» десем, «Ауруханаға дені сау адам жата ма? Сен сол аты жаман жерге көп үйір болмасаң, мен ешкімге де телефон шалмас едім», деп өз дегенінен қайтпайтын. Кейде өзі телефондап: «Түсімде көрдім. Аман-саусыңдар ма?» деп мазасызданар еді.

Алпыс жыл бұрын өткен анам­ды жоқтатпауға жанын сал­ған қайран Жеңгетайымды бүгін­дері ел-жұртына сыйлы бо­лып, ғұмыр кешкені үшін емес, он бір құрсақ көтеріп, екі ұлы ер­терек шетінеп, біреуі азамат болған шағында ата-анасын жы­латып кетті. Екі иығына екі кісі мінгендей Дидар деген ұлы аза­маттық борышын өтеуге кетіп, еліне темір табытқа салынып өскен Талдысына оралған. Сонда ойламаған тұстан киліккен қайғыдан қан жұтып, бүгілген жеңгеме үлкендер басу айтып: «Алла қалған ұл-қыздарыңа ғұ­мыр берсін!» дегенде: «Жүре­гімде әр баламның өз орны бар. Дидарымның орнын қалай толтырармын?» деп еңіреп еді. Иә, ол қайғылы қазаға ұшыраған ұлының жүрегіндегі орнын толтыра алмағанмен, қалған тоғызының үйлі-баранды болғанын көрген Батыр ана атанды. Ол үшін де емес, менің айтпағым: оның ата-енені сыйлап-күтудегі қазақы, келіннің қандай боларының эталоны, үлгісі бола білгенін айту еді. Бұл күнде әлеуметтік желіде айтылатын, баспасөздерде жазылатын кейбір кесірлі келіндер туралы жан түршіктірер оқиғалар туралы хабардар болған сайын Жеңгетайым еске түсе береді...

* * *

Біздің үйден бірер көше жоғарырақтағы биік тас қорған­ның сырты көгілдір шыршамен көмкерілген әшекейлі көк қақпаның арғы жағындағы салтанаты жарасқан сарайдың кең ауласында екінші күн дүрілдеген той өтіп жатты. Білетіндердің айтысы: «Өте беделді үй иесі жалғыз ұлын үйлендіріп, келін түсіріп жатқан көрінеді. Құдасы да өзімен терезесі тең, «бай – байға, сай  сайға құяды» деген жазылмаған заңды, әлде балаларының, әлде өздерінің ұстанғандары анық еді. Ауладағы бұл той айтулы мейрамханаларда өткен негізгі қыз ұзату, келін түсіру сияқты сал­танаттың «той сарқыты» сияқ­ты, әншейін ұшқыны деседі. Не керек, көшедегі думандар аяқта­лып, небір жұтынған сәйгүлік-машиналар аттанған соң, екі-үш күн өтпей бір сумақай өсек шықсын. Асыл бұйымдарды теңдеп, асыл тасты әшекейлерді бір-біріне киітке үлестірісіп, құда болған айтулы азаматтардың балалары отау бөлмеге екі түнемей жатып ажырасыпты. Себебі жас келін жаңа табысқан қосағына өте заманауи шарт қойыпты дейді: «Әке-шешеңнің жалғызы болмақ түгілі, жартысы болсаңдағы олар­дың қас-қабағына қарап отыра алмаймын. Сондықтан әке-шешең мына үйді бізге қалдырып, басқа жақтан үй алып көшсін, болмаса екеумізге дәл осындай үй алып берсін!» Әрине, заманауи күйеу жігіт келіншегіне батып ештеңе айта алмай, әкесімен ақылдасса керек. Сонда «ескілікті» көзқарастан арыла қоймаған атасы жас келінін ертеңіне-ақ алды-артына қаратпай төркініне апардырып салыпты... Жұрт: «Ол келінге Жаратушы сұлулық деп аталатын сыйды аямай-ақ берсе керек, мінсіз мүсін иесі, нағыз бота көз, қиғаш қастың өзі екен. Е, тағы бір байшыкеш мәнжубасты құрығына түсіреріне сенеді де» дейтін көрінеді. Ондай арудың бұдан кейін орнында омалып отырып қалмасына біз де сендік. Алайда «Жаратқан ием сұлулықты сыңар ғып бермей, аздап болса да ақыл қосып берсе ғой» деген ой келді. Сол кезде өз Жеңгетайым, қазақы тәрбиенің қаймағынан нәр алған бұрынғы жеңгетайлар еске түсті.

* * *

Бейіште нұры шалқығыр, анам Бәти қу тіршіліктің бар­лық ауыртпалығынан құтқарып, «қолын жылы суға малып» отыр­ған, оның үстіне келін болу ғана емес, бір шаңырақтың иесі болу «институтының» өте ұғымтал шәкірті болған келінінің басынан құс ұшырмайтын. Содан ба, азапты өмірі алпыстан аса бере тұйықталарда сүйікті келініне науқас күтудің қиыншылығын көрсетпейін дегендей, жуынып-шайынып болған соң, шашын тарап отырып, қисая салыпты...

* * *

Ғұмырының соңғы жеті-сегіз жылын қосағынсыз өткізген әкей марқұм тері-тарамысына сүйеніп, қаншалықты шаруадан қалмай жүрсе де, жалғыз келінге бар ауыртпалығын тарттырғанын ойлап, жыл құсындай болып біз жеткенде әкей шіркін қатты қапаланатын. Үлкен ұл көбінде дүзде, кіші ұл отбасымен үлкен қалаға байланған. Қиналса да келе алмайды, өзі үшін бар болашағын мақұрымдап, оның қасына келуіне әке де қарсы.

Сонда ғой Жеңгетайым: «Атам­ды қысылып-қымтырыл­май-ақ жуындырып-шайындырып, аяқ-қолын жуып жатқызуға үйреніп қалғанмын. Қара жаным аман болса, өзім-ақ бағып-қаға беремін, сендер уайымдамаңдар», деп еді. Әкей де зайыбының қасына аттанарда келініне ақ батасын беріп: «Құлыным, ұл-қызыңның қызығын көр!» деп аттанып еді...

Он шақты жыл бұрын түгелге жуық аурулы-сырқаулы болып өткен ғұмыры тұйықталарда отағасы Көкем де қиналып аттанып еді. Тағы да бар салмақты Жеңгетайым көтеріп алған.

Атасының: «Құлыным, ұл-қыздарыңның қызығын көр!» деген ақ батасы қабыл болып, кенже ұлы Айдарының перзенттік ықыласымен, келіні Сараның алғаусыз аппақ пейілінің арқа­сында қарттықты «қолын жы­лы суға малып» қарсы алып, өткіз­ді. Бұл, дау жоқ, көрші-қолаң, ағайын, туған-туысқа өзі жаса­ған өлшеусіз жақсылықтың қай­тарымы еді. Көтерген он бір құрсақтың үш ұлынан ерте­лі-кеш айырылып, қайғы кешсе де, қалған ұл-қызының қосақ­тары, немере-жиендерінің «тәте­леген, апалаған» үндерін естіген сайын бұл жалғандағы ең бақытты анадай өзін сезінер еді... «Кенжем» дегенді жеңгелік дәстүрмен атай салған «ат қою» ғана емес, соншалықты бір ақ пейілді туыстық терең сезіммен айтар еді. Әлде қаршадайымнан қамқорлығында жүрген соң, өз перзенттері дүниеге келгенше оянған аналық сезім бе екен? Әйтеуір, менің білерім, жарық жалғаннан өзіне дейін өмірден көшіп үлгерген туған бауырлары Қазыбек пен Разыханнан артық болмаса кем көрмейтін.

«Батыр ана» белгісін кеудеңе бір күн тақпай, «Мақтанғандай болмайын, тек осы қалғандарының алдында алса» деп жүріп, қазіргі он шақты жылдың мұғдарында Айдар мен Сара келініне, үш-төрт немереге мекен болған Ербол қайнысының «Арман даласымен» қоштасқандай балаларымен көлікке мініп, аралап келген соң қиналмай, тәтті өмірге жымия қараған күйі «жүріп кеткенінен» бері де жыл айналыпты. «Кенжем» деген лебізін естімеген уақыттан бергі жүрекке салмақ түсіріп қоятын сағыныш қой қағазға түскен бұл естелік.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы