Осындай заманда әркім өзін түзеп, өз сөзін асырып, «менікі жөн, өйткені салмағым бар, сен менің қасымда кімсің?» деп тұрған тұста, арамызда жоқ ұлт жақсыларын кейде естен шығарып алатынымыз бар. Ал сол ұлт жақсыларының сарқытындай санаулылардың сөзін кейде ұқсақ, кейде ұқпай, біз жаңа дәуірдің адамымыз дейтін де жай кездесіп қалады. Егер әлгі ұлт ұлыларының көзін көрген, сөзін естіген ізбасарларының естеліктерін жетік техниканың көмегімен жазып алып, кейінгі ұрпаққа көрсетіп отырсақ, алыптар бейнесі ашылып, қыр-сырына кейінгі ұрпақ қанығар еді. Ертеңгі жазылар тарихтың бұрмалауы жоқ бүтін болып қалыптасуына да бұл септігін тигізер еді.
Мұндай ойға себеп болған не нәрсе дегенге келер болсақ, жақында елордадағы Назарбаев Университетінде ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдығына арналған естелік-сұхбат болған еді. Жиналған оқытушылар мен студенттердің алдында қаламгермен дидарласқан, шәкірті болған Мырзатай Жолдасбеков, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы, Мұқаңның сөзі мен көзіндей болып ортамызда жүрген Мұрат Әуезов әдемі естеліктер айтты.
Мырзатай Жолдасбеков ұлт ұстазының ұлы қасиеттерін, әсіресе кішілігін, ұшан-теңіз білімін, ғылымдағы ілімін, алты жасында Мұқаңның Абайды көргені туралы өз әңгімесін сыр ғып шерткенде жиналған қауым айрандай ұйып отырды. Мұрат Әуезов ардақты әкенің ұрпаққа жасаған қамқорлығын, оның жиырма жасында «Япония» деген мақала жазып, онда «Сыртымыз басқа жұртпен тату, сыпайы болсын, іштей тарахиат (өнер-білім) аса бағалы болып, еркін өссін», деген ұлағаты қазаққа қазір де ауадай қажет екенін жеткізді. Тектінің тұқымы тағы бір мәселеге көңіл бөлді. Кейбір жүздесулерде «Абай мен Мұхтарды оқыдыңдар ма?» деп сауал қойғанда шошайған бір саусақтың көзге түспейтініне өкініш білдіріп, ұлысын оқымаған ұлт ұрпағы елінің көсегесін көгерте ме деген сұрақты алға тартты. Мекемтас Мырзахметұлы Абай мен Мұхтар ілімін тарата айтты.
Сол сәтте біз Абайды көрген Мұхтар қандай бақытты деп бір ойға қалдық та, одан кейін Мұхтарды көрген, үлгісін үйренген ортамыздағы азаматтарға да қызыға қарағанымыз анық.
Иә, Абайды көрген бала Мұхтардың заманында техника жоқ еді. Тіпті суретке түсіретін фотоаппарт та кемшін болатын. Мұхтар Әуезовтің дәуірінде бейнетехника аз болса да бар еді. Күнде ертеңмен жүріп жазушының тіршілігіндегі тұлғасын толық түсіріп ала алмадық. Үзік-үзік қимыл-қарекет, ұшқын-ұшқын сөз бар. Осы арада мына бір сергектікті айта кеткеніміз ләзім. Белгілі азамат, теледидар қайраткері Сұлтан Оразалы әдебиет пен мәдениеттің Мұхтардан кейінгі біраз алыптарын, кешегі Әбіш Кекілбайұлын тастай етіп таспаға түсірді. Көріп отырсаң айызың қанады. Сөзін естіп, таза тіл тағылымына ден қоясың.
Бұл арадағы айтпағымыз, бүгінгі ұлт жақсылары ортамызда жүргенде әдебиет пен мәдениетте, ғылымда өзіндік орны бар, халқымыздың ардақты азаматтары туралы деректі-естелік дүниелер түсіріп, олар туралы қолда бар көріністермен ұштастырсақ деген ниет еді. Алда айтқан кездесуде Мұхтар Әуезовті көрген төрт адам болса, енді он жылдан кейін, отыз жылдан кейін естелік айтар бірлі-жарым адам табыла қояр ма екен? Сол кезде әттеген-ай деп қалмас үшін осындай естелік-сұхбаттарды, дидарласуларды таспалап, тіпті жеке өздерін сөйлетіп алсақ бұл кейінгі ұрпаққа сабақ, әрі үлгі болары хақ.
Мұндай жақсы істің бір әдемі тағылымды үлгісі болды. Оны «Бүгінгідей кино, бейнетехниканың жоқтығынан әрі құнтсыздығымыздың кесірінен кезінде Мұхтар Әуезов секілді ұлыларымыздың небір асыл сөздері жазылып алынбай қалды. Сол кемшіліктің орнын толтырайын, еліміздің көзі тірі қайраткерлерін сөйлетейін, естеліктерін, толғаныстарын жазып алып, кейінгіге сақтайын деген мақсатпен Еуразия университетінде телестудия ашқан едім. Сол студияда әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нүрпейісовті ғана жазып алыппын. Мен университеттен кеткен соң, әттең пайдалы іс жалғаспай қалды», деп Мырзатай аға Жолдасбеков өзі айтқандай, осы үрдісті қайта жаңғыртсақ, қазақ халқының ұлылары Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев, Күләш Байсейітова, Әбілхан Қастеев, Бауыржан Момышұлы тағы басқа тұғыры мықты тұңғыштарымызды, басқа жақсы-жайсаңдарымызды көрген санаулы саңлақтарды сөйлетіп, алыптардың халықтық қасиетін кейінгіге жеткізсек, қане.
Егер осы игілікті істі дәл қазір атқара алмасақ, кейін алда айтқан ұлылардың көзін көргендерден де көз жазып қалған соң, әй салғырттық-ай, демеске шара қайсы? Барын бағалаған жұрт өткенін жаңғыртып қана қоймайды, ұлт тарихының діңгегі саналатын қайраткерлерін қадір тұтып, ақиқат тарих бетіне шығарады. Арғы ғасырдағы қазақтың ақын-жырауларын батыр-бағыландарын, сөз ұстаған көсемдерін кейінгі ұрпағы кітаптан білсе, алда жылдар жылжып, ғасырлар алмасқан тұстағы жас алдыңғы алыптарды бейнетаспа мен үнтаспадан ұғып, танып, білетін болады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»