Аймақтар • 16 Қараша, 2017

Аңызға айналған фарфор

539 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Мемлекеттік Орталық музейі мен Art Market галереясы «Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы» атты Қытай заманауи бейнелеу өнерінің көрмесін өткізді. Көрмеде көршілес елдің таным-тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер мен туындылар қойылған.

Аңызға айналған фарфор

Орталық музейдің соңғы он бес жыл ішінде жүргізген кешенді шараларының бірі – әлемнің түрлі елдерімен мәдениет саласында халық­аралық байланысты наси­хаттау. Музейде Қазақ­станда тіркелген шет мемлекет ел­шіліктері және консул­дық­тарымен бірлесе түрлі та­қырыптық көрмелер, іс-ша­ра­лар ұйымдастырып тұру дәс­түрге айналған. Солардың бірі – көрермендер назарына ұсыны­лып отырған «Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы» деп аталған Қытай заманауи бейнелеу өнері көрмесі.

Мыңдаған жылдар бойы қытай халқы фарфор бұйым­дарын өз мемлекетінің атынан достасқан елдеріне, дип­ломаттарға табыстап, бел­гілі адамдарға құнды кәде ретінде сыйға тартып келе­ді. Осындай байланыстар ар­­қылы Қытайдың өзге ел­де­рмен қарым-қаты­на­сы ны­ғайып, түрлі ұлттар­дың дос­тығы тереңдеп, қытай мәдениеті әлемге таралды. Мұның өзіндік себебі бар. Ежел­­ден-ақ әлемге танымал бол­­ған фарфор қытайдың дәс­т­үрлі мәдениетінің бір бөлігі саналған. Араб тілінен аудар­ғанда «фарфорлы зат» сөзінің мәні «қытайлық», «Қытайдан» деген ұғымды білдірсе керек.

– Бұл көшпелі көрме жұ­мы­сындағы жәдігерлер мен бұйымдардың барлығы Бей­жің қаласынан әке­лінген. Бейжің Ұлы Жібек жолының бастауы, өнер мен мәдениеттің шоғырланған оша­ғы. Мұндағы туындылар халқымыздың сурет өнері­нің ерекшеліктерін, ел астанасындағы айтулы ғи­мараттардың терең тарихын танытады. Тағдырдың өзі шектесе өмір сүріп, көршілік байланыста болуды жазған қазақ пен қытай халқының сонау көне замандар қойнауынан бастау алатын тарихи достық қарым-қатынасы бүгінде қарқынды дамып келеді. Бұл бастаманың Қазақ­станнан бастау алуы да іргелес жатқан екі елдің ара­сындағы татулық пен дос­тықты білдіреді, – дейді Алма­тыға арнайы келген Қытай суретшілер қауымдастығының мүшесі, танымал суретші Чэн Маочан.

Еске салсақ, Қытай елінің көшпелі көрме жұмы­сы Азия елдеріне алғаш шығарылып отыр­ған көрінеді. Бұл жобаның біздің елімізден бас­тал­ғаны көңіл қуантады. Ұлы Жібек жолы шек­тес елдердің өзара қарым-қатынасының дамуы­на жол ашатын көшпелі көрме Алматы жұрт­шы­лы­ғы­ның назарына ұсынылғаннан кейін көрші­лес Өзбекстан мен Қыр­ғызстан елдеріне жол тартпақ.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ