Осының бәрі жиналып жүріп, тағы бір дүние жазуға мәжбүрлейді. Шығарманы бастағанда бірден қалай болып шығатынын білмейсің. Маған тақырыптан бұрын, сюжет келеді. Көбіне өзіңнің, жақыныңның, досыңның басынан кешкен жағдай. Жазбауға болмайтын халге душар болғанда, қолыма қалам аламын. Мақсатым жазып жария ету емес, маза бермей жүрген дүниеден «құтылу».
Жеті том проза, бір том пьеса жаздым. Сонда маған қиын соққаны – пьеса жазу. Көңілімді толқытқан, жүрегіме әсер еткен жағдайларды үнемі күнделігіме жазып жүремін. Соның бәрі болмаса да, көбі жазғанда көмек болады. Жұмыс бастағанда өзімді өзім қолға аламын. Тәуекел етпесең, жазылмай қалады. Үйдің бар шаруасын жарыма тапсырып, ойға алған дүниемді аяқтағанша қозғалмаймын. Әдемі сөз іздеп, тіркес қуып, ұзақ сөйлем жазғанды ұнатпаймын. Оқиғаны көріп отырып, соны суреттеп, толғаныстарымды жазамын. Кейіпкерлеріме айналып, жақсы болса жақсысының, жаман болса жаманының жан дүниесіне кіремін.
Прототипі Талғат Бигелдинов болған шығармамды жазғанда қатты қиналдым. Өйткені Кеңес Одағының Батыры, көзі тірі қаһарман туралы жазу оңай емес еді. Өзім соғысты көрген жоқпын. Бір уақыттарда ол Жазушылар одағының шығармашылық үйіне директор болып келді. Сонда жатыр едім, Талғат Бигелдинов келіп өзімен бірге алып кетті. Нарынқол жақта, таудың етегінде бал арасын ұстайды екен. Сонда үш күн жаттық. Ұзақ әңгімелесеміз. Кешке келгенде Талғат ағаның айтқандарын күнделігіме жазып қоямын. Кейін Қырғызстан мен Қазақстанның шекарасындағы тағы бір демалыс орнында бір апта бірге болдық. Онда да Талғат аға – айтушы, мен – тыңдаушы. Әдеттегідей кешке күнделігіме жабыса кетемін.
Бес-алты айдан кейін осыны неге жазбасқа деген ой келді. Талғат Бигелдиновке айтсам: «Сен осыны жазу үшін айттым ғой», деді күліп. Сонда маған әсер еткен бір сюжет болды. Фашистер бір орыс әйелін арамен кесіп, қинап өлтіріпті. Батыр ағамыз соны көргенде немістерге өшігіп, көктен оқ жаудырған. Және тез өліп қалмасын деп, қиналатындай еткен. Адам қатты кектенсе жаман ғой. Осы оқиғаны естігеннен соң бес-алты күн ұйықтай алмай, қолыма қалам алдым. Кейде осындай оқиғалар да жазуға итермелейді.
Жазуда уақыт таңдамаймын. Дайын болсам күндіз де, түнде де жазамын. Бірақ ешқашан дайындықсыз жұмысқа кіріскен емеспін. Әбден қиналып барып жазуға отырамын.
Кейде Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Амантай Сатаев сияқты достарымның әңгімесін тыңдаймын. Олар жаңа жазған шығармаларын оқуға береді. Талқылаймыз, айтысамыз, тартысамыз. Қызылкеңірдек болып жатамыз. Бірақ көңілімізде дұшпандық болмайтын. Есесіне сол айтысымыздың көмегі тиеді. Жазушы адамға сондай «талқылаулар» да әсер етеді.
Мәскеуде оқығанымда Тәкен Әлімқұловпен көрші тұрдым. Ылғи мені ертіп әкететін. Шығарма жазарда қатты күйінетін. (Соқпақбаев болса, жазып жүргенде ешкіммен хабарласпайтын ғой).
Тәкен ат бәйгесін жақсы көретін, ипподромға алып баратын. Көңіл күйі жақсы болса, менің қасында екенімді ұмытып, ән айтатын. Кейде ертіп алып, қайтарда «соңымда қал» деп, өзі жалғыз ыңылдап кетіп бара жатар еді. Мен оған өкпелемеймін. Сырын білемін. Бірдеңе жазарда, толқуы солай. «Маған үш күн жолама, жазып біткен соң өзім тауып аламын» дейтін. Бір күні ысқырып тұрады, қайта бәйге көруге барамыз. Ақша тігіп, қай аттың бұрын, қайсының кейін келеріне бәстесіп жататын. Кейде ұтып, кейде ұтылатын еді. Соның бәрі жазушы үшін материал деп түсінемін.
Жас кезімнен тәртіптің адамы болғандықтан, жазушы болуға бел буғанда да қалыптасқан дағдымнан айныған жоқпын. Жазушы болуға ниет еткен жас оқуда да, жазуда да еңбек пен тәртіпті бір жүйеге келтіргені дұрыс.
Әкім Тарази,
Жазушы-драматург,
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері