16 Қараша, 2017

Астанада үкіметтік емес ұйымдар жұмысы талқыланды

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Онда азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселелері қозғалды. 

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов төрағалық еткен жиында 2016-2020 жылдарға арнал­ған ҮЕҰ мен мемлекеттің ынты­мақтастығын дамыту жөніндегі жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын, 2016 жылы VII Азаматтық форумның ұсынымдарын іске асыру мәселелері талқыланды. 

Осы мәселе төңірегінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев аталған тақырыпта баяндама жасады. Ведомство басшысы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды сипаттайтын негізгі бағыттар жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, министрлік Азаматтық форум мен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңе­сінің жұмысы жүргізілмек. Онда атал­ған саланы заңнамалық және институционалдық дамы­ту­дың маңызды мәселелері ше­ші­леді. Министрдің айтуын­ша, аймақтағы үкіметтік емес ұйымдармен де өзара іс-қи­мылды үйлестіру жоспарда бар. 
«Министрліктің бастамасымен 2017 жылдың басынан азаматтық сектор өкілдерімен бірлесіп халықты толғандыратын өзекті мәселелерге мониторинг жасау және жинақтау жұмысы жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 130-дан астам сұрақ анықталған. Осы мәселелер бойынша жи­нақ­талған деректер Үкіметке жолданды. Сонымен қатар тиісті тап­сыр­­малар беріліп, оның орындалу ба­рысы министрліктің на­за­рын­да болады», деді Н.Ер­мек­баев. 
Министр, сондай-ақ, ерік­ті­лердің жұмысын үйлестіру, аза­маттық қоғам жөніндегі заң жобасы, әлеуметтік бағдарламалардың сапасын арттыру төңірегінде де сөз қозғады. Министрдің сөзіне сүйенсек, бірінші рет өткізілген республикалық Қоғамдық кеңес мәжілісінің қорытындылары бойынша аталған ұйымның тәжірибесі мен олардың қызметін жетілдіруге арналған ұсынымдар тұжырымдалған. Бұдан бөлек, ҮЕҰ-ларға гранттар бөлу қа­ғи­далары толықтырылған. Ве­дом­ство басшысы келтірген де­рек­тер бойынша, 2016 жылы 208 мил­лион теңгелік 11 жоба жүзеге асырылған. Биыл қаржы­лан­дыру көлемі 3 есеге өсіп, 608,5 миллион теңгені құрап отыр. 

Талқылауға қатысқан сарапшылар билік пен қоғамның күш-жігерін біріктіру әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарына қатысты конституциялық нормаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ олар Азаматтық форум мен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесімен тұрақты ашық диалог жүргізілуін жоғары бағалады. Комиссия отырысында тұжырымдалған ұсынымдар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына ұсынылады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»