Қазіргі таңда АӨК-тегі инновациялық мәселелерді шешу үшін «Ұлттық аграрлық ғылыми-ағарту орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, мамандарды даярлау бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Оның құрамында 3 жоғары оқу орны, 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибелі шаруашылық және 4 сервистік компания бар. Салада жалпы 1 200 ғалым тіркелген.
Ғалымдар қартайып барады
Шындығында, еліміздегі аграрлық ғылымның әлеуеті және талап етілген инновациялардың үлесі өте төмен. Мұның себептерінің бірі – мамандармен қамтамасыз ету ойдағыдай емес. Ғылым саласын қаржыландыру жалғасып жатқанына қарамастан, кадрлардың кетуі, ғалымдардың кәсібилігінің төмендеуі байқалады. Әрі ғалымдардың орташа жалақысы экономиканың басқа салаларындағы әріптестерінің еңбекақысымен бәсекелесе алмайды. Осының салдарынан соңғы он жылда, мамандар саны 8 пайызға қысқарыпты. Сондай-ақ кадрлардың алды зейнет жасына жеткен, ғылым саласы қызметкерлерінің орташа жасы – 57, бас ғылыми қызметкердің орташа жасы – 65, жетекші және аға ғылыми қызметкерлердің жасы – 54 және кіші ғылыми қызметкерлердің жасы 30-ды құрап отыр. Зейнет жасына жеткен ғылыми қызметкерлердің үлесі 15 пайыз.
Саладағы зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, 2012 жылдан бері ғылыми мақалалардың саны 40 пайызға, шетелге тәжірибені шыңдау үшін оқуға бару 26 пайызға қысқарған. Осыдан-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғалымдарды даярлау шараларының төмендегенін аңғаруға болады.
Ғылымдағы мамандардың мәселесін шешу үшін жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтып, олардың жалақыларын көтеру жолдарын қарастыру, ең бастысы, ғылымды қаржыландыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу керек.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бизнес-қауымдастық өкілдері тарапынан ғылымды қаржыландыру үлесі Люксембургте – 80 пайызды, Жапония мен Германияда – 70 пайызды, Финляндия, Швеция, Қытай, АҚШ елдерінде – 65 пайызды, Францияда 54 пайызды құрайды екен. Ал бұл көрсеткіш Қазақстанда бар болғаны 5 пайыз ғана. Салыстырып көріңіз, арасалмағы жер мен көктей.
Қазіргі таңда ұлттық ғылыми-зерттеу институттары бюджетінің негізі мемлекет қаржысынан құралады. Бюджет шығынының үлесі 70 пайыздан 90 пайызға дейін артады. Рас, Қазақстанда жобаларды қаржыландырудың балама көздері жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттік АҚ, «Ғылым қоры» АҚ және т.б. Қазіргі кезде, қайта өңдеу өнеркәсібінің арқасында АӨК жобаларының үлесі 5-10 пайызды құрайды. Осындай қаржы көздері арқылы ұлттық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарын қаржыландыру 20 пайыздан кем болмауы керек.
Жас кадрлар қалай жасақталуда?
Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2013 жылдың 22 мамырында шетелдік инвесторлармен «Форсайт-зерттеулер мен тапсырыстар түсетін нақты экономиканың секторы» тақырыбында 26-кеңес отырысы өткені есімізде. «Сонда нақты форсайт-зерттеулер жүргізу, әлемдік трендтердің негізінде агроғылымды дамыту, ғылыми басымдықтарды анықтау жұмыстары қолға алынған. Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қазақ агротехникалық университетінің базаларында ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық іс-шарасын әзірлеу мақсатында ғалымдарды оқыту және тағылымдамадан өткізу, бірлескен ғылыми-зерттеу зертханаларын құру, агроғылымдағы басым бағыттарда бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, технологиялар трансфертін іздеу және әлемге әйгілі ғалымдардан құрылған халықаралық ауыл шаруашылығын зерттеу консультативтік тобына Қазақстанды мүшелікке енгізу мәселелерін қамту шаралары жүргізілді», дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылыми технологиялық және техникалық саясат департаментінің директоры Азат Сұлтанов. Оның пікірінше, елімізде агроөнеркәсіп секторын дамытудың маңызды екінші аспектісі – жоғары білімді мамандарды даярлау. Қазіргі таңда аграрлық нарықтың болашақ мамандарын даярлауда ескі ойлардан арылып, жаңа стандартқа көшуіміз керек. Нарықта ерекше ойлы, тәжірибеге бай мультимамандар, өндіріске инновациялық технологияларды енгізе білетін, бағдарламалар мен жобаларды басқара алатын және бірнеше тілдер арқылы ғылымға қажетті өндірісті енгізуге қабілетті мамандар сұранысқа ие.
Республикамызда 3 бейінді жоғары оқу орны, 14 аграрлық мамандық бойынша 20-дан астам оқу орны кадр даярлайды екен. Оның ішінде 7-уі жекеменшік болса, қалғандары арнаулы оқу орындары. Тек Қазақстанда алдыңғы қатардағы 3 жоғары оқу орнында 22 657 студент білім алуда. Оның ішінде 7,5 мыңы аграрлық саланың мамандары.
Тағы да айта кететін мәселе, Америкада 1 жұмыс орнына 15 жұмыс іздеуші келеді екен, ал бізде 1-2 адам ғана. Бұл жағдайдан аграрлық сектордағы маман тапшылығы өткір мәселе екені көрініп тұр. Себебі біріншіден, бітірушілер ауылға барып жұмыс істегісі келмейді. Жыл сайынғы мемлекеттік грант түлектерінің 50 пайызы ғана ауылға барып жұмысқа орналасады. Көпшілік мамандар ауылда қағаз жүзінде жұмыс істейді, Шын мәнісінде қалада тұрады. Екіншіден, ЖОО-да оқытушылардың айлығы төмен. Мамандар қартаюда. Үшіншіден, еліміз егемендік алған 25 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы саласында 70-ақ жас маман оқуға барған.
Ізденістер жоқ емес
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы ғылымы саласында атқарылған шаруа аз деп ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Назарбаев Университеті мен Үкімет инвесторлармен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы саласындағы әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерін құру бойынша жұмыстар атқаруда. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті зерттеу университеттерінің негізгі базасы болуы мүмкін. Ол ЖОО-ның, аумақтық ғылыми-зерттеу институттарының және тәжірибелі шаруашылықтардың басын қосуы керек.
Экономикалық дамыған елдерде ғылыми-зерттеу институттары тым аз да, тәжірибелік стансалар мен тарату орталықтары көп екен. Мәселен, АҚШ-та 10 ҒЗИ, 91 тәжірибелік станса және 2900 оқу орталығы бар. Аргентинада 6 салалық және 15 аумақтық ҒЗИ, 47 тәжірибелік станса және 320 аграрлық сектордағы білім беру орталығы бар. Ал бізде 23 ұлттық аграрлық ғылыми-ағарту орталығының, 14 тәжірибелік стансаның , 10 оқу орталығының жұмысы тоқтап тұр. Білім мен ғылыми қызметті тарату жүйесі оқшаулануда. Қазіргі уақытта кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ғылыми қолдауының нақты көрсеткіші 2,7 пайызды ғана құрайды. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді оқытудың бірыңғай жүйесі жоқ, негізгі қызметі фермерлерді толық ғылыми-техникалық қамтамасыз ету болып табылатын мамандар жоқ.
«Сала ғылымын жетілдіре түсу үшін күш-жігерді шоғырландыру және бірыңғай үйлестіруді қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі таңға агроөнеркәсіптік кешеніндегі неғұрлым табыстысы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің АгроХАБ-ы болып тұр. АӨК-ті дамыту үшін маңызды технологиялар трансферті жобаларының қолжетімділігімен қатар, тиімді топ құрылды, әдістеме әзірленді және жетекші америкалық технологиялар мен ақпарат орталықтарымен байланыс бар», дейді Ғылыми технологиялық және техникалық саясат департаментінің директоры Азат Сұлтанов. Бұл шаралар аграрлық ғылым мен білім беруді реформалау сатысын аяқтауға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың тиімділігін арттыруға және оларды жүзеге асыруға, жеке сектордан инвестициялар ағынын қамтамасыз етуге және мемлекеттік активтерді тиімді басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»