Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Оралда көпқабатты ғимараттың ша­ты­ры­нан құлаған құрылысшы аман қалды

746 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орал қаласында үш қабатты ғимараттың ша­ты­ры­нан құлап, темір қор­шаулы шарбақтың іс­тік теміріне түйреліп қал­ған құрылысшы ажал­дан аман қалды.

Оралда көпқабатты ғимараттың ша­ты­ры­нан құлаған құрылысшы аман қалды

Оқиға

Қаланың 7-шағын ауда­нын­­да «Бавария» кафесі ғи­­ма­ра­тында жөндеу жұмыс­та­ры жү­ріп жатқан. Шағын топтан тұратын бригада ғима­рат шатырын профлист қа­ңыл­тырмен жауып, аяқтап қал­ған еді. 48 жасар Қайрен Бал­мол­дин бір қолында – «тапан­ша», екін­ші қ­о­лында – бұ­ран­да­лы ше­ге, про­ф­листі әр же­рі­нен бе­­кітіп жүр­ді. Оның бел­ді­гіне бай­лан­ған арқан техника қауіп­сіз­ді­гіне сай жоғарыға тартылып тұрыпты.

«Бір күн бұрын жаңбыр жау­­ғандықтан, ауа райы дым­қыл еді. Шатырдың ең ше­тін бұ­­­­ран­­дауға ұмтыл­ға­нымда, бе­лім­­­дегі арқан қысқалық қылды. Се­­рі­гімнен арқанды босатуды сұ­рап, алға баса бергенімде ая­ғым тайып кетті», деп еске ала­ды Қайрен.

Қайрен шатырдан ұшып тү­сіп, ғимаратты қоршап тұр­ған үшкір темірлі дуалға қалай қа­далып қалғанын білмейді. Ара­да 2-3 секунд қана өткен шы­ғар. Есін жинағанда найзадай те­мір шарбаққа ортан белінен асы­лып тұрғанын байқаған. «Жұ­лыным аман ба екен?!» – Қай­реннің басына келген ал­ғашқы ой осы болыпты.

«Қолыммен арқамды си­пап қарасам, үш сүңгі дене­мді көк­тей өтіп, ұштары шы­ғып тұр екен. Жалма-жан ая­ғым­ның басын, башпайларым­ды қимылдатып көрдім. Ол ыр­қы­ма көнгесін жұлын-жүйем аман екен деп түйдім», дейді Қай­рен. Бұл сағат түскі 12-ге таян­ған уақыт еді.

«Жедел жәрдем»

«Бізге хабар рация арқылы кел­ді. Сол маңдағы №9 ша­ғын ау­данда бір науқастың шақы­ру­ы­мен барып, дәрігерлік көмек көр­сетіп, кейін шыққан бетіміз еді», дейді Орал қалалық жедел ме­дициналық жәрдем стан­са­сы­ның қызметкері, фельдшер Ай­гүл Серғазиева. Хабарды ал­ған бойда жүргізуші Арман Жүнісов көлік рөлін бірден бұ­рып, дабылды басып, оқиға орнына жүйтки жөнелген. Сөй­тіп екі минут ішінде «Бавария» ка­фесіне жетіп үлгерген.

«Жағдайдың ауыр екенін бірден байқадым, – дейді 13 жыл­дық дәрігерлік тәжірибесі бар Айгүл Мақсотқызы. – Бір­ден ауырсынуды басатын дәрі­ні егіп, көп бейінді қалалық ау­ру­хананы да хабардар еттік. Со­сын құтқарушыларды күт­тік».

Құтқарушылар

«Хабар жетісімен №4 ке­зекші-құтқарушы бөлімше жол­­ға шықты», дейді Батыс Қазақ­стан облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құт­­­­қару жұмыстары қызметі ра­диа­циялық химия және био­ло­­гиялық қорғаныс қызметінің же­тек­шісі Алексей Швейкин. Әр­и­не көшедегі көліктер ығы­сып, бізге жол беріп жатты, бірақ Әбілқайыр хан мен Сы­рым Датұлы көшелерінің қи­ылысы әдеттегідей кептеліс екен. Сол тұс қана бізді аз-маз кі­ді­ртті. Оқиға орнына 11 минут­та жетіппіз...

«Жағдайды бірден түсіндік. Зар­дап шегушіні денесіне қа­дал­ған істіктерден суырып алуға болмайды. Біз, құт­қ­а­ру­­шылар – парамедикпіз ғой. Па­ра­медик – зардап шеккен адам­ға алғашқы медициналық кө­мек көрсете алатын адам де­ген сөз. Орал медициналық кол­леджінде әрдайым білім же­тіл­діріп отырамыз. Адам де­не­сіне кіріп тұрған нәрсені бірден суырып алса, көп қан жоғалтуы мүмкін. Сондықтан адамды темірімен бірге кесіп алу керек. «Жедел жәрдем» дә­рігеріне «Ауырсынуды баса­тын дәрі ектіңіз бе?», деп сұ­ра­дым. Мақұлдаған жауап ес­тіг­ен соң жедел іске кіріс­тік», дейді А.Швейкин.

Бір тәуірі – құтқару­шы­лар­дың көлігінде «Holmatro» мар­калы гидравликалық апат­ты-құтқарушы құрал үнемі жү­реді. Оны топ мүшелерінің кез келгені іске қосып, пайда­лана біледі. Өздігінен оталып, тез арада қолданысқа жа­рай­тын құрал небір болат те­мірді турап тастайды. Топ ішінд­е­гі бойы ең ұзын Алексей Сош­кин қайшыны қолына алып, дуалдың жуан істік темір­лер­ден  бірінен соң бірін үзе бастады. Құтқарушылар Нұр­бек Тауашев пен Ерген Меш­қалиев, құрылысшылар, «103» қызметкерлері – бәрі зардап шегушіні жан-жағынан демеп, кө­мектесіп жатты. Істік­тер­ді алыстан айналдыра қи­ып, Қай­ренді жерге түсіріп ал­ған құт­қарушылар «Жедел жәр­­дем» зембіліне жатқызған соң те­мірдің артық бөліктерін та­ғы да қиып, тасымалдауға ың­ғай­лы етті. Сөйтіп дайын тұр­ған «Жедел жәрдем» күй­ме­сі нау­қас­ты салонға салысымен дабыл­датып ала жөнелді.

Аурухана. Қабылдау бөлімі

Орал қалалық көп бейінді ауру­ханасы тәуелсіздіктің 25 жылд­ығы қарсаңында пай­да­лануға берілген. Оқиға болған «Бавария» кафесі осы ауруханадан алыс емес-тұғын. «103» кө­лігі Қайренді 4 минут ішінде кә­сіби маман дәрігерлердің қо­лына табыс етті.

Өте ауыр жағдай болса «103» арқылы бізге алдын ала хабарласып айтады. Бұл жолы да «ауыр жағдайда науқасты алып келе жатыр» деген хабар жет­кен соң, дайындық шұғыл жүр­гізілген.

Сонымен науқастың жаны­на хирургтер Бақтияр Тәш­кен­баев, Ерлан Нұрышев, Ра­шид Дүйсенбеков, уролог Владислав Пономаренко, анесте­зиолог-реаниматологтар Ма­рат Нұрғалиев пен Шынар Фаскина, көмекші персоналдар, баршасы жиналып, бірден іске кірісті. Шынар Хамитқызының епті қимылымен тән азабынан құтылып, қалың ұйқыға кеткен Қайрен Балмолдиннің ендігі тағдыры ақ халатты абзал жандардың қолында еді...

Аурухана. Ота

Ота бес сағаттың үстіне со­зыл­­ды. Ота кезінде дәрігерлер темір­ді суырып алып, бүтіндігі бұ­зыл­ған ішкі мүшелерінің бә­рін қалпына келтірді. Ең қи­ыны – қан тоқтату болыпты. Опе­рация кезінде, одан кейін нау­қасқа өте көп мөлшерде қан, басқа да сұйықтықтар құй­ылған.

«Техникалық жағынан өте күр­делі ота болды. Науқас ер­те­­­сіне көзін ашып, есін жи­на­ған кезде өзім де таңғалдым. Өз­дігінен дем алып, аяқ-қолын қи­мылдатқанда, кейін орнынан тұрып жүріп кеткенде қуан­ба­ған жан жоқ», дейді Рашид Мұхтарұлы.

Жалғанның жарығы

«Білесіз бе, Қайрен Балмол­дин­нің көрер жарығы бар екен. Оның аман қалуына осы іске араласқан барлық қыз­меттің үлесі бар. «103» же­дел жеткен, ТЖ қызметі тез келген. Құтқарушылар қор­шау темірдің денеге кірген сүң­гісін суырып алмай, сол күй­ін­де кесіп алған. Бұл өте ма­ңызды. Суырып алуға болмайды, өйткені сол тұрған те­мір үлкен бір қан тамырды қы­сып, ұстап тұрған болуы мүм­кін. Оны алсаңыз, келгенше қансырап өліп қалар еді. Оқи­ға орнының ауруханаға жа­қын болуы, тез жеткізілуі, жұ­мыс уақытында барлық ма­ман-дә­рі­гердің орнында бол­ғаны, ке­рек­ті барлық құрал-жаб­дық­тың болуы – осының бәрі оң нә­тижеге жеткізді. Егер осы тізбектің қайсы біреуі үзілсе, мұндай болмауы мүмкін еді», дейді Б.Тәшкенбаев.

Санжар Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық меди­цина уни­верситетін бітірген Бақтияр Тәшкенбаев «Болашақ» бағ­дар­ламасы бойынша Оңтүстік Корея елінде де білім алған. «Құ­дайға шүкір, заманауи құрал-жабдық жағынан Оңтүс­т­ік Кореяға жетіп қалдық. Адам өмірін сақтау, дәрігерлік іс-қимылдың нәтижелілігіне мұ­ның да ықпалы көп қой», дейді ол.

Оның үстіне күн сайын ота жасап, әбден жаттыққан тәжі­ри­белі мамандардың білік­тілігі де ең үлкен рөл атқарғаны анық.

Қайрен Балмолдин Орал қа­­лалық көп бейінді ауру­ха­­на­­сында 22 күн жатып, жақын­да үйіне шықты. Ен­ді ол тұр­ғылықты мекенжайы бойын­ша учаскелік дә­рі­гер­дің қада­ға­лауында болады. Нау­қастың өмі­ріне төніп тұрған қа­тер жоқ. Қазір балдақпен қоз­ғалса, болашақта өзі жүріп-тұ­ра­ды дейді дәрігерлер. Тек істік те­мір тесіп өткен сол аяғының ірі қан тамырлары қатты зақым ал­ғандықтан, үнемі күтімді қа­жет етуі мүмкін.

Бірер жылда елуге толатын жігіт ағасы сөзге сараң. Ажал­дың аузынан қайтқан азамат өзін құтқарып қалған барша жан­дарға, әсіресе дәрігерлерге ерек­­ше алғысын айтады. «Әуелі Құдайдың, екінші – осы дә­рі­герлердің арқасы шығар аман қалғанымыз», дейді Қай­рен Балмолдин ақырын ғана.

«Алла тағала сізге ерекше бір миссия жүктегелі отырған шығар. Елге пайдасы тиетін үлкен істердің басынан көрейік енді», деп әзілдеп қоштастық кейіпкерімізбен.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ