Жүргізілген жұмыс және қабылданып жатқан жедел және жүйелі шаралар туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады.
Е. Нысанбаев айтып өткендей, орман қорының жалпы ауданы 29,4 млн га құрайды. Ормандар ел аумағының тек 4,7% қамтиды. Осы жағдайды ескере отырып, 2004 жылдан бастап жұмыр ағаш экспортына тыйым салынған, 2015 жылдан бастап 2018 жылдың соңына дейін сексеуілді отаудың барлық түрлеріне мораторий жарияланған, 2017 жылы сауда орындарында сексеуіл сатуға және күйген орман ағаштарын өңдеуді қоса алғанда қылқан жапырақты ормандарда сауықтыру мақсатында ағаш кесуге тыйым салынған.
Орман отырғызу көлемін арттыру үшін ҚР АШМ облыс әкімдіктерімен бірге облыс орталықтары айналасында жасыл аймақтар құруды ескере отырып, орман өсіру көлемін арттырудың қадамдық жоспарын бекітуді жоспарлауда.
Сондай-ақ, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту жоспарына сәйкес келесі жылы Алматы облысы Іле өзенінің сағасында «Іле-Балқаш» табиғи резерваты және Шығыс Қазақстан облысында «Тарбағатай» ұлттық табиғи паркі құрылады.
«Мемлекет басшысының Астананың айналасында жасыл аймақ құру бойынша тапсырмасы айрықша бақылауда, сондай-ақ белгіленген көлемдер толық көлемде орындалады», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Ерлан Нысанбаев сондай-ақ браконьерлікпен күресті күшейту бойынша жұмыс жайында айтты. 2017 жылы заңнамалық түрде азаматтық қару саны бір аңшыға 4 бірлік көлемінде шектелді. Көктемгі аң аулауға тыйым салынды және табиғатта ауланатын жабайы құс саны тәулігіне бір қолға бес данаға дейін қысқартылды.
Мемлекеттік ұйымдардың инспекторлық құрамының ішінде сыбайлас жемқорлықты бұлтартпау үшін 2017 жылғы маусымда «Сапсан» жедел тобы құрылды. Оның қызметі нәтижесінде биыл бес айда табиғатты қорғау заңнамасы бұзылуының 16 факті анықталды. Е. Нысанбаев сондай-ақ браконьерлік үшін жазалау шараларын қаталдатуды ұсынды.
Бұдан өзге, киіктердің санын арттыру шаралары қабылдануда. Бүгінде жануарлардың саны 108 мыңнан 152 мыңға дейін ұлғайды.
Вице-министр балық шаруашылығын дамыту саласында негізгі міндет су қоймаларының биологиялық әралуандығының төмендеуіне жол бермеу болып табылатынын жеткізді. Пайдаланушыларды міндеттейтін норманы енгізу, балық аулауға үйлесімді бөлінген көлемде балық жіберуді жүзеге асыру ұсынылды.
Соңында орташа мерзімді перспективада биологиялық ресурстар бойынша тұжырымдамалық құжат әзірлеу мәселесі қаралды. Онда өзара байланысты салаларды дамыту — орман шаруашылығы және ағаш өңдеу өнеркәсібі, елді мекендерді көгалдандыру, жасыл аймақтар құру және ағаш өсіру, жалпы биологиялық әралуандықты сақтау мәселелері көрініс табады.
Сондай-ақ отырыс барысында «Ертiс орманы» мемлекеттік орман табиғат резерватының бас директоры Қуандық Байболов, Шығыс Қазақстан облысының Жоғарғы Үбі орман шаруашылығының директоры Григорий Чемоданов, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов сөз сөйледі.