Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

4116 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінде үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы табыстау рәсімі өтті. 

Үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

Салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев және мемлекеттік мекемелердің, сарапшылар қауымдастығы мен ҮЕҰ ұйымдардың өкілдері қатысты.

Рәсімнің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Г.Әбдіқалықова әлеуметтік мәселелерді шешуге елеулі үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы тағайындау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтық қоғам, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар демократияның ажырамас бөлігі деп айтып өткен болатын. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен қоғамдық сананың жаңғыру азаматтар белсенділігінің артуы арқылы жүзеге асатыны анық», деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы қоғамның санасын жаңғырту әлеуметтің белсенділігі, азаматтардың қазіргі заман бен болашақ алдындағы жауапкершілігі болмаса жүзеге аспайтынын жеткізді. Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру және оны қолдау осы бағытта атқарылатын маңызды шаралар қатарында.

Г.Әбдіқалықова Қазақстандағы ҮЕҰ қызметінің тарихына көз жүгіртіп, елімізде тұңғыш құрылған үкіметтік емес ұйым ретінде «Семей-Невада» қозғалысын атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде олардың қызметі қарқын алды. Соның нәтижесінде, қазіргі таңда Қазақстанда 19 мыңнан астам ҮЕҰ тіркеліп, онда 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мемлекеттік хатшының сөзіне сүйенсек, үкіметтік емес ұйымдар Астана, Алматы қалаларында және ОҚО-да белсене қызмет атқарады.

Мемлекеттік хатшы ҮЕҰ-дарға бөлінген қаражат пен олардың атқарған жұмыстарының есебіне тоқталды. Сондай-ақ, елдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жоғары бағалады.

«Осы сыйақы – ҮЕҰ-дардың қызметін мемлекеттің бағалауы. Олардың маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі мол. Солардың кейбірін атап өтуді жөн көріп отырмын. Мәселен, Алматыда Серікқазы Кәкібаланұлының бастамасымен құрылған «Қазақ интернеті» қоғамдық қоры 2005 жылдан бері қазақ интернетін дамытуға елеулі үлес қосып, бес жүзден астам интернет ресурс жасады. Қор жасаған ресурстар ішінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» секілді сайттар бар», деді Г.Әбдіқалықова.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаев өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдардың елімізде атқарып жатқан маңызды рөліне тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызды мәселелердің оң шешімін табу барысында ҮЕҰ-лар мемлекеттің таптырмас серігіне, сенімді әріптесіне айналып отыр.

«Үкіметті емес ұйымдар Елбасының алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге, еліміздің дамуына елеулі үлес қосады. Мемлекет түрлі тәсілдер арқылы оларға қолдау көрсетіп келеді. Осы қолдаудың қатарында мемлекеттің әлеуметтік тапсырыс гранттары және бүгін берілетін сыйақы бар. Мұның бәрі – азаматтық қоғамның және демократиялық саясаттың белгісі», деді Н.Ермекбаев.

Байқауға 2016 өтініш келіп түскен. Арнайы құрылған сарапшылар тобы солардың ішінен 15 аталым бойынша 59 үкіметтік емес ұйымды үздік деп тауыпты. Жүлдегерлерге 4,5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы тағайындалған. Үздіктер қатарында «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі, «Ардагер» қоғамдық бірлестігі, «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» секілді белді ұйымдар бар.

Жүлдегерлердің бірі «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі президенті Есен Елеукен пайымдауынша, мұндай сыйақылар үкіметтік емес ұйымдарды одан әрі белсене жұмыс істеуге ынталандырады.

«Жастар саясаты аталымы бойынша жүлдеге ие болдық. Алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жалғасын таба беруіне тілектеспіз. Мұндай байқаулар игі істер атқарып жатқан ұйымдарға көмек әрі қолдау», деді Е.Елеукен.

Өтінімдердің басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарын, жастар мен балалардың бастамаларын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын және заңды мүдделерін, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту секілді бағыттар бойынша келіп түскен.