Үкімет • 21 Қараша, 2017

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды

318 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үш мәселе қаралды.

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды

Оның біріншісі – Қазақстанның экспорт жағдайы мен отандық компаниялардың сыртқы нарыққа шығуын ынталандыру болса, екіншісі – биологиялық алуан-түрлілікті сақтау және оны орнықты пайдалану, үшіншісі халықты әлеуметтік қорғау және еңбек саласын цифрландыру жайы болды.

Елімізде өндірілген азық-түлікке сұраныс жоғары

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, бүгінде Қазақстан экспорттаушы елдердің ішінде 52-ші орында екен. Еліміз әлемнің 113 еліне 800-ден астам өнім түрін экспорттайды. Атап айтқанда, уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфордан басқа, тағам өнімдерінен ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын сыртқа шығарады. Министрдің айтуынша, соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарған. Әлем елдеріне жеткізілетін өнімнің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі.

Қазақстанда шыққан электровоздар, тепловоздар Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Украина елдеріне экспортталса, елімізде құрастырылған автокөліктер Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Қытайға шығарылады. Енді жолаушылар вагондарын, рельстер мен әскери-өнеркәсіп кешенінің өнімдерін экспортқа шығару көзделіп отыр. Жақында іске қосылған Орал трансформатор зауыты өз өнімдерінің 96 пайызын шетелге экспорттайды екен.

Министр өз сөзінде шет мемлекеттерде қазақстандық тағам өнімдері жоғары сұранысқа ие екенін жеткізді. «Отандық азық-түлік тауарларын жалпы экспорттау көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асады немесе 145 млн тонна өнімді қамтып отыр. Енді біз Ауғанстан, БАӘ мен Иранға ет пен құс етін, Қытайға өсімдік майы мен бал экспорттай бастадық», дейді ол. Сөз арасында министр былтыр «Qazaq Organic Food», «KazMeat», «Halal Kazakhstan» сынды арнайы сапа белгісі бар қазақстандық брендтер тобы құрылғанын еске алып, келешекте отандық кәсіпорындар бірыңғай брендтер аясында шоғарылана алатынын атап өтті.

Ж.Қасымбек фармацевтикалық нарықта да жағымды үрдіс байқалып отырғанын айта кетті. Бүгінде ішкі тасымалдау көлемі 34 пайызға, яғни 19 млн. АҚШ долларына артқан. Негізгі сауда нарықтарынан басқа, фармацевтикалық және медициналық өнімдер алдымен Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды. Жалпы алғанда, қазақстандық өнімдерді экспорттайтын негізгі нарық Ресей, Орталық Азия және Қытай болып қала береді.

Сонымен қатар жыл басынан бері Ресейде тек қазақстандық өнімдерді іске асыратын 20-ға жуық мамандандырылған дүкендер ашылған. Ресейдің сөрелері мен супермаркеттерінде қазақстандық азық-түлік өнімдерінің үлесі де көбейіп жатқан көрінеді.

Мемлекет басшысы шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есеге арттыру міндетін белгілегені белгілі. Осыған орай Үкімет Ұлттық экспорттық стратегия бағдарламасын әзірледі. Бұл құжатта отандық өнімдердің сапасын арттырып, кәсіпорындар арасындағы бәсекелестікті дамыту мәселесі кеңінен қозғалған.

Бақытжан Сағынтаев қазақстандық тауардың экспорты үлесінде органикалық өнімге айрықша екпін қоюды тапсырды. «Біз ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы сауданы талқыладық. Осы орайда органикалық өнім «жасыл себетте» қамтылып отырғанын жақсы білеміз және бұл бағытта ешқандай проблема болмайды. Сондықтан да оған ерекше көңіл бөлу кекрек. Бұл жерде көлем аз болғанымен, баға мәнінде көбірек ұтатынымыз анық», деді Үкімет басшысы. Ал вице-премьер Ерболат Досаев ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті органикалық өнім бойынша төрт стандарттың жобасын даярлап жатқанын жеткізді. «Біз осының барлығын қарастырып, желтоқсанда тиісті ұсынысты енгіземіз», деді ол. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өсімдік шаруашылығынан картоп экспорты 19 есеге, Ресейге томат тұздығы пен қиярдың экспорты 3,5 есеге, Қытай мен Ресейге жаңғақ экспорты 3 есеге өскен. Ұлыбританияға алғаш рет арпа экспортталса, Иран мен Моңғолияға сұлыны жеткізу қайта жаңартылды. Ккүріш, қарақұмық, жарма, майлы дақылдар, жемістер, бақша дақылдары, қарбыз, кептірілген бұршақ пен көкөністер ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Қытай елдеріне 2 есе артқан.

Азаматтарға – оңтайлы қызмет

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осы салада қолға алынған бірыңғай қызметтер жөнінде баяндады.

Министрдің айтуынша, бірыңғай ақпараттық жүйе дегеніміз – 14,5 млн азаматтың дерекқоры. Бұл дерекқор онлайн режімде жаңартылып отырады әрі азаматтарға көрсетілетін барлық қызмет түрі автоматтандырылған. Осы оңтайлы қызмет бүгінге дейін 19 млн азаматқа көрсетіліпті.

Жалпы, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды дамыту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылуда екен. Оның біріншісі – бірыңғай электронды еңбек биржасы. «Ертеректе еңбек нарығының құрылымы бөлек-бөлек болатын. Жұмыс іздеуші сабылып, бірнеше жұмыс берушіні аралап шығатын болса, кәсіпорынның жұмыс берушімен әңгімелесуі көбінесе нәтижесіз болатын. Осыдан келіп, әсіресе, жұмыс іздеуші азамат жапа шегетін әрі уақыты мен қаржысын текке кетіретін. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы қазан айынан бастап еліміздің 4 өңірінде бірыңғай электронды еңбек биржасы іске қосылды», Тамара Дүйсенова. Оның айтуынша, бұл қызметтің тиімділігі сол, жұмыс іздеуші ешқайда сабылмай, интернет арқылы мәселесін шешуге болады.

Сондай-ақ еңбек келісімшарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесін енгізудің арқасында қазақстандықтар еңбек кітапшасынан құтылатын болады, яғни еңбек келісімшарттарын электронды форматқа көшіру қағаз еңбек кітапшасын алып тастауға мүмкіндік береді. Бұл жоба арқылы азаматтың қазіргі ресми жұмысы, бұрынғы жұмыс өтілдері туралы ақпарат алуға болады. Осы жоба әзірше бір облысында тәжірибе ретінде енгізіледі.

Т.Дүйсенова мүгедектікті анықтау қызметі де цифрландырудың арқасында жетілдіріліп отырғанын жеткізді. Егер бұрын мүгедектіктігін дәлелдеп, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге қол жеткізу үшін еңбекке жарамдылығын жоғалтқан адам 3 мекемеге жүгінетін болса, қазір тек медико-әлеуметтік сараптама қызметіне жүгінеді.

Цифрландыру мәселесіне қатысты Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз алып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын цифрландыруда бірқатар жетістіктер барын атап өтті. «Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жан-жақты әзірленіп жатқаны белгілі. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған осы іргелі бастаманың аясында алдымызда көптеген міндеттер тұр. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне архитектура әзірлеу барысында министрліктегі негізгі мәселелер айқындалып, автоматтандыруға жол ашатын стратегиялық маңызды бағыттар нақтыланды», деді ол. Министр негізгі жетістіктер ретінде қайталатын ақпараттық жүйелерді біріктіру, оларға арналған шығындарды оңтайландыру мәселелерін алға тартты. Қолға алынған жұмыстарға байланысты жобалардың архитектурасы мен жол картасы әзірленген. Соның ішінде маңыздысы – электронды еңбек биржасын дамыту, әлеуметтік мәртебелер мен әлеуметтік көмекті есепке алудың бірыңғай жүйесі, қызметкерлердің профилін жүргізу және еңбек шарттарын есепке алу жүйесін құру, проактивті әлеуметтік қызметтер көрсету үшін өміршең жағдайлар жүйесін есепке алу.

Орман – қоршаған ортаның қорғаны

Биологиялық алуантүрлілікті сақтау және оны пайдалану жөнінде Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев республиканың орман қорының жалпы алқабы – 29,4 млн гектар, оның ішінде орман көмкерген жер 12,7 млн гектар екенін айтты. Бұл орайда биік діңді ағаштардың үлесі небәрі 3,3 млн гектарды немесе республика аумағының 1,2 пайызын құрайды. Осы жайтты ескере отырып, министрлік бірқатар жұмыстарды қолға алған. Атап айтқанда, 2004 жылдан жұмыр ағаш экспортына тыйым салынған. 2015 жылдан сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне мораторий жарияланды, биыл республиканың сауда орындарында сексеуіл сатуға тыйым салу шарасы енгізілді, сонымен бірге, ағашы өртенген алқапты қалпына келтіруді қоса алғанда, қылқан жапырақты ормандарда санитариялық мақсатта ағаш кесуге қатаң тыйым салынған.

Е.Нысанбаевтың айтуынша, орман шаруашылығын жүргізудің негізгі құжаттары орман орналастыру материалдары болып табылады. Қазіргі кезде 30 орман шаруашылығында 6,2 млн гектар және ерекше қорғауға алынған 12 табиғи аумақта 3,5 млн гектар мемлекеттік орман қоры алқабында орман орналастыру жобалары жүргізілмеген. «Бұл проблеманы шешу үшін орман орналастыру жұмыстарын қаржыландыруды 2022 жылға дейін орташа есеппен алғанда жылына 400 млн теңгеге кезең-кезеңмен ұлғайтып отыру қажет», деді ол.

Браконьерлікпен күресті күшейту жайына тоқталған Е.Нысанбаев биыл аңшылық қарудың саны 1 аңшыға шаққанда 10 бірліктің орнына 4-еуге дейін заңнамалық тұрғыда шектелгенін атап өтті. Аңдарды қорғау мақсатында жүргізіліп отырған осы шара бес жылға дейін ұзаруы керек деп есептейді министрліктегілер. Себебі биыл бес айдың ішінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 16 фактісі анықталып, олардың материалдары құқық қорғау органдарына берілген.

Үкімет отырысын түйіндеген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев күн тәртібінде көтерілген мәселелерге орай нақты тапсырмалар беріп, мемлекет үшін маңызды міндеттерді жұмыла орындау қажеттігін ескертті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар