Оған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Астана-Мюзикл» театрының директоры Асхат Маемиров, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы және Наталья Сац атындағы республикалық балалар мен жасөспірімдер орыс театрының директоры Надежда Горобец қатысып, форум қонақтарын қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты елдегі бірқатар жобалармен таныстырды.
Еліміздің киелі жерлерінің жол картасын құруға бағытталған «Қасиетті Қазақстан» жобасымен осы аттас ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы таныстырды. «Бүгінгі таңда біз мыңға жуық нысанды анықтадық. Біз тек киелі, қасиетті жерлерді ғана анықтап қоймай, соған байланысты туындаған аңыздарды да жинаймыз, интерактивті карталар жасаймыз. Мұның бәрі туристерді тарту, бүкіл әлемге біздің мұрамызға қызығушылық тудыру үшін жасалады», деді ол.
Ал Қазақстан театрларының даму деңгейін Надежда Горобец баяндады. «Еліміздің театрларында барлық репертуарлар қаржыландырылады. Мұнда әр ұлт өзінің өнерін насихаттауға мүмкіндік алып отыр», деді ол.
Еліміздің атынан Санкт-Петербургке барған делегация VI Халықаралық мәдени форумға өз бағдарламаларын ұсынды. Мысалы, 16 қараша күні Михайлов театрының сахнасында «Астана Балет» пен «Қазақконцерт» ұжымдары бірігіп гала-концерт өткізді. «Ұлы дала мұрасы» атты хореографиялық миниатюралар мен ұлттық нақыштағы балет фрагменттері көрсетілді. «Махаббат. Жоғалту. Қорқыныш» балеті, Эдит Пиаф, Шарль Дюмон, Жак Брельдің музыкалық әуені таныстырылды. Сондай-ақ мерекелік кеште этно-фольклорлық «Номад» ансамблі еліміздің ұлттық дәстүрлі мәдениетін таныстырды.
Ал «Манеж» орталық көрме залында «Қазақфильм» киностудиясы Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал» туындысын ұсынды. Оған ауылда өмір сүріп жатқан қарапайым адамдардың тағдырлары өзек болған. Режиссердің ауыл тіршілігін әзіл-қалжыңмен өрнектеген бұл кинокартинасы Оңтүстік Кореядағы 20-шы Пусан халықаралық кинофестивалінің «Жаңа ағым» секциясы бойынша бас жүлдеге ие болғанын, сондай-ақ былтыр Францияда өткен XXII халықаралық Азия кинофестивалінде екі бірдей жүлдеге лайық деп танылғанын айта кетсек те артық болмас.
Санкт-Петербургте өткен форум барысында Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастық саласындағы қарым-қатынасының бекем екені байқалды. Өнер адамдары арасындағы таныстық, жаңа жобаларды бірігіп жасау сынды қарым-қатынастар өнерге серпін беретіні анық. Бұл орайда «28 Панфиловшылар» фильмін түсірудегі ынтымақтастыққа байланысты еліміздің Мәдениет және спорт министрінің ресейлік әріптесі Владимир Мединскийге алғысын білдіруі де осы форум шеңберінде жүзеге асты. Жалпы мұндай деңгейдегі форумдардың бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асырудың таптырмас мүмкіндік алаңы екені де анық.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»