Алик Жатқамбайұлының жұмыс сапары Осакаров ауданынан басталды. Аудан орталығындағы емханаға, Халыққа қызмет көрсету орталығы, көші-қон полициясы қызметі, емтихандық-тіркеу бөлімі және мемлекеттік кірістер басқармасына барды. Емханада төрағаның орынбасары мекеме көрсететін қызмет көлеміне назар аударды. Аталған нысан жергілікті тұрғындарға 12 түрлі қызмет ұсынып отыр. Бұл қызметтерді жүзеге асыруда жаңашыл технологияларды қолдануға баса ден қойылған. Электронды үкімет, яғни «e-gov» арқылы жұмыс жүргізілуде. Бұл жүйе емханада үш жылдан бері қолға алынуда. Мұнда көрсетілетін қызметтер тізімі туралы ақпарат алып, соған сәйкес ыңғайлы уақытта дәрігер көмегіне жүгінуге болады.
Басқарма жұмысына қаныққан төрағаның орынбасары қызмет барысын оңтайландыру бойынша бірқатар мәселе тақырыбында сөз қозғады. Ғимарат ауданының тиімді пайдаланылмай отырғандығын сынады. Нақты айтқанда басқарма басшысы дәретхана, жуынатын бөлмесі, қосымша шығу есігі бар демалыс бөлмесін жабдықтаған. Мұндай ескертулерді Алик Жатқамбайұлы сапар барысында барған Теміртау, Шахтинск қалаларының мемлекеттік кірістер басқармаларының басшыларына да айтты.
Жұмыс сапары Теміртау қаласында жалғасты. Мемлекеттік қызметтер сапасын сараптау мақсатында шаһардағы мекемелерге барған Алик Жатқамбайұлы қала активімен кездесті. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында өткен бұл жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы шаралар талқыланды.
– Қала активімен кездеспес бұрын бірқатар мемлекеттік мекеменің жұмысына көз жеткізгенді жөн көрдік. Келешекте жойылуы тиіс кемшіліктер бар. Бірақ жалпы алғанда, жұмыс жақсы ұйымдастырылған. Бүгінде Қазақстан қоғамы коррупциядан ада заманауи құқықтық мемлекет құруға күш салуда. Тұрғындардың шынайы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында электронды үкімет жүйесі енгізілді. Бүгінде қазақстандықтар бұл мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануда. Қазіргі таңда еліміздегі барлық мемлекеттік қызметтердің 47 пайызы электронды форматта жүзеге асырылады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Алдағы жылдарда электронды қызмет көрсетілу межесін 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қалған 10 пайызы сервистік ұйымдар, мемлекеттік корпорациялар арқылы атқарылады, – деді Алик Жатқамбайұлы.
Жиында сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қамауға алынған шенеуніктер туралы ақпарат берілді. Коррупциямен күрес амалдары туралы әңгіме өрбіткен төрағаның орынбасары алдын алу шараларының тиімділігі туралы айтты. Келесі күндері Алик Шпекбаев Қарағанды қаласындағы тұрғын үй қатынастары бөліміне, әлеуметтік төлемдер жөніндегі ведомствоаралық есеп айырысу орталығына, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, Достық үйіне, №3 қалалық емханаға, Қазыбек би аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына және басқа да мекемелерге барды.
Қарағанды қаласынан кейін Саран, Шахтинск қалалары мен Абай ауданында болды. Сол күні кешке Алик Шпекбаев облыс әкімі Ерлан Қошановпен бірге Қарағанды қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясының отырысына қатысты.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы