Медицина • 23 Қараша, 2017

Күнгейде күнде той... Ысырапшылдыққа тосқауыл бола ма?

1539 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкентте бүгінде 400-ден астам тойхана, 70-тен аса продюсерлік орталық бар екен. Осы қаптаған тойхана иелері мен продюсерлердің және олардың қызметін пайдаланатындар үшін саңылау тауып, саңырау саналарды сілкіп өте алмай тұрған бір мәселе бар секілді. Алдыңғыларында материалдық мүдде бірінші орында тұрса, тұтынушысында жалған намыс пен дарақылық басым. 

Күнгейде күнде той... Ысырапшылдыққа тосқауыл бола ма?

Суретті салған Айдарбек Ғазизұлы, "Егемен Қазақстан"

Әйтпесе, біз айтқалы отырған мәселе түрлі деңгейде талай көтерілген де болатын. Әзірге көңіл көншітерліктей нәтиже болмай тұр. Тіпті «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына дейін араласып, жергілікті «NAR» телеарнасымен той мәдениетін түзеуге арналған бірлескен жобаны қолға алуы, тиімді ұсыныстарға арнайы байқау жариялауы осының айғағы.

Қазақтың тойсыз күні жоқ. Бұл орайда той өткізуде өзге аймақтардың ішінде Шымкентпен бәсекеге түсетіндер аз, әрине. Хан сарайынан кем емес тойханаларды, дастарқанға қойылатын тағамның түр-түрін, тойдың ерекше сценарийін Шымкенттен табасыз. Белгілі қаламгер, публицист Мархабат Байғұт айтпақшы, оңтүстікте «дүйсенбі мен жексенбінің, қаңтар мен желтоқсанның арасында да той қызып жатады». Яғни, тойханасы бардың табысы мол.Тойхананың табысы бөлек әңгіме, айтайын дегеніміз өнегесімен, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрінің қатаң сақталуымен тәрбие ортасы ретінде де есептелетін тойлардың бұрынғы деңгейінен құлдырап, дарақылық пен даңғазаға айналып бара жатқаны еді.

Дәстүр мен дарақылықты шатастырып алғандардың, ысырапшылдыққа жол беретіндердің көптігі еді. Бүгінде тойда бір-бірімен жаға жыртысқан, алкогольді ішімдік ішіп, жұрт мазасын алған, ортаға шығып алып тұрпайы іс-қимылымен өзгелерге ыңғайсыздық тудырған қонақтар әлеуметтік желіде жұлдызға айналуда. Тойға деген бұрынғы көзқарас өзгеріп, бұрнағы тәрбие құралының маңызы азайып бара жатқан секілді. Осы қарқынмен жалғаса берсе той жын-ойнаққа айналып кетпей ме деген қауіп те бар.

Ілгеріде Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі мен «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық кеңес хатшылығы және бірқатар бірлестіктер той өткізу мәдениетін қалыптастыру жөнінде мә­се­ле көтеріп, кемшін түскен және шектен шық­қан тұс­тар­ын өзгертуге мән берілген үндеу де жария­лаған-ды. Алайда, ақсақалдардың ақылына құлақ асқан­дар аз.

Шымкенттегі тойға елдің өзге өңірлеріндегі тұрғындар қызығып та, қызғанып та қарайтыны белгілі. Тіпті аста-төк жайылған дастарқанды кейбіреулер ысырапшылдық десе, кейбірі мақтап отырады. Оңтүстікте үлкен тойларға орта есеппен 500-600 қонақ келеді. Қазір дағдарыс әсер етпейтіндей, кез келген қуанышын елмен бөлісуге асығатындар аптаның кез келген күні тойға шақырады.

Тойханаларда әрбір қонаққа алынатын орташа баға 4000 теңге болады екен. Ал егер қалтаңыз қалың болса, 10-15 мыңға дейінгі салтанат сарайын табуға болады. Бағасына қарай қызметі де арта береді. Тойханалар дизайны жағынан бірінен-бірі асады. Продюсерлік орталықтар ұсынатын тойға қызмет көрсету ақысының бір-бірінен айырмашылығы шамалы.

Бірдей дерлік мәзір. Мысалы, асабалардың ең арзаны – 70 мың тең­ге­ден басталады. Мәзірдің келесі беттерінде әнші­лер. Ең арзаны – жергілікті әншілерге 50 мың теңге­ден төлейсіз. Әр ән айтып шыққаны бөлек сома. Бір шыққанында екі ән айтатыны және бар. Егер той­ды ерекше сценариймен өткізіп, «Қыдыр ата», «Қыз жеңгелері», «Алдар көсе», «Алтын жауын­гер» сияқты кейіпкерлерді шақырсаңыз, олар­дың әрқайсысының өз бағасы бар. Өзге тойларда көр­сет­кен қызметіне қарап отырып таңдайсыз. Оңтүстікте шілдеханадан бастап, баласының тілі шықса да, түген жасқа келсе де той жасайтындар жоқ емес.

Тіпті бес қыздың әкесі перзенттерінің құрметіне орай «Бес жұлдыз» деген той жасағанын да естігенбіз. Қыз ұзату, үйлену, сүндет тойлардың әрқайсысының өзіне тән жөн-жоралғылары да аз емес. Жабылатын шапан, тағылатын үкі, қалыңдықтың көйлегі, сүндеттелген баланың киімі… Тізбелесек, бір той өткізудің машақаты тағы да екі еселененеді. Тойханаға сүліктей қара шетелдік көлікті алып кіргізетіндер, рөліне сүндеттелген балақайды отырғызып, бесіктен белі шықпаған ұлға «міне, мынау сенің мәшинең» деп қолына кілт тапсыратындар да жоқ емес. Есімі елге мәлім әншілер, алматылық, астаналық әйгілі кино, театр жұлдыздары асабалық етуге Шымкентке 3 мың доллардан жоғары ақыға келеді.

Сіз той өткізетін күні оларды шақырған өзге «клиенттер» жоқ болса, онда қызмет ақысына ұшақпен келіп кету жолкіресін қосады. Айтпақшы, екі жастың қуанышына арналған салтанаттарда тойға дейінгі шеру деген бар. Продюсерлік орталықтағылардың айтуынша, оған 400 мың теңгедей қаржы кетеді екен. Бұл қаржы той кортежі мен тойға дейінгі мейрамханадағы отырысқа жұмсалады. Тіпті «гулянкаға» 1,5-2 млн теңге жұмсайтын жомарт жандар да бар. Той шеруінде қымбат кортеждерден бас тартып, тікұшақ жалдаған шымкенттік жас жұбайлар қайбір жолы елді әбден шулатқаны белгілі. Қысқасы, Шымкентте шамасы келгендер шашылғанды қалайтын секілді.

Дарақылық, даңғазалық жат әдет екені, ысырапшылдыққа жол бермеу айтуға ғана оңай болып тұр. Жылдан-жылға өз қуанышын өзгеден асыра тойлағанды әдетке айналдырғандар азаймай отыр. «Өзгеге өткізіп қойғанымды қайтарып алам» деген тоғышар пиғылда той жасаушылар да баршылық. Өткізгені мейлі, азын-аулақ беделін пайдаланып, «жинап» алу пиғылымен бұрын араласпаған басшы атаулының бірін қалдырмай шақыратындар табылуда. Той саны артқасын, оның сапасы кемиді.

Жай ғана отырыс деңгейіне құлдырайды. Келгендердің көбі «тойанасын» бере қайтуға асығады. «Бір айда отыз той, отыз тойға қорадағы отыз қой» деген әзілге құрылған сөз тіркестері осындайдан шықса керек. Бұл мәселені өзгертуге, той мәдениетін қалыптастыруға тырысып жүргендер аз емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақсақалдар мен зиялы қауым үнемі мәселе көтеріп, дабыл қағумен келеді.

Бұл орайда той мәдениеті шақыру қағазынан басталатынын, қонақтар санын мейлінше азайту қажеттігін айтушылар аз емес. Мысалы, «тойға шақыру міндет, кешікпей келу ізет» деген жазудың өзі тойдың уақтылы басталуына оң әсерін тигізері анық. Сондай-ақ той барысында жұрт ортаға топырлап шығып, ағыл-тегіл тілек айтпай, бәрі отырған орындарында тілектерін ақ қағазға жазып бергенін жөн санайтындар жетерлік. Қонақ кешікпей келу арқылы да той егесіне деген құрметін білдіреді. Алайда, оңтүстікте бұл жағы да ақсап тұр. Азаматтардың тойға деген «талпынысын» жақсы түсінетін тойханалардың қожайындары да түрлі қызметтер ұсынып, құрақ ұшады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Шымкентте тойхана салу табысты бизнес болып тұр. Кәсіпкерлер мұны сұраныстың көптігімен байланыстырады. Алайда сол көптеген тойханалардан түскен салық мардымсыз. Бұл арада кәсіпкерлердің кіріс пен шығысын ашық көрсетпейтіні анық. Айталық үлкен тойларда бір күнде 40-50 даяшы елге қызмет көрсетсе, оның 4-5-еуі ғана құжат арқылы жұмысқа алынатынын, тек соларға салық есептелінетінін құзырлы мекемелер қанша айтқанымен құлақ асқан кәсіпкер жоқтың қасы.

Иә, көп қазақ тойды қарызға өткізетіні, сол қарыздың соңы қайғы-мұң, пұшайман болып, бармақ тістеуге ұласатыны жасырын емес. Өкінішке қарай, жаңа өмір бастаған жас жұбайлардың қадамы қарызға толып, жас отаудың қарызбен тігілетіні көпшілікке ой салмай тұр!? Дарақылықпен малын, қаражатын жұмсауда ысырапшылыққа жол беру тыйылар емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы мәселеге де қатысты және сананы сілкіндірер маңызды ой айтылды.

«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт¬пейінше, біздің толыққанды жаңғы-руымыз мүмкін емес» екенін айтқан Елбасы өзгерудің нақты жолдарын да атап көрсетті. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», делінген Елбасы мақаласында. Қуанышын бөлісіп, той жасағысы келетіндер ғана емес, тойхана иелерінің де прагматизмнің мән-маңызына терең бойлап, жадында сақтағанын қалар едік.

Әйтпесе қандай да бір той-томалақ, іс-шара өткізгенде материалдық жағдайына қарамастан барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру қоғамда азаймай отыр. Дәулеті асқан жандар бірнеше миллиондарын сарп етіп, шетелдерден әнші, биші шақыртып ұлан-асыр той жасайды. Ал жағдайы төмен жандар қатарынан қалмауды, жалған намысты желеу етіп банктерден жоғары пайыздық несие алып, той жасау әдетке айналғандай. Мұның өзі ысырапшылдық. Тойға тыйым салу немесе шектеу қоюды қалап отырған жоқпыз, әйтсе де астамшылыққа тосқауыл болатын барлық амалды қолдайтынымыз аян.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»