Бұл ретте Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да мал шаруашылығы негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылып, оның экспорттық әлеуеті жоғары екені атап өтілгені мәлім.
Жалпы, қазақ жерінде негізгі төрт түліктің қай-қайсысын болса да өсіруге қолайлы табиғи жағдай бар. Мыңғыртып қой айдап, келе-келе түйе өсіруге де мүмкіндік мол. Бірақ бүгінгі заман ыңғайында саннан гөрі сапа басымдыққа ие болғандықтан, асыл тұқымды мал шаруашылығының өрісін кеңейту аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті де елімізде асыл түліктің санын көбейтуге көңіл бөлініп, мемлекеттік қолдау шаралары да жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осы орайда біз қой шаруашылығына, соның ішінде қаракөл шаруашылығында атқарылған істерге, осы салада қызмет еткен ғалымдардың еңбегіне де тоқталғанды жөн санаймыз.
Сондай ардақты азамат, дарынды ғалымдардың бірегейі, халықаралық қаракөлшілер қауымдастығының төрағасы, қазақ ұлтынан шыққан жалғыз үш мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Хисметолла Үкібаев.
1968-1971 жылдары Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқып, «Будан қаракөлшілер алу әдістемесін шешу» ғылыми тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстарын академиктер В.Юдин, Н.Гигинейшвилидің жетекшілігімен Атырау облысының Ембі ауданында жүргізеді. Ғылыми жаңалығы жоғары бағаланып, бірнеше авторлық куәлік алып, жабық докторлық диссертациялық ғылыми кеңесте ғылыми зерттемелерін сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанады.
Жас ғылым кандидаты аспирантураны бітірер тұста Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясы Қалмақ АКСР-нің 1-ші хатшысы Б.Городовиковтің сұрауы бойынша қаракөл қой шаруашылығының ғылыми-зерттеу зертханасын ұйымдастыруға жолдама алады. Қалмақтың ет бағытындағы ірі қара өсіру ғылыми-зерттеу институтында қаракөл қойын ғылыми-зерттеу зертханасын ұйымдастырып, екі жыл еңбектеніп, 5 шаруашылықтың қаракөл қойларын сұрыптап, «Полынный» кеңшарында асыл тұқымды қаракөл фермасын ұйымдастырып, 1980 жылға дейінгі асылдандыру жоспарын жасап, бекітіп береді. Гурьев облыстық партия комитетінің шақыруымен 1973 жылы Гурьевке (қазіргі Атырауға) келіп, Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Батыс бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
Сол жылдары Қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жоғары шенді офицерлердің бас киімін тігетін көк түсті қаракөл елтірісін өндіретін қой тұқымын шығару бойынша мемлекеттік тапсырыс берілген болатын. Осы тапсырманы орындау үшін «Гурьев» асыл тұқымды әртүрлі көк қой шаруашылығында жоғары дәрежелі селекциялық жұмыстар ұйымдастырады. Елтірінің сапалы I сорттылығын 95%-ға, көк елтірінің үлес салмағын 68%-ға гомогенді жұптастыру арқылы жеткізіп, соның нәтижесінде шаруашылық Одақ бойынша социалистік жарыста бірінші орынға ие болып, 1980 жылы «көгілдір реңді» қой тұқымының гурьевтік (атыраулық) зауыттық түрі шығарылады. Бұл зерттеу жұмыстары бойынша бірнеше авторлық куәлік алынып, 1982 жылы авторлар ұжымына, ішінде Х.Үкібаев бар, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық беріледі.
Қазақстанға келгендегі алдына қойған мақсаты қазақы қой мен қаракөл қойын Сұрхандария сұрымен будандастырып, жергілікті жердің климаты мен табиғатына, жайылымы мен шөліне, ұзақ қарлы суығына бейім жаңа құйрықты қаракөл қойын шығару болатын. Бұл жұмысты ол 1974 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы құйрықты қазақы қой өсіретін «Қызылту» кеңшарында бастады. Сұрхандария сұрымен будандастыра отырып, үшінші сатыдағы будан қойларды өзара жұптастырып, негізінен елтірілік бағытта селекциялық зерттеулер жүргізді. 1991 жылы Одақтың мемлекеттік комиссиясының қорытындысымен қаракөл қойының Қазақы сұр тұқымды түрі бекітіліп, авторлық куәлік алынды да, елтірілері Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде жоғары бағаланып, дарынды ғалым Хисметолла Үкібаевқа көрменің Үлкен алтын белгісі берілді.
Шөл және шөлейт аймақта өсірілетін қаракөл қойының көбеюіне байланысты жайылым тоза бастады, оны түбегейлі жақсартуда терең зерттеулер жүргізілді. Ғылыми жұмыстың кең ауқымда өндіріске енгізілуіне орай Хисметолла Үкібаевқа және басқа ғалымдарға Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Сұрхандария сұрымен жергілікті қазақы қойын будандастырып, екінші сатыдағы будандарды өзара жұптастырып, дене бітімін құйрықты қазақы қойға ұқсастырып, елтірісін Сұрхандария сұрына келтіру бағытындағы селекциялық жұмыстың нәтижесінде 1998 жылы дүние жүзінде теңдесі жоқ Атырау, кейіннен қазақтың елтірілі, етті-майлы, құйрықты қой тұқымы шығарылды. Осы үлкен ғылыми еңбектері үшін 2005 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен авторлар ұжымына, оның ішінде Хисметолла Үкібаев та бар, Қазақстан Республикасының ғылым, білім және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
«Қаракөл» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры бола жүріп Х.Үкібаев білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Институттың механикаландыру бөлімінде зауыттық мекеме орталығы тұрғызылып, 112 жылжымалы қой қорасы, селекциялық іріктеуге жиналатын аулалар жасалып, шопандарға таратылып, тозған жерлерді қоршайтын жылжымалы механикаланған мекеме ұйымдастырылып, 200 мың гектар жер қоршалып, сексеуіл, жусан, изен және басқа жабайы өсімдіктер егілді.
Институтта жаңа иммуногенетика, биотехнология, гистология және морфология, криогенді технология, түйе шаруашылығы механикаландыру бөлімдері мен зертханалары ұйымдастырылды. 10 ғылым докторы, 55 ғылым кандидаты диссертацияларын қорғады.
Хисметолла Ысқақұлы сексен жасқа ғылыми шығармашылық ойы толысқан, ғұлама білімді, жігерлі, кеңпейілді, іскер, тынбай ізденуші, шабытының шарықтаған шағында жетіп отыр. Ол өзінің жинаған өмірлік тәжірибесін тәуелсіз Қазақстанның өркендей беруі үшін аянбай жұмсай бермек.
Сүндет КӘРІМОВ
Мәскеу