Қазақстан • 23 Қараша, 2017

Несіпбек Дәутайұлы: Шығармашылық иесі өзгеге тәуелді болмауы тиіс

1384 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жақында белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Тәлей» атты әңгімесін оқыған едім. Сезімдері шынайы бола тұра, қосыла алмаған аяулы адамдардың хикаясы... Арадағы қашықтық, жас айырмашылығы, сосын кейіпкерлердің сезімге селкеу түсірмей, аялап өткісі келетін кездері айтылады шығармада. Араларында болған ана бір оқиғада қыздың аузымен айтылатын: «Мен сізден жеңіліп қалдым, ағай!» дейтін сөз тағы бар. Осы сөз жүректі селт еткізеді.

Несіпбек Дәутайұлы: Шығармашылық иесі өзгеге тәуелді болмауы тиіс

Бұл әңгімеде айтылар жайтты жазушы өз басынан кешірген екен. Сосын көркем шындық қосып, көркем дүниеге айналдырған. Батысқа бет алған пойыз купесінен басталған сезімнің әңгімесін жазушы өзі айтып берді. 

Ендеше Несіпбек Дәутайұлымен болған рухани әңгімеге ден қойыңыз... 

Артыңызға бұрылып қара­ған­да сүйініш көп пе, өкініш пе?

– Өкініш көп қой... Өкіні­ш­тісі сол, өлең мен өмірдің ара­сындағы қамшының сабындай қысқа ғұмырда көп уақытты бекер жо­ғал­тып алады екенбіз. Серілік пен перілік, тұрмыстың күйбең тір­лігі бәрі уақытты жейді. Өзің де сол бітпес тірліктің шыла­уында кетесің. Уақыт ұзаған са­йын адам өз мүмкіндіктерінің азая бастағанын сезеді екен. Осы жетпісінші күзде бүгінге дейін не тындырып, не қойдым деген сұраққа көп тірелдім. Өмір­де бұдан да көп іс тындыруым мүмкін еді ғой деген ой ылғи жанды жейді. Жеке бас­тың сұрағына жауап іздейтін ойлардың құшағына күнде қамалып жатырмын.

– Сипай қамшылай салатын жерде сабап жіберетін мі­­не­зіңіз бар сынды. Сол мінез­дің шығармашылықта жо­лыңызды тұсаған кезі болды ма?

– Адамның мінезін алдын ала ешкім болжай алмайды, тіпті адамның өзі де. Айналада болып жататын жөнсіз жайттар көп. Ол әдет кімнен көрінсе де, бас салып, осып жіберетін кездерім бар. Қамшымен емес, әрине. «Тәйт!» деп, тілмен тыясың. Ол мі­не­зімнің шығармашылығыма кесірі болған жоқ. Өйткені шы­ғармашылығым ешкімге тәуелді емес. Жазған дүниемді біреудің алдына көтеріп бар­ған емеспін. Керісінше «Жазғанда­рыңыз бар ма? Соңғы уақытта не жаз­дыңыз?» деп менің өзімнен сұрап жатады. Шығармашылық адамы ешқашан да өзгеге тәуелді болмауы керек. Тәуелді болса, өзіне-өзі, көзқарасына, пайымдауына тәуелді болсын.

– Сіз туралы зиялы қа­уы­м­ның аузынан: «Не­сіп­бек­тің өзі тұрған өңірде үл­кен кісілік сипаты бар екен. Мерейтойында осыны бай­қа­тып, халқы төбе­сіне көтерді» де­генді естідік. Ха­­лық­тан көр­ген ілтипатқа ризасыз ба? Не бай­қап, не түй­діңіз?

– Жеке адамның мәртебесі, абыройы мен беделі қай кезде де екінші кезекте тұруы керек. Бірін­ші кезекте ел-жұрттың амандығы тұрғаны абзал. Жақ­сылықта да, қиын күндерде де адамды алып шығатын ел жұр­ты, халықтың ілтипаты. Сон­дықтан алдымен ел-жұрттың шаруасымен айналысу қажет, ауыл-аймаққа қарайласып, қай кезде де халықтан тамырды үз­бей отырған дұрыс. Жазумен кез­ келген уақытта айналысып­ алар­мын. Алғашқы кезекте адам­­ның тағдыры, жай-күйі. Мен атқамінер әкім-қаралардың кө­бімен жақсымын.

Бірақ, мен олар­дың алдына өз шаруаммен барып көрген емеспін. Тек біреу келіп айтып, өтінсе, мен барамын. Сол адамның шаруасы шешілу үшін азаматтықты, құдай, аруақты алға саламын. Сөйтіп әлгі аза­маттың айтқан шаруасының аяғына шыққанша, жаным қал­майтыны бар. Бала кезімнен алдымен айналаңа қарайласуды көкейге түйіп қалғанмын. Ме­рей­тойымды ұйымдастырып, өт­кізіп берген ел азаматтарына рахмет, әрине. Жазушыға құрмет көрсетілсе, алдымен менің емес, сол елдің мәртебесі көтеріледі. Той­дың тұсында қадір білер азаматтардың бар екенін көріп, көңілге түйдім.

Менің де ел-жұртым бар ғой Таразда. Басында Кәрім Көкірек­баев тұрған. Ал енді, Нұрлан Ноғаев мерейтойымда 10 кісіден құралған делегация жіберсе кісілігі.

– Бұрындары Дидахмет Әшім­­­ханұлы: «Мен шығарма жа­­зарда қазақтың қара өлеңінің жо­лымен шығарманың жобасын жазып шығамын» – деу­ші еді. Жүсіпбек Қорғасбек те әңгіме жазардың алдында ал­дымен өлең жазады екен. Сұ­­райын дегенім, жазуға оты­рардың алдында өлең, ән, әуен деген дүниелер сізді де түрте ме?

–Өтірік айтып қайтемін, жазардың алдында мен ештеңе іздемеймін. Бірақ, шығарма жазардың алдында бір ашу қысады. Осы ситуациядан неге шыға алмаймын деген сынды долылығым ұстайды. Содан жаза бастаймын. Шығарманы жүріп жазғанды жақсы көремін. Жазудың алдында біраз үн-түнсіз, ешкіммен сөйлеспей кетемін. Әңгіме жазудан бұрын бұған дейін жазған шығармаларымды өзара бәсекеге саламын. Жазып шығуға талантың жетпей қалса бола ма?! Соған ашуым келеді де, мінезбен отырып жазамын. Бәріміз де өлеңмен бастадық қой. Жүсіпбек мықты ақын, өлеңдері өте жақсы, бірақ өзі прозаны таңдап алған. «Жансебілі» қандай, оның.

– Қазіргі әдебиетте не айтылмай, қай тақырып қаузалмай қа­лып жатыр деп ойлайсыз?

– Ана тақырыпты да, мы­на тақырыпты да жазғысы келе­тін талпыныстар бар. Бірақ, әде­биетте қазақтың ұлттық рухани әлемінде болған, болып жатқан, бола беруі мүмкін тақырыптар қамтылуы тиіс. Біздің бәріміздің арманымыз, көксейтініміз, қимыл әрекетіміз бірдей. Тек біреулерде сол қимыл артықтау не қалыңқы болуы мүмкін. Скандинавиялық В.Муберг дейтін керемет жазу­шының «Мужняя жена» дейтін адам құқына тиесілі еркіндік, махаббат және бақыт сияқты таби­ғи ақиқатқа қоғамның кедер­гісіне қарсылықпен жазылған шығар­масы бар. Қазақты қай­дам, соны әлемнің есті оқыр­ман­дары жақсы біледі. Өйткені шығар­мада дүниенің әр бұрышында жүрген адамдардың тағдыры бар. Адамдардың әлсіздігі, сол әлсіз­дік­пен бір мезгілде өзі­нің құдіретін көрсететін әйел­ махаббатын айтқан.

Алақан­дай Колумбияның жазушысы Габриэль Гарсиа Маркесті алайық. «Жүз жылдық жалғыз­дығымен» күллі әлемді оятып жіберді. Меніңше, қазақ әде­биетінің келешегі, ұмтылар көк­жиегі әлемдік әдебиетпен, әлем­дік рухани әлемнің ең ұш­қыр құралымен теңесуі үшін адам деген бас­ты категория ал­дыңғы орында тұруы керек. Осындай ізденістер біздің әдебиетімізде көрініс табуы қажет. М.Әуезовтің кешегі «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» деген әңгімелерін әлемнің кез келген халқы қабылдайды. Өйткені ол әңгімедегі азап-шер, қысастық деген дүниелер бар­лық ұлтқа тән нәрсе. Бірақ, біз алдыңғы ағаларымыз жазып кеткен осы шығармалармен өте ұзаққа бара алмаймыз. Заман да, адам да өзгерді. Біздің рухани сауатымыздың сұранымы көп. Рухани танымымыз Батыс­тың әдебиетіне жақындай түс­ті. Әдебиетте көптеген шығарма­лардың уақыты озып, ескіріп кетуі мүмкін.

– Ендеше тек қазақтың ой­лау­ жүйесін ғана емес, әлемдік әде­­биет­тегі дәстүрлерді, дүние­жүзі­лік әдебиеттегі мәнерлерді қам­­тып, соған жақындап жазып жүрген жазушыны атаңыз­шы?

– Төлен Әбдіковтің «Оң қол» шығармасында әлемдік әдеби дамудың үрдістері, өркениеті бар. «Оң қолды» психологиялық және магиялық әдебиеттің элемент­терін қамтыған көркемдік концеп­цияның жетістігі деп қарау қа­жет. Рақымжан Отарбаев пен Жү­сіп­бек Қорғасбек те жаңашыл ба­ғыт­та жазады. Жүсіпбектің өзгелерден аяқ алысы басқа еке­нін баяғыда «Жансебіл» деген әңгі­месін жарыққа шығарғанда-ақ байқағанмын. Жұмабай Шаш­тайұлының «Қызыл қар» деген шығармасы меніңше, Кеңес өкіметі құлардың алдында жа­зылған біздегі алғашқы протестік дүние. Асқар Алтай, Нұрғали Ораз деген жігіттер де өзгелерден бөлектеу жазады.

Жақында үш томдық таңдамалысы жарық көрген Мархабат Байғұттың жан дүниесі, танымы басқа. Адамның жан дүниесіндегі жылы ағыстарды ашқан жазушы. Қаламгерлер жазғандарымды оқып, мені «жауыз ғой» деп айтатынын естимін. Өйткені мен аяусыз жазамын ғой. Шығарма жазғанда ешкімнің көз жасына қарамаймын. Ал Мархабат – тұнып жатқан жылы қабаттарды көрсете білген шебер. Рақымжан айтпақшы, жіпке тізіп айта беруге жазушылар қораға қамап қоятын қой емес қой, осы да жетер.

– Өркениеттің төріне әде­бие­ті­­мізді латын графикасы қан­ша­лықты сүйрей алады деп ой­лайсыз?

–Латын графикасы тек әде­биет­ке тиесілі нәрсе емес. Жал­пы, ұлттың түркі әлеміндегі те­рең тамырларын тануға керек дү­ние ол. Өзіміздің түпкі тарихымызды, ұлттық кодымыздың жиынтығын теріп алып шығуға мүмкіндік береді. Санамыздың кеңістігінде не бар қазір? Ол қаншалықты қуатты? Бұлыңғыр ма? Осы туралы ойлану керек. На­мыс, ар-ұят, саяси белсенділік, бәсекеге қабілеттілік деген сезім­дер оянғанда ғана, түркілік тамы­рымызға жете аламыз. Осыған мүмкіндік беретін латын қарпі. Латын қарпіне көшу идеясы – ұлттың өзін-өзі тануына ке­ректі рухани қажеттілік дегеннен туындады.

Қазақ құр қазақпыз дей беруден, пафостан ажырағаны дұрыс. Рас, әдебиетті жасағандардың тамырын, техникалық және ғылыми әдебиеттің түп атасын орыс тілі арқылы таныдық. Әрі одан айырылмауға болмайды. Тек саяси тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да көрші елден алыстамау керек. Барлық ұлттағы озық үлгіні бойына сіңіріп, өркениеттің бәсекесін сезінгенде ғана ұлт болып қалыптасып, әдебиет пен өнеріміз, дүниетанымымыз өркендейді.

– «Өзінікіне ешкім де өліп-өш­­пеген. Өзінікіне ғана өліп-өшкен жазушы өлген жазушы. Өзгеге деген бір құ­ді­рет­ті құ­пия сезім бар, пен­деңіз­де. Оның берер шабытына­ еш құ­ді­рет жетпейді». Бұл – сіздің «Мі­нез» атты әңгімеңіздегі өз­ сө­зіңіз. Көгілдір көйлекті ке­лін­шек сіздің өмір жолыңыз­да, шығармашы­лығыңызда көп кездескені анық қой. Сондай сезімі көп сәттерде адал­дық де­ген­ ардан аттамай тұ­ра ал­ды­ңыз ба?

– Таланттың тағдырындағы таңғажайып көріністер – арулар. Өмір бақи ғашық болуың мүмкін. Әйелімнің алдында өте адал болдым, ардан аттамадым деп көлгірси алмаймын. Өтірік – өзекті жанның өзін-өзі жерлеуі. Бір нәрсе анық: әйелімді тас­тап кеткен жоқпын және то­қал алмадым. Біреулер есігін тарс жауып, жаңа әйелге келмес­тей болып кетіп, кейін артынан «ескісіне» қайтып келіп, сандалып жүреді ғой?! Өміріңде сұлу, әдемі, тіпті 10-20 жасқа кіші қыз-келіншектер де кездеседі. Серілікті сес тізгіндейді. Азамат­тық ар-ұятты айтып отырмын. Бала-шағамды баяғыдай асырап келемін, сондықтан да.

Діндар адам емеспін, бірақ Құдайдан қорқамын. Шығарма жазғанда ойымда көркем әйел­дер­дің көрініс беріп отыратыны рас. Мен туралы қыз-келін­шек­тер: «Түсі өте суық болғанымен, жа­ны жылы» деп айтады екен.

– Соңғы кезде нендей құбы­лыс елең еткізеді?

– Биылғы жылдың селт еткі­зер басты жаңалығы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» деген бағдарламалық мақа­ласы болды. Осы мақала жарық көр­ген «Егемен Қазақстан» газе­ті де жаңа басшы келгелі жарқы­рай бастады. Елдік, ұлттық мә­селелер тереңнен қозғалып жатыр. Өздеріңдей жастардың елі­мі­здің бас басылымына жазып жүргені қуантады. Туған жер, туған тарих, өлкедегі өңірлік кереметтер – осының бәрі газеттің әр нөмірінен түскен емес. Халық­тық, ұлттық мүдде бұл газеттің бетінде қашанда алдыңғы орында. «Егемен Қазақстан» осы бедерінен айнымай, жалпы ұлтқа қызмет ете берсе екен!

 

 

Әңгімелескен

Қарлыға ИБРАГИМОВА