Медицина • 27 Қараша, 2017

Атауларды дұрыс қысқартып жүрміз бе?

1979 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірнеше сөзден тұратын атаулар өмірімізде жиі кездеседі. Жазуға же­ңіл, айтуға қолайлы болуы үшін әдет­те біз ондай күрделі атауларды қыс­қартып қолданамыз. Мәселен, Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымын БҰҰ дей­міз. Өкінішке қарай, аббревиатура немесе акроним деп аталатын бұл қысқартылған сөздер әрдайым сәт­ті шыға бермейді. МҚІСҚА, ҚазҰАУ, ЕҚЫҰ, ЕАЭО секілді атаулар­ды не ай­та алмайсың, не біреу айтса түсін­бей­сің. Мәселенің мәні неде? Сал­да­ры қандай? Ой-талқыға салайық. 

Атауларды дұрыс қысқартып жүрміз бе?

Ең негізгі мәселе – дауысты дыбыс­тар­дың қатар келуі. Қазақ тілінде дауыс­сыздар қатар келгенімен, дауыстылар қосарлана пайдаланыла бермейді. Екі дауыстының ортасына міндетті түр­де дауыссыз дыбыс түседі. Біз бұл заң­дылықты акроним жасауда ескере бермейміз. Мәселен, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университет ық­шамдалып ЕҰУ деп аталады. Үш дауыс­ты дыбыстың қатар келуінен бұл сөзді қазақ­ша айту ыңғайсыздық тудырып, жұрт амалсыздан осы сөздің орысша нұсқасына жүгінеді де, ЕНУ дей салады. Дәл солай Қазақ ұлттық аграрлық университетін ҚазҰАУ демей, КазНАУ деп орысша атайды. 

Дауыстылармен қатар кейбір дауыс­сыз дыбыстардың қатар келуі де жағдайды қиындатады. Мысалы, Ха­лық­қа қызмет көрсету орталығы ХҚКО болып қысқартылған. Қ мен К әріп­терінің қосарлана қолданылуы да қа­зақ тілі үшін үйреншікті жағдай емес. Нә­тижесінде, «хықыкіо» деп қиналған адам­ды көрмейсіз, еститініңіз «ЦОН» ғана. ҰҚК-нің орнына КНБ айтылады. 

Орыстың қысқартылған сөздерінде дауысты мен дауыссыздың кезекпен келуі кездейсоқтық па, әлде акроним жасаудың арнайы әдісі қолданыла ма? Біздің ойымызша мәселе сәйкес­тік­те емес. Орыстілділер атауды қыс­қарт­қан­да оның дыбысталуына аса қатты мән береді. Біз болсақ, бас қатырмай атау­дағы сөздердің бас әріптерін қоса са­ламыз. Мысалы, Атом қуаты халық­ара­лық агенттігін алайық. АҚХА десек, ешкім білмес, бірақ МАГАТЭ-ні бәрі та­ниды. Ұйымның орысша толық аты – Международное агентство по атомной энергии. Төрт сөзден құралғанымен орыс­тар оны алты әріппен берген. Біз секілді тек бас әріптерін жинай салса, МААЭ болар еді. Олар оның орнына агент­тік пен атом сөздерінің алғашқы екі әрпін алып, құлаққа жағымды, оқу­ға жеңіл әп-әдемі сөз құрастырды. Нә­ти­жесінде, қазақша сөйлеп, қазақша ойла­натын адамның өзі де МАГАТЭ деп сөйлейді.

Бірде Анкара университетінің док­торанты Шуле Ертүріктен сұхбат алып, Түркияның осы мәселені қалай шеш­ке­нін сұраған едік. Шуле ханымның айтуынша, ол жақта мекемеге, ұйымға немесе бір заңға атау бергенде ең алдымен оның қысқарғандағы нұсқасы қалай болатынын ойланады екен. Әуелі ұтымды акроним жасап, содан кейін ғана толық атауы құрастырылады. Қызығы сол, толық атаудағы сөздердің орны мен мағынасы өзгере береді, бастысы ол сөздер әлгі акронимдегі әріптерге сай келсе болғаны. 

АҚШ дәл осы амалға жүгінеді. Аме­­ри­калықтар белгілі бір заңға атау берер­де сол заңның мазмұнынан хабар беретін бір әдемі сөзді таңдайды да, заңның атауын соған сәйкестендіреді. Мәселен, BREATHE (тыныс алу) – Bringing Reductions to Energy’s Airborne Toxic Health Effects Act (Энергияның ауадағы денсаулыққа зиян улы әсерін азайту актісі); PATIENTS (емделуші) – Preserving Access to Targeted, Individualized, and Effective New Treatments and Services Act (Емдеудің жә­не қызмет көрсетудің нысаналы, же­ке адамға бағытталған және тиімді жа­ңа әдістеріне қолжетімділікті сақтау ак­тісі). Түсінгеніңіздей, BREATHE және PATIENTS жай ғана бас әріптердің қо­сындысы емес, жеке-дара мағына бере­тін дара сөздер. Заңның тиімді жұмыс іс­теуі бірінші жағдайда тыныс алуға жол ашса, екінші жағдайда емделуге мүм­кіндік береді. 

Қазақша акроним жасауда да осы әдісті қолданған абзал. Себебі қандай да бір атауды 10 рет пайдалансаңыз, тек біріншісінде ғана оның толық атын жазып, қалған тоғызында қысқаша аты­мен атайсыз. Демек, акроним то­лық атауға қарағанда әлдеқайда кө­бірек қолданылады. Тілдің тиімділігі үшін акронимнің ыңғайлы болғаны толық атаудан да маңыздырақ. Осы тұрғыдан алғанда Халыққа қызмет көр­сету орталығы демей «Қызмет» орта­лы­ғы деп атасақ қалай болар еді? Ха­лық­­қа қызмет ететін орталық екенін жар­­ғыда-ақ жазсақ жеткілікті емес пе? Дәл солай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетін әл-Фараби уни­верситеті, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетін Абай уни­верситеті деп өзгертсек ұтарымыз көп болмас па еді?! 

Қазақ тіліндегі сәтті акронимдер де жоқ емес. Мәселен, ҰБТ, КСРО, БАҚ сөз­дері халық арасында кеңінен қол­да­нылады. Дегенмен, қысқартылған атаудың сәттісінен сәтсізі әлдеқайда көбірек екені белгілі. Жағдай осы күй­ін­­де қала берсе, ыңғайсыз аббревиату­ра­лар қазақ тілін қолайсыз етіп, тілі­міздің шұбарлануы жалғаса бермек. Қай­мағы бұзылмаған қазағымыздың өзі «сел­сәбет», «гарано», «АГУ», «КазГУ» дегенін тоқтатпайтын болады. 

Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»