Шындығында, «Махабхарата» эпосының бұл тұңғыш экрандалуы емес еді. Бұған дейін де оның қаншама экрандалған нұсқалары болды. Солардың ең алғашқысы 1965 жылдың өзінде-ақ экранға шықты. 1989 жылы ағылшын киносы мен театрының атақты режиссері Питер Брук «Махабхарата» атты үш сериялық фильм-спектаклін қойды. Ал 1990 (94 бөлімді) және 2013 жылдары (267 бөлімді) «Махабхарата» эпосы бойынша түсірілген телесериалдар экранға шықты. Көріп отырғанымыздай, үнді кинематографистері бұған дейін де бірнеше дүркін экрандалған атақты эпосқа қазір тағы да қайта оралып отыр. Тек «Махабхарата» емес, үндінің «Рамаяна» атты эпосының экрандық тағдыры да дәл осындай. Ол эпос бойынша сонау 1961 жылдан бастап, күні бүгінге дейін бірнеше көркемсуретті, анимациялық фильмдер, телесериалдар түсірілді.
Тек үнді ғана емес, дәл осындай мысалдарды басқа елдердің киносынан да табуға болады. Мәселен, неміс халқының орта ғасырда дүниеге келген ең бір белгілі шығармасы – «Нибелунгтер туралы жыр» эпикалық поэмасы бойынша киноға дыбыс келмеген кезеңнің өзінде-ақ екі бөлімді фильм түсірілді (1924, реж. Фриц Ланг). Одан кейінгі жылдары бұл поэма қаншама көркемсуретті фильмдер мен телесериалдардың негізіне арқау болды. Шын мәнінде, үнді, неміс кинематографистерінің бұл эпостарға қайта-қайта оралып отыруының сыры неде? Әрине, тақырып, сюжет тапшылығынан емес екені айдан анық. Бұл жердегі басты себеп – өз халқының мәдени мұрасына деген сүйіспеншілік пен сый-құрмет әрі бүгінгінің кешегімен рухани байланысын дәріптеу, оны әлемге паш ету ниетінен туындаған қадам болуы керек.
Осы тұста жоғарыда аталып өткен елдердің эпостарды экрандау арқылы халық жады мен ұлттық сана-сезімді аялап, тарихын ұлықтауда кино өнерінің құдіретін өте жақсы пайдаланып отырғаны көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі – бүгінгі таңда әлем елдерінің киносында эпостық шығармаларға назар аударудың тым басымдылығы байқалады. Әрине, бұл – қазіргі жаhандану дәуіріндегі әр халықтың «өзін-өзі сақтау» түйсігінен туындаған маңызды қадам екені белгілі.
Осы тұста эпикалық жыр-дастандарға тұнып тұрған қазақ халқының мол мұрасының үстінде отырған отандық кино өнеріміз қандай қадамдар жасады немесе жасауда деген сұрақ туындайды. Қазақ киносының тарихында эпостық шығармалар бойынша экрандалған көркемсуретті фильмдердің саны саусақпен санарлықтай екенін ескерсек, әзірге бұл бағытта тындырылған істің аса мардымды болмай отырғанын мойындауымыз керек. Жыр-дастандардың негізінде аса көп болмаса да, фильмдер түсіру кеңес өкіметі жылдарында қолға алынды. Мысалы, 1954 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жыры негізінде түсірілген әрі Шәкен Аймановтың кинорежиссурадағы алғашқы қадамы болып табылатын «Махаббат туралы аңыз» фильмі дүниеге келді. Одан кейін араға он бес-он алты жыл салып, ұлттық киномыздың ең бір үздік үлгісі – «Қыз Жібек» фильмі экранға шықты.
Ал Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры қайта экрандалды (1992, реж. А. Әшімов). Шындығында, әзірге осы фильмдерден өзге эпостық жырлар бойынша тікелей экрандалған дүниелерді еске түсіре алмайтынымыз хақ. Алайда ұлттық дүниетанымның белгісі, этникалық жады ретінде халық аңыз-әпсаналары мен эпостық жырлар, әсіресе 1960-1970 жылдары түсірілген фильмдердің көркемдік құрылымында жиі кездеседі. Мысалы, «Тұлпардың ізі» фильмінде (1964, сц.авторы Ә. Тарази, реж. М. Бегалин) тұлпар туралы аңызды қолданса, «Шоқ пен Шерде» (1972, сц.авторы С. Нарымбетов, реж. Қ. Қасымбеков) қолында үнемі «Алпамыс» кітабы жүретін кішкентай Шер мен оның досы Ғалымжан жырдан үзінділер оқиды.
Немесе Шәкен Аймановтың «Атамекен» (1966, сц.авторы О. Сүлейменов) фильмінде Баян бір сөзінде: «...Егер, біз әкемнің мәйітін әкелсек, мен де Ер Тарғын, Ер Көкше сияқты Ер атанамын», – дейді. Бір қарағанда, бұл фильмдердің аңыз-әпсаналар мен жыр-дастандарға еш қатысы жоқ, жанрлық табиғаты бөлек көрінгенімен, олардың құрылымына жаңағыдай сөздер мен мотивтердің енуі бүгінгі күн мен өткен шақтың арасындағы рухани байланысты меңзейді.
Мысалы, қазақ киносының тағы бір классигі Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең» (1966) фильмінде қызыл әскер комиссары Тоқтардың таңбалы тастарды аралай жүріп, олардың әрқайсысына үңіле қарап, қойын дәптеріне әлденені жазып жүретін көрініс бар. Сол көріністе камераның алдына жақын орналасқан, әрқилы жан-жануарлар бейнеленген үлкенірек тастың жанында тұрып: «Тасқа ойған таңба мәңгі қалады», дейді. Сәлден соң жанына жақындап келген сарбаз «Комиссар, бұл суреттерден келетін пайда бар ма? Бүгін күні бойы осымен әуре болдық. Босқа уақыт өткізудің не қажеті бар?» деп сұрайды. Тоқтар қолындағы дәптеріне әлденені түрткен күйі, байсалды, ойлы қалпымен: «Бұл бұрынғы ата-бабамыздың ізі. Болашақ өткеннен басталады, Қылышбай. Өткенді білмей, болашақты білмейсің», деп жауап береді. Осылайша фильм авторлары тас бетіндегі таңбалардың жәй таңбалар емес, ұлттық жадымыздың іздері екенін меңзейді.
Кеңес өкіметі жылдарындағы қазақ киносының ұлттың рухани қайнаркөзіне оралуының тағы бір тамаша үлгісі – «Қыз Жібек» фильміндегі ер адам бейнесіндегі балбал тастың жанында Төлеген мерт болатын эпизод әрбір көрерменнің есінде екені белгілі. Егер назар аудара қарасақ, ен далада көне дәуірлердің көзіндей тұрған сол балбал тастың өзі де Төлеген қазасының тірі куәсі іспетті екенін байқаймыз. Эпизодтың соңында Төлегеннен басталған камераның қозғалысы жаңағы балбал тасқа барып тоқтайды. Бір қызығы, басында «көздері айқара ашылып, бізге қарап тұрған» мүсін камераның өзіне келіп тоқтаған тұсында жанары төмен қарап тұрғандай әсер береді.
Бұл көрініс оның Төлегеннің қазасына қайғырып, аза тұтуы секілді оқылады. Нәтижесінде, тас мүсін әп-сәтте жанды кейіпкерге айналып шыға келеді. Екіншіден, ол Төлеген мерт болатын жердің тас белгісі ғана емес, талай ғасырлар оқиғасы мен сан мыңдаған адам тағдырының куәсі іспетті. Шеті-қиыры шексіз, ұлан-ғайыр мына ен даланың құпиясы өзіне ғана аян. Қазір ғана Төлегеннің қазасына куә болған тас мүсіннің бейнесі фильм оқиғасы өтетін дәуір мен тарих қойнауында қалған бағзы замандарды осылайша бір эпизодта байланыстырады. Байқағанымыздай, Төлегеннің дәл осы балбал тастың жанына келіп мерт болуы кездейсоқ емес. Авторлар оның бейнесі арқылы ата-бабаның ізі қалған сан ғасырдың үніне «құлақ түреді». «Қыз Жібек» фильмінің өміршеңдігінің бір сыры да осында: жаңағы тас мүсін секілді басқа да көптеген символдар мен метафораларды «ойнату» арқылы дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы нәзік байланыстың күмбірін шертеді.
Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы эпизодтар арқылы екі фильмнің де авторлары қазақ әлемінің рухани тамыры сонау көне ғасырлардан бастау алады деген ойды айтып отыр. «Өнер мен әдебиеттің түрі ұлттық, мазмұны социалистік болуы тиіс» заманда, «тарихың кешегі Қазан төңкерісінен басталады» деген ойды санаға сіңіруге тырысқан кезеңде дүниеге келген фильм авторларының сол кездің өзінде-ақ осынау батылдыққа барғанына куә болып отырмыз.
Ал қазір біз кез келген уақытта тарих қойнауына сүңгіп кетіп, өзімізге қажет рухани азығымызды емін-еркін алып шығатын азат елде өмір сүріп жатқан халықпыз. Сол рухани азығымыздың қайнар көзі әрі бірегейі – Орхон-Енисей жазбалары екені белгілі. Қазіргі таңда бұл жазбалар туралы қазақ әдебиеттанушылары мен тарихшылары тарапынан жан-жақты зерттеліп, көптеген еңбектер жарыққа шықты.
Ол жазбалар туралы мәліметтер мектеп оқулықтарына еніп, телехабарлар жасалды, мақалалар жарияланды. Алайда жақында ғана Алматы, Астана қалаларында тұсаукесері өткен «Күлтегін» анимациялық фильмінен өзге, бұл ескерткіштерде қашалып жазылған оқиғалар мен Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған сияқты тарихи кейіпкерлердің бейнесі әзірге көркемсуретті кинода пайда бола қойған жоқ. Шын мәнінде, сонау VII ғасырда тас бетіне қашалып жазылған бұл дастандар ұлттық киномыз үшін таптырмас құнды материал екенін айтуымыз керек. Оның бірнеше себебін атап өтейік.
Ең алдымен, жоғарыда біраз тоқталып өткен фильмдер мен олардың авторларының кезінде ашық айта алмай, диалог, деталь, символ мен метафораларды, т.б. қолдану арқылы емеурінмен жеткізген идеясын енді емін-еркін, қалағанымызша экранға алып шығуға мейлінше мүмкіндік бар. Екіншіден, түркі халықтарының, соның ішінде қазақ батырлық дастандарының алғашқы үлгісі болып табылатын бұл жазбаларда ел мен жерді сырт жаудан қорғаудағы ержүрек қаhармандардың ерен ерлігі мен мызғымас рухы көрініс табады. Ал бұл өз кезегінде экранға отансүйгіш, рухы мықты кейіпкерлердің шығуына ықпал етеді. Үшіншіден, жазбалардың өзінің экранға сұранып тұрған кинематографиялық табиғатына мән беруіміз керек.
Осы тұста белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің ғылыми аудармасының орны ерекше болары сөзсіз. Ғалымның айтуынша, еркін аудармадан гөрі, көне мұраның өзіне тән стилін, ерекшеліктерін берік сақтай отырып, жүзеге асырылған аударма жыр табиғатын мейлінше сақтайды. Біздіңше, дәл осы тәсілдегі аударма Орхон-Енисей жазуларының алдымен сценарийге, сонан соң кино тіліне көшірілуіне үлкен көмегін тигізеді. Сонда ғана жыр дүниеге келген дәуірдің үнін, бояуын сезінуге, оны жеткізудегі қолданылатын кинематографиялық тәсілдердің дұрыс таңдалуына мүмкіндік береді.
Орхон-Енисей жазбаларының кинематографиялық табиғаты дегенде, ең алдымен оқиғалардың барлығы оларды өз көзімен көріп, куә болған адамдар тарапынан баяндалуына мән беруіміз керек. Мұның өзі болашақ фильмнің формасын айқындауға ықпал етері сөзсіз. Сонан соң, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер бейнесінің суреттелуі мен баяндалуының өзі кино өнерінің табиғатымен үндесіп жатқан ерекшеліктері назар аудартады. Осы тұста Орхон-Енисей жазбаларын экранға алып шығуда әдебиеттанушы ғалымдар мен тарихшылардың, соның ішінде, әсіресе Мырзатай Жолдасбековтің зерттеулері қазақ кинематографистері үшін дайын азық екенін айтуымыз керек.
«Асыл арналар» атты еңбегінде («Күлтегін» баспасы, 2012) ғалымның өзі былай деп жазады: «Эпостық баяндауға негізделген бұл ескерткіштерде жеңілуді білмеген ежелгі жыр батырларындай, Күлтегіннің басынан кешкен ерлік қимылдары, жорық сапарлары қаншама? Тілсіз тасқа сыйғызған сол жойқын соғыс суреттерінен біз Күлтегіннің жекпе-жек шайқастарын анық елестетеміз» (87-бет).
Немесе Білге қаған туралы: «Білгенің жырда қайда, қандай жорықтарға барғаны, қандай, қаншалықты ерлік көрсеткені толық суреттеледі: ол халықты жинап, ұйымдастырушы ретінде бейнеленеді. Жырда Білгенің іс-әрекеттері ғана емес, көңіл-күйі де баяндалады», деп жазады (87-88-беттер). Байқағанымыздай, ғалымның ой-пікірлері жырдың кинематографиялық табиғатын айғақтап отыр. Тағы бір назар аударарлық маңызды сәт – жыр кейіпкерлерінің сырт келбеті туралы да былай дейді: «Батырдың (Күлтегін туралы сөз болып отыр. – Н.Р.) сырт пішіні, портреттік суреті жырда берілмегенмен, жаумен бетпе-бет келіп найзаласқан сәттерден қазақ эпостарындағыдай «Буырқанған, бусанған, мұздай темір құрсанған» ер-жүрек алыптың келбетін елестету қиын емес.
Бір ғана Күлтегін жырында сан атаулы сәйгүлік аттар Күлтегіннің мінісіне шыдамай бірінен соң бірі құлап жатса – бұл-дағы батырдың соқталы образын аша түсетін айшықты мотив» (89-бет). Көріп отырғанымыздай, Орхон-Енисей жазуларының зерттеушісі болашақта бұл шығарма экрандала қалған жағдайда, кинематографистер үшін аса қажет болатын құнды кеңестер беріп отыр.
Тағы бір назар аударарлық маңызды сәт – Күлтегін, Тоныкөк, Білге арқылы қазақ киносына рухы мықты, батыр тұлғалы, өр мінезді кейіпкерлердің келіп қосылуы бек мүмкін. Әлем киносындағы, соның ішінде, әсіресе америка фильмдеріндегі «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын», нар тұлғалы батыр кейіпкерлердің (супергерой) түп төркіні эпостарда, халықтық аңыз-әпсаналарда жатқанын, тіпті оларды уақыт өткен сайын заманауи кейіпте көріп жүргенімізді ескерсек, жоғарыда аталып өткен үш кейіпкердің қазақ киносы үшін маңыздылығы тым арта түсері хақ. Күлтегін, Тоныкөк, Білге секілді кейіпкерлері бар орасан бай мұрамыз бола тұра, өз көрерменімізді жаңағы америкалық фильмдерге «телміртіп қою» – өз дастандарымыздың қадірін біле алмай отырмыз-ау деген ойға жетелейді.
Орхон-Енисей жазбаларын экрандаудың тағы бір маңыздылығы – тарихи сана-сезімнің тереңдеуіне орасан зор ықпал ететіні. Өйткені ол жазбалардағы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен оқиғалардың өзі тарихи деректерге сүйеніп жазылған. Осыған қатысты Мырзатай Жолдасбеков өзінің зерттеу еңбегінде былай деп жазады: «Орхон жырларында «Олар бізден төрт есе артық еді», «есепсіз жау келді» деген тәрізді деректі-дерексіз ұлғайтулар болмаса, әсірелеу жоққа тән. Бұл біздіңше, аталмыш жырлардың өзін тудырған тарихи арналармен іргелес, жақын тұрғандығынан әрі олардың шежіре ретімен келетіндігінен болуы керек. Өйткені эпос неғұрлым өзін тудырған тарихи шындықтың желісінен қашықтаған сайын соғұрлым оларда әсірелеудің мол болатындығын аңғарамыз» («Асыл арналар», 104-бет). Сондықтан, Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағандар он төрт ғасыр бұрын құлпытастарға қашалып жазылған дастанның батыр әрі ақылгөй кейіпкерлері ғана емес, өмірде болған тарихи кейіпкерлер ретінде де маңызды.
Тарихи сана-сезімге қатысты тағы бір мысал келтірейік. Осыдан біраз уақыт бұрын Түркияның түсірген «Сүлеймен сұлтан» атты көпсериялы тарихи телехикаясы әлемнің 50-ден астам елінде көрсетіліп (оның ішінде біз де бармыз), көрерменнің көзайымы болғаны белгілі. Енді міне, арада көп уақыт өтпей-ақ, Сүлеймен сұлтан өмір сүрген кезеңнен де әрі қарай тереңдей түсіп, Осман империясының құрылатын дәуірін баяндайтын «Қайта тірілу: Ертұғырыл» («Жаужүрек Ертұғырыл») атты телехикаясын ұсынды. Шын мәнінде, түрік кинематографистерінің көздеген мақсаты – бұл телехикаялар арқылы елдің тарихы мен батырларын экранға шығарып, көрерменге ұсыну ғана емес қой.
Оның ар жағында өзінің қаншама ғасырлық тарихы әрі рухы мықты халқы бар мемлекет екенін әлемге танытып, санаға сіңіру мақсаты тұрғанын ұмытпауымыз керек. Осынысымен де ол телехикаялар мемлекеттің тарихи абыройын асқақтатып, идеологиясына қисапсыз қызмет етіп отыр. Екіншіден, халқының бойында отансүйгіштік сезім мен мықты рухтың тәрбиеленуіне де ықпал етуде. Әрине, біздің ел де тарихын, батырларын ұмытқан жоқ. Жақында ғана «Қазақ хандығы» көрерменге ұсынылды. Қазір «Қазақ батырлары» телехикаясы түсіріліп жатыр. Оған қоса «Томирис» фильмі қолға алынды. Бұған қоса кешегі тас бетіне қашалып жазылған, шынайы деректерге сүйенген Орхон-Енисей жазбаларын да кино тіліне көшіру тарихи сана-сезімнің тереңдей түсуіне атсалысатыны белгілі.
Әрине, Орхон-Енисей жазбаларының экрандалуының ең басты маңыздылығы – балбал тас бетіндегі таңбалар мен тас мүсін арқылы кешегі «Қилы кезең», «Қыз Жібек» фильмдерінде айтылған қазақ әлемінің рухани тамыры сонау көне ғасырлардан бастау алады деген ойды бекіте түсетін дәйекті дәлел болары анық. Ал өткенді ұмытпау – ұлт болашағының кепілі екеніне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында былай деп назар аударады: «...Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу...».
Эпостық жырларға оралу – бүгін мен кешегі күннің арасындағы рухани көпір іспетті. Ал ол көпір барда халық өзінің тарихи жады мен ұлттық кодын ешқашан жоғалтпасы анық. Сол себептен де бүгінгі жаhандану дәуірінде әлем, соның ішінде мәселен, үнді киносы «Махабхарата» сияқты өзінің эпостық шығармасына айрықша назар аударып, оның бірнеше экрандық нұсқасы бола тұра, тағы да қайта айналып соғып отыр. Осы тұста Орхон-Енисей жазбалары сияқты теңдесі жоқ дастанымызды экрандаудың уақыты келді-ау деген айшуақ ойға еріксіз берілесіз...
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, өнертану кандидаты