Иә, сәт, деп бастады істі, нұротандықтар, иә, сәт... «Алматы-2020» бағдарламасы аясында және шаһардың 1001 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, бастауыш партия ұйымдары және қала тұрғындарының қолдауымен «Ару Алматыға – 1001 жасыл көшет» атты акциясы жоғарғы көңіл-күймен аталып өтті. Сол күні қала аумағында 1001 көшет отырғызылып, аулалар мен көшелерді тазалау жұмыстары игілікті дәрежеде жүргізілді. Бұл акция бастауыш партия ұйымдарының қатысуларымен барлық аудандарда нұротандықтардың бір-біріне ізгілікпен ағаш сыйлау эстафетасын жолдау барысына ұласты.
Алматыны көркейту мәселесі барлық тұрғындарды ойландыратын толғақты жайттың бірі болып отыр. Өткен жылдың өзінде 10 мың ағаш кесілді. Осының орнын толтыру үшін де аймақты көгалдандыруды қатты қолға алуымыз керек. Сондықтан да жасыл екпе ағаштарды баптап күту мәселесі өзекті жайт ретінде еріксіз алдымызға қойылып отырғанын мойындауымыз қажет. Акция аясында өткізілген іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының Саяси кеңес мүшелері, қызметкерлері, Алматы қалалық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Акцияның ашылуында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова, Алатау ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Шахмерден Рысбаев сөз сөйлеп, ағаш отырғызуға қатысты. Сенбілік «Алғабас-6» шағын ауданында «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының алдында салтанатпен бастау алды. Келер көктемде амандық болса 1001 түп жасыл желек бүр жара бастайды. Сөйтіп Алатаудың етегі алдағы кезде жасыл белдеу ретінде өз реңін әспеттей беретініне сенесің.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ