Бизнес • 27 Қараша, 2017

Индустриялды аймақтың әлеуеті мол

410 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні республиканың қай өңірінде де инвестициялық тартымдылықты тереңдетудің рөлі, мәні мен мазмұны жоғары. Бұл тұрғыда индустриялды аймақтардың тигізетін ықпалы мол. Бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер индустриялды аймақтар құрылған облыстарда бұл заманауи құрылым әлі қалыптасып үлгермеген өңірлермен салыстырғанда тартылған инвестиция мөлшері әлдеқайда артық екенін көрсетеді. Егер осы айтылған тұжырымды Ақтөбе облысы мысалында одан әрі нақтылай түсер болсақ, есептік кезең ішінде аймақ экономикасын одан әрі дамытуға тартылған инвестиция мөлшері -313 миллиард теңгеден асып түседі. Салыстырмалы түрде алғанда бұл жоғары сома, биік көрсеткіш. Осы арқылы Ақтөбе инвестиция тартуда республика облыстары арасында ең алдыңғы қатарға шығып отыр. 

Индустриялды аймақтың әлеуеті мол

Мол инвестициялық қаражат өз кезегінде аймақта индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жаңа сапалық деңгейге көтере білді. Бұл бағытта аталған бағдарлама шеңберіндегі екінші бес жылдық аралығында алынған асулар ауқымы аршынды. Дәл осы тұста тартылған инвестиция көлемі -127 миллиард теңгені құрапты. Осы арқылы 2000 жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туыпты. Әрі жиырмаға жуық жобаның тұсауы кесіліпті. 

Сондай-ақ индустрияландыру картасы аясында атқарылған жобалар көлемі де көңілден шығады. Мұның ішінде «ЭКСПО-2017» инновациялық жобаларын өндіріске енгізу жөніндегі бастамалардың орны айрықша. Осыған орай облыста жалпы құны 43 миллиард теңгенің 18 жобасы іріктелген. Бүгінгі күні оның әрқайсысына қатысты жан-жақты жобалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда бұлардың қатарында өнеркәсіп, мұнай-газ өндірістері және ауылшаруашылығы салаларында қалдықтарды қайта өңдеу секілді өміршең жобалар жасақталған.

Осындай жетістіктер мен табыстарда Ақтөбе индустриялды аймағының елеулі үлесі бар. Қазіргі кезде оның құрылғанына 2 жыл толып отыр. Өңір индустриясының өн бойына қан жүгіртіп отырған құрылымның жалпы аумағы 200 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда мұнда қызмет жасап жүрген кәсіпорындардың дені өз жобаларын шетел капиталы негізінде жүзеге асыруды. Бұлардың басым бөлігі Болгария, Швейцария, Германия және Түркия елдерінің жобалары.

– Индустриялды аймақтың атқарар қызметі сан-салалы. Оның аясы қомақты инвестиция құя алатын отандық және шет елдік кәсіпорындарды аймақ аумағына орналастырумен шектелмейді. Бұған қоса біз осы арқылы өңірдегі салықтық базаның көлемін одан әрі кеңейту шараларын белгілеп отырмыз. Ал түпкі мақсат –жаңа жұмыс орындарын ашуды одан әрі жалғастыру болып қала бермек, -деді бізге осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында Ақтөбе облыстық экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов.

Сөз соңында Ақтөбе индустриялды аймағының келешегі туралы екі-үш ауыз сөз қосқанды жөн көреміз. Бұл бірінші кезекте индусриялды-инновациялық тұрғыдан дамудың таптырмас тетігі. Таптырмас мүмкіндігі. Әрі индусриялды аймақ өңір экономикасының тамыр соғысын ретке келтіре алатын борометр. Бұл құрылым толық қайтарыммен жұмыс істеген жағдайда өңірдегі табыстар мен жетістіктер тізбегі де өсе түспек. Сонымен бірге индустрияландыру мүддесін көздейтін құрылым әлемдік өлшемдер мен талаптарға сай өндірістің өрісін ашудың өміршең тәсілі. Биыл Ақтөбе индусриялды аймағының игерілу көрсеткіші 50 пайыздық мөлшерді құрады. Оның құрылған екі жылдық мерзіміне шаққанда мұның өзі қанағат тұтуға тұратындай көрсеткіш. Өйткені орыс халқы орынды айтқандай Москва бірден тұрғызылмаған.

Екінші бір қырынан қарастырғанда аймақтың айта қаларлықтай мол әлеуеті қазіргі күні толық пайдаланылмай тұрғаны да айқын көрінеді. Алайда алдағы жылы осы олқылықтың орны толығатын түрі бар. Осы кезде мұнда тағы да он кәсіпорын өз жұмысын бастайды деп күтілуді. Сол уақыта Ақтөбе индустриялды аймағының игерілу көрсеткішінің шамамен 75-80 пайызға дейін көтеруге мүмкіндіктер туатыны анық.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Суретте: Ақтөбе индустриялды аймағынан көрініс