Ал дәрігерлер міндеті науқастың ауруын анықтап, оған сәйкес медициналық ем-дом көрсету еді. Мүгедек болса, әлеуметтік сараптамаға жолдама беріп, қаншалықты дәрежеде еңбекке жарамсыздығын, яғни мүгедек екендігін анықтап берулері тиіс болатын. Бірақ неге екені белгісіз, дәрігерлер баланың мүгедектігін анықтау үшін науқас жанды медициналық және әлеуметтік сараптамаға жібермепті. Ақ халаттылардың осындай жайбарақаттығы мен салғырттығы салдарынан ауру бала мамандандырылған клиникаларда ем ала алмаған.
Оны айтасыз, тіпті мүгедектерге берілетін ақысыз дәрілер мен тиісті медициналық көмекті көрмеген. Себебі дәрігерлер бұған жеткілікті дәрежеде мән бермеген. Мұндай салғырттық мына заманда біздің елімізде бола қоймаған шығар деп ойлауыңыз да анық. Өкінішке қарай бұл шындық оқиға. Ол шындықтың беті азаматша Т.Ашаева Бас прокуратураның ғимаратындағы Құқық қорғау қызметтері орталығына келгенде ғана ашылды.
Ашығын айту керек, мұндай келеңсіз жағдайлар аталған орталық ашылған соң және Ашаева секілді құқы бұзылған немесе тиісті мемлекеттік заңды көмектерді ала алмай жүрген адамдар мұнда ат басын бұрған соң ғана белгілі бола бастаған еді. Ал орталықтың басты мақсаты – азаматтардың арыз, шағымдарына орай заңдылықты қамтамасыз ету. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, жұрттың арыздануына себеп болатын келеңсіздіктер көңілге кірбің түсіретіндігі анық. Дегенмен қызметін тиісті дәрежеде атқармайтын қызметкерлердің шалағайлығы халыққа арналып жасалып жатқан игі істердің бәріне дақ түсіре алмайды.
Орталық қызметкерлері Т.Ашаеваның шағымына сай Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына хабарласыпты. Заңды өтініш жасалған соң Т.Ашаеваның ұлы Ұлттық кардиохирургиялық орталыққа қаралуға жіберіледі. Сөйтіп ағымдағы жылдың 28 тамызында науқас бала медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, оның мүгедектігі белгіленді. Енді мемлекет оған ай сайын 60 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлейтін болды. Көрдіңіз бе, егер бұл орталықтың заңды көмегі болмағанда мүгедек бала мен оның анасының арғы жағдайын елестету қиын еді.
Прокурорлар азаматтарды қабылдау барысында оларға байланысты ашылған нақты істерді алдыруға, төмен тұрған прокурорлардың процессуалдық шешімдердің заңдылығын тексеруге, сондай-ақ прокурорлардың арызды «Электронды үкімет» порталы арқылы басқа ведомствоға жолдауға мүмкіншілігі бар. Демек кез келген арыз айта келушінің шағымы құқық аясында заңды болып табылып жаста, шешімін табады деген сөз. Тауып та жатыр. Ашылғанына 2,5 ай болған уақыт ішінде орталыққа 3574 адам келіпті. Прокурорлардың жеке қабылдауында 1540 азамат болған.
Қабылдау кезінде құқықтық көмек көрсетілуімен қатар, 920 ауызша түсініктеме берілген, 418 өтініш қабылданып, төмен тұрған прокуратураларға және уәкілетті органдарға 202 өтініш жолданған. Оған қоса 139 азаматқа электрондық қолтаңба беріліп және басқа мемлекеттік органдарға 120 электронды 225 бейнеөтініш жіберілген. Ал адвокаттар 235 азаматқа тегін көмек көрсетіпті. Пробация қызметінің мамандары – 4 адамға, медиаторлар 13 азаматқа кеңес берген. Қабылдау барысында прокурорлар азаматтардың сұрақтарын шешу үшін барлық шараларды қолданып, соның ішінде қылмыстық, азаматтық істер бойынша тиісті уәкілетті органдарға өтініштерді, хаттарды дайындауға көмек береді.
Орталыққа арыз айта келген жандардың көбінің құқы негізсіз бұзылғандығы айқын аңғарылады. Олардың өтініші заңды болса да, соған қарамастан көпе-көрінеу бас тартылған екен. Ал адамдардың заңды өтінішін тиісті мемлекеттік қызметкерлердің неліктен бұрмалайтындығы белгісіз күйі қалып тұр. Мәселен, Е.Верещагина аталған орталыққа Ақмола облысы ЕЦ-166/4 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан күйеуі И.Верещагинмен кездесуге рұқсат беруден бас тартқанына наразылық айта келген. Заң бойынша Е.Верещагина жазасын өтеуші күйеуі И.Верещагинмен кездесуге құқылы болған. Алайда ЕЦ-166/4 түзеу мекемесінің қызметкерлері кездесуге болмайды депті.
Сонда Е.Верещагина секілді қаншама адам бірі күйеуімен, бірі ұлымен, бірі әкесімен, бірі ағасымен, т.б. кездесе алмай іштей қапаланады десеңізші. Бірақ кім де болса тар қапасқа қамалған туысқандарымен қалайда кездескенді қалайды. Содан, амал жоқ, кездесудің небір жолдарын іздейтіні анық. Бұл теріс қылықтардың туындауына соқтыруы әбден мүмкін. Өйткені Е.Верещагинаның өтінішін орындаудан бас тартқан тиісті қызметкерлер заңды білмеуі мүмкін емес. Алайда олар заң бойынша болмайды деген.
Ал Е.Верещагина аталған орталыққа келіп арызын айтқан соң, оның шағымын тексеру барысында өтініш иесіне кездесу беруден негізсіз бас тартылғаны анықталған. Тіпті соқырға таяқ ұстатқандай, сотталған И.Верещагин жақсы да үлгілі тәртібі бойынша жұбайымен кездесуге құқылы болған. Ендеше екеуінің кездесуіне кім кедергі келтірді дейсіз ғой. Сөйтсе әлгі мекеме қызметкерлерінің кесірінен бұл ақпарат арнайы бөлімге берілмеген екен. Содан аталған орталықтың арнайы мамандарының араласуы арқасында ғана бұл кемшіліктер жойылып, Е.Верещагина күйеуімен кездесуге мүмкіндік алады. Әрине мұның бәрін ұсақ-түйек іс деп қарауға да болар. Бірақ сол әр ұсақ-түйек істің артында адам тағдыры тұр ғой. Тиыннан теңге құралатыны секілді, ұсақ-түйек құқық бұзушылықтан ірі қылмыс құралады. Ал оған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері жол берсе, онда не болады?
Сондықтан өтініш берушілердің дәлелдерін тексеру үшін прокурорлар қылмыстық істердің де құжаттарын зерделеді. Соған сай бірқатар істер оңды шешімін тапты.
Еңбекақысын ала алмай жүрген азаматтар да бұл орталыққа жүгінуде. Соның бірі – азамат Н.Салжановаға «Интеграл Групп» ЖШС 5 млн теңге жалақысын төлемеген екен. Соған байланысты оған сотқа арыз жазуға көмек көрсетілген. Бұдан басқа да заңды еңбекақысын ала алмай жүрген 26 адам орталыққа арыз айта келіпті. Олардың арызы бойынша жұмыс берушімен арадағы жүргізілген құқықтық түсіндіру шаралары негізінде тиісті еңбекақы төленетін болған. Міне, осылайша ашылғанына аз уақыт өтсе де Құқық қорғау қызметтері орталығы азаматтардың құқын қорғауда атына сай қызмет көрсетіп келе жатқанына сәйкес халықтың алғысына бөленетініне, сөйтіп мемлекеттік органдардың қызметіне ел сенімін қалыптастыратынына да еш күмән жоқ.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»