Өзбек-қазақ халықтарының ортақ шекарасы да ұзын – 2351 шақырым. Шекараның бейбіт қатынастардың тірегі болуына екі ел де мүдделі. Себебі, бейбітшілік пен өзара татулыққа, ынтымақ пен одақтастыққа зиянын тигізетін діни экстремизмді, халықаралық терроризмді, наркотрафикті, заңсыз сауданы ауыздықтау екі мемлекет үшін де аса пайдалы. Әлемдік қауіп-қатердің көзіне айналып отырған Ауғанстанда жағдайдың тұрақталуы мақсатында екі ел көп шаралар атқаруда.
Әсіресе Сириядағы соғыстан ығысқан ИЛИМ (ДАИШ) содырларының Ауғанстан жерінің солтүстігінде жаңадан шоғырлануына Өзбекстан мен Қазақстан басшылығы бірдей алаңдаушылық білдіруде. Орталық Азия мемлекеттеріне тұрақсыздық әкелетін діни радикализмнің күшеюіне жол бермеу Ауғанстандағы діни ахуалдың және этносаралық татулықтың нығаюына байланысты. Бұл үрдіске Өзбекстан мен Қазақстанның қолдау көрсетуі маңызды. Сондықтан Ауғанстанда ауыл шаруашылығын, өндіріс саласын дамытуға екі ел де атсалысуда.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің прагматистік саясат ұстануы екі ел арасындағы алыс-берісті жақсарта түсті. Өзбек халқының құрметіне бөленген Ислам Каримов пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған екі елдің достастығы мен стратегиялық әріптестік дәстүрі белсенді жалғасуда, жаңа сапалық деңгейге көтерілуде...
Екі елдің басшылары жыл сайын міндетті түрде кездесуді дәстүрге айналдырды. Осы жылдың наурыз айында Шавкат Мирзиёев Қазақстанға сапармен келсе, қыркүйек айында Н. Назарбаев Өзбекстанға барды. Сапар барасында «2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтасу стратегиясына» қол қойылды. Ал Астанадағы бизнес-форумда екі ел бизнесмендері 1 млрд доллардың келісімдерін жасасты. Бірлескен Ravon автокөліктерін құрастыру зауытын салу Қостанайда басталды. 2020 жылға қарай екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін 5 млрд долларға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Сондай-ақ Алматы–Ташкент темір жолы қайтадан іске қосылды. Маусым айынан бастап Самарқанд–Ташкент–Астана темір жолы пайдаланыла бастады. Сонымен қатар, Шымкент–Ташкент, Алматы–Ташкент автобус рейстері қалпына келтірілді.
Бәсеңсіген рухани, мәдени байланыстарды жандандыру жайы қолға алынуда. Өзбек басшылығы 1 миллионға жуық қазақ диаспорасының ұлттық келбетін сақтауға қамқорлық көрсетуде. Қазақ ұлттық-фольклорлық, эстрадалық ансамбльдері жұмыс істеуде. Өзбекстан Жазушылар одағы жанынан қазақ әдебиеті жөніндегі кеңес ашылған. Кейінгі жылдардағы өзбек-қазақ қатынастарындағы оң өзгерістерді тереңдете беру екі ел басшылығының стратегиялық міндеттерінің қатарында.
Себебі Орталық Азиядағы тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуы екі елдің ресми ұстанымдарына тәуелді. Екіншіден, екі ел экономикасының біріне-бірі берері көп. Әсіресе ауыл шаруашылығында өтімді тауарлар жеткілікті. Оңтүстік Қазақстан ет өнімдерін Өзбекстанға көптеп өткізуіне болады. Үшіншіден, екі елдің ішіндегі екі ірі диаспора тығыз әлеуметтік-экономикалық және саяси байланыстарды, өзара достықты талап етеді. Төртіншіден, 2,3 мың шақырым болатын шекараны тату-тәтті елдер арасындағы достық пен ынтымақтың ғана көпірі ете білгеніміз абзал.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор