«Қазіргі кезде ғылыми-техникалық басқарудың автоматты жүйесіндегі корпоративтік желі арқылы ақпараттарға, нормативтік-техникалық құжаттарға, бейнеконференция деректеріне қол жеткізуге болады. Сонымен қатар бұл орталықтың барлық бағыттарын практикалық түрде автоматтандырып қана қоймай, ақпараттық, баспалық, мұражайлық білім қорының қоймасы болып та қала береді», дейді Н.Смольянова.
Автоматтандырылған жүйе тұрақты түрде толықтырылатын мәліметтерден тұрады. Оның ішінде электронды оқулықтар, кітаптар, безендірілген шолулар, 70 түрлі басылымдағы темір жол саласына арналған өзекті тақырыптағы толық мәтіндер, бейнефильмдер, құқықтық-нормативтік құжаттар, көршілес мемлекеттердің темір жол саласындағы үздік техникалық және технологиялық жаңалықтары жарияланады.
Ғылыми-техникалық ақпарат және сараптау орталығы директорының хабарлауынша, компания мұндай ақпараттық технологияны Темір жолдар ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің ішінде алғашқы болып бастап отыр. Бірқатар темір жол әкімшіліктері ақпараттық жүйені автоматтандыру бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық білдіруде.
Қазіргі таңда компанияның техникалық кітапханасы қорында жүзден астам мерзімді басылымдар мен 800 мыңнан астам кітаптар бар. Келесі жылы SAP, бизнесті трансформациялау, IТ-технология, логистика, персоналды басқару және технологиялық әдебиеттер сатып алынады. «Ақпараттық технологияларды өндіріске енгізу «ҚТЖ» қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруге елеулі үлес қосады. Жұмыс тиімділігін көтереді», дейді орталық басшысы Н.Смольянова.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»