Сессия барысында Алматы әкімі ономастикалық комиссияға қайталанатын 112 көшенің атауларын өзгерту туралы зиялы қауым өкілдерінен, ҮЕҰ-дан, қала тұрғындары мен әсіресе жастардан мегаполистің басты көшелерінің бірі Фурманов көшесіне Елбасы есімін беру жөнінде көптеген ұсыныстар түскенін атап өтті.
«Біз биыл Астананың 20 жылдығын мерекелейміз. Егер еске алатын болсақ, тарихтың өзі астананы көшіру туралы Елбасы шешімінің барынша көрегенді әрі дұрыс екенін дәлелдеді. Соның арқасында Еуразия орталығында жаңа заманауи қала пайда болды әрі еліміздің іскерлік орталығы ретінде Алматы жаңа серпінмен дами бастады. Тарихи маңызы зор шешім мен Президенттің экономикалық реформалары өзара ұштасып, жеке бастамаларды ынталандырды, кәсіпкерлік рухты дамытты. Бүгінгі күні Алматы – өңірлік тартылыс күші, Орталық Азияның ірі мегаполисі», деді Бауыржан Байбек.
Қала әкімі Мемлекет басшысы Алматы қаласында Конституция, Ұлттық валюта, Қарулы Күштер жасағын құру, мемлекеттік рәміздерді бекіту, Семей полигонын жабу сияқты талай тарихи шешімдерді қабылдағанын еске алып, бұл ұсыныстың жайдан-жай жасалмағанын айтты.
«Елбасы абыройының арқасында Қазақстан халықаралық дағдарыстарды шешуде басты рөл атқаратын елге, сенімді серіктеске айналды. Ол кісі әлемдік дәрежеде ядролық қарудан бас тартуға ұсыныс жасаған, әлемді ядролық қарудан арылтуға үлес қосқан бірден-бір тұлға. Мен әріптестерімнің пікіріне қосыламын. Бүгінгі Фурманов көшесінің атауын беру туралы шешім дер кезінде әрі дұрыс қабылданған шешім», деді әкім.
Елбасы атына Алматыдағы үлкен даңғылдың берілгені туралы шешімді қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері жаппай қолдап отыр. Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бұл хабарды естігенде қатты қуанғанын айтып, өз ойымен бөлісті.
«Кешегі Кеңес заманында қазақ тарихына, қазақ халқына, Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ адамдардың аты қалаға да, далаға да, көшелер мен мекемелерге де берілді. Біз кеше тарихымыз, ар-ожданымыз тапталған елміз. Қазақ хандары, билері келеке, мазаққа айналған заманды да басымыздан кештік. Нұрсұлтан Назарбаев бабалар аманатын орындаған, арманын жүзеге асырған үлкен қайраткер. Ол қирандыдан мемлекет орнатты. Оны әлемге танытты, мойындатты. Назарбаев басқарып отырған Қазақстандай тәуелсіз мемлекет Ұлы Даланың төсінде болған емес. Алматы мәдени, экономикалық орталыққа айналды. Ал Астана Қазақстанды өрге сүйреді. Осындай тарихи шешімді ерлікпен қабылдаған да Елбасы болатын. Нұрсұлтан Назарбаев мақтауға да, мақтануға да татитын ұлы тұлға. Сондықтан Алматының үлкен бір күре тамыры сияқты даңғылы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталғанына шын жүректен қуаныштымын», дейді М.Жолдасбеков.
Мемлекет басшысының есімі елдің мәдени астанасына айналған Алматыдағы көшеге берілгенін халық әртісі Бибігүл Төлегенова да қуана құптап отыр. Әншінің айтуынша, Елбасына өзі түлеп ұшқан Алматыдан көше атының берілуінің маңызы зор. «Елбасының басқа еңбектерін былай қойғанда, мәдениетіміздің бүгінгідей деңгейде дамуына қосқан үлесі ерекше. Сондықтан мәдениеттің астанасы, ежелгі қала Алматыдағы көшеге Елбасы есімінің берілуі өте құптарлық шешім», деді Б.Төлегенова.
Еске салар болсақ, осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімі Иорданияның Амман қаласындағы және Чешен Республикасының Грозный қаласындағы көшелердің біріне берілген болатын. Бұлардан өзге, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімімен Түркияның бірнеше қалаларының көшелері аталады, Татарстан астанасы Қазанның магистралды көшесіне Елбасы есімі берілген.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»