Бірінші мәселе Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялауға арналды. Заң жобасы бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасап, сенаторларға оның қаншалықты қажеттігі туралы айтып берді. «Кеден кодексі халықаралық стандарттарға және кедендік әкімшілендірудің озық тәжірибелеріне негізделді. Ол кедендегі бизнес процестерді автоматтандыруды көздейді. Біз бизнес қауымдастығымен өзара іс-қимыл жасаудың мүлдем жаңа алгоритмін енгіздік. Соның ішінде электронды декларациялау да бар. Бұл қандай да бір растау құжаттарын қоса беруді талап етпейді. Барлық қажетті мәліметтер декларацияның өзінде көрсетіледі. Сонымен бірге «бір терезе» қағидаты заңды түрде қамтылды. Міне, осылар тауарларды автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді», деді министр. Сонымен бірге министрдің айтуынша, бұл заң жобасы декларация толтыру процесін жеңілдетеді және сыбайлас жемқорлық тудыру мүмкіндігін жояды. «Кеден кодексінің тағы бір жаңашылдығы уәкілетті экономикалық операторлар институтын жаңғырту болып табылады. Атап айтқанда, осындай мәртебенің үш деңгейлі жүйесі енгізіліп, арнайы жеңілдіктер тізімі кеңейтілген», деді Т.Сүлейменов.
Баяндама аяқталған соң сенатор Нариман Төреғалиев сұрақ беріп, заң жобасында ұлттық мүдделеріміздің қаншалықты ескерілгенін және осы шарттың біздің еліміз үшін нақты тиімділігі қандай екендігін сұрады. «Ұлттық мүдделерімізді қорғау кодекс жобасын әзірлеу барысында біздің ең басты мақсатымыз болды. Осы мақсат үшін біздің министрлікте айрықша жұмыс тобы құрылып, олар әрбір норманы, әрбір бапты мемлекеттік органдармен, ҮЕҰ және Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, талқылап отырды. Сондықтан да қазақстандық тараптың түзетулері 67 пайызға дейін жетті, ал тиімділігі жөнінде айтатын болсақ, 2009 жылы жасалған бұрынғы кодекс моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген еді, ал жаңа кодекс біздің транзиттік әлеуетімізді арттыратынына сенімдіміз», деді қойылған сұраққа жауап берген министр.
Қосымша баяндаманы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Михаил Бортник жасады. Оның айтуынша, шарттың негізгі мақсаты Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай кедендік реттеуді қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар жаңа Кеден кодексі декларация негізінде толтырылған құжаттарды кеден органына ұсынбай, электронды түрде беруді, тауарларды шығаруды декларация тіркелген сәттен бастап төрт сағаттың ішінде жүзеге асыруды және т.б. қамтамасыз етеді. Шағын талқылаудан кейін заң бірауыздан қабылданды.
Жалпы отырыста қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарауға арналды. Заң жобасы туралы баяндаманы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Талғат Мұхтаров жасады, өйткені құжат енгізетін өзгерістер тұтасымен әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне арналыпты. «Заң жобасының мақсаты – баспанаға мұқтаж әскери қызметшілердің барлық санаттарын тұрғын үймен түгелдей қамтамасыз ету және оған қол жеткізудің келесі тетіктерін қарастырған: әскери қызметшілерге екінші деңгейдегі банктердегі жеке, арнаулы есепшотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылып отырады. Оның мөлшері еліміздің аймақтарындағы тұрғын үй құнының 1 шаршы метрінің бағасын ескере отырып, отбасы мүшелерінің әрқайсысына 18 шаршы метрден есептеледі. Осы қаражатты әскери қызметкер ипотеканы пайдалана отырып, тек тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ тұрғын үй арендасын төлеуге, өзі тұрған баспананы кейіннен сатып алуға, үлескерлікке немесе тұрғын үй құрылысы кооперативінің жарнасын төлеуге жұмсай алады. Сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсартуға да пайдалану мүмкіндігі бар. Соның ішінде тұрғын үйінің ауданын кеңейтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар заң жобасы әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесіне байланысты басқа да түйткілдерін таратуға бағытталған. Соның ішінде 20 жылдан артық қызмет еткен әскери зейнеткерлердің тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешуді қарастырған», деді Т.Мұхтаров өзінің баяндамасында.
Қосымша баяндаманы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Дархан Кәлетаев жасады. Оның баяндамасынан заң жобасы жалғыз әскерилер емес, ішкі істер әскерлерін, әскери прокуратура мен қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін де қамтитындығы айтылды.
Заң жобасы бірінші оқылымда шағын талқылаудан кейін мақұлданған соң Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның ұсынысымен екінші оқылымда да шағын үзілістен кейін қаралып, ол бірауыздан қабылданды.
Осыдан кейін сенаторлардың орталық билік органдарына жолдайтын сауалдары жарияланды. Соның ішінде Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның «Қазтелерадио» АҚ-қа тиесілі «Отау ТВ» кәсіпорнының мәселесіне байланысты және сенатор Нариман Төреғалиевтың балет пен би әртістерінің зейнеткерлік жас мөлшерін белгілеуді қайта қарау туралы Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалдары жарияланды.
Отырыс соңында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев сенаторларды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнімен құттықтады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»