Елбасымыздың өмір жолына үңілсек, Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищеде металлург мамандығын игеріп жүргенде Нұрсұлтан Назарбаев білім алумен шектеліп қалмай, спортта да айтарлықтай табысқа жеткенін Украинаның және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лев Ежевский үлкен тебіреніспен еске алады. Біріншінің бапкері Астанаға келгенде арнайы жолығып, біраз әңгіменің түйінін тарқатып едік.
«Мен Киевтің дене тәрбиесі институтын бітіргеннен кейін Днепродзержинск қаласындағы металлургия зауытының спорт клубында жаттықтырушы болып жұмысқа кірістім. 1958 жылы осындағы техникалық училищеге Қазақстан үкіметінің жолдамасымен бір топ жас оқуға келген. Бір күні жаттығу жүргізіп жатқанымда залға денесі тығыршықтай бір жап-жас жігіт кіріп келді. Көп кідірмей-ақ маған жақындады да «Маған осында күреспен айналысуға бола ма?», деп сұрады. Мен аты-жөнін сұрап едім «Атым – Нұрсұлтан, фамилиям – Назарбаев, Қазақстаннан келдім. Осындағы техникалық училищеде оқимын», деп тақ-тұқ жауап берді. «Бұрын күреспен айналыстың ба?», деп едім, «Әкемнің үйде үйреткені болмаса, кәсіби тұрғыда шұғылданған жоқпын», деді. Содан мен жаттығу жасап жүргендердің арасынан Николай Литошконы шақырып алып: «Коля, мына жігіт күреспен айналысқысы келеді екен, байқап көрші», деп белдестіріп жіберген едім. Қалай болғанын өзім де аңдамай қалдым, әп-сәтте Нұрсұлтан менің Литошкомды шалып жықты. Шалқасынан түсірді. Зал іші сілтідей тынды. Литошко қызарақтап, ызаға булығып тұр. Мен содан Нұрсұлтанды арқасынан қағып: «Жарайсың, сынақтан өттің, енді саған есік ашық» дегенім есімде», деген Лев Рудольфович әңгіме басында Нұрсұлтан Назарбаевтың егер күреспен кәсіби тұрғыда айналыса бергенінде үлкен белестерді бағындыратын балуан болатынын ұғындырғандай болды.
– Мен мынаны ерекше айтқым келеді, – деп сөзін жалғастырған бапкер. – «Қабілетті адам қай істе болса да қарымды болады». Осы сөзді Нұрсұлтанға қаратып айтар едім. Оны алғаш көргенімде бұрын спортпен айналысқан екен деп ойлаған едім. Бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп, дене бітімінің тығыршықтай болғаны, жанарынан от көрінуі оның табиғатынан күшті, талантты екенін білдіріп тұрды, – деп Елбасымыздың ерік-жігерін де бағалап өткен еді.
«Ол ең бірінші жарысқа қатысқанда «Мен қашан шығамын, мен қашан шығамын…», деп өзін-өзі қайрап, өзін-өзі жеңіске жігерлендіріп жүрді. Өзіне сондай сенімді болды. Міне, осындай жеңіске деген құштарлықтың нәтижесі болар, Нұрсұлтан алғашқы белдесуін тамаша өткізіп, жеңімпаз атанды. Бұл жеңіс оны өте шабыттандырып жіберді десем болады. Содан кейінгі жарыстарда да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе білді. Ол күрестің екі түрін қатар меңгерді. Классикалық және еркін күресте белдесе беретін. Екі жылдың ішінде Украинаның спорт шебері атағының нормативін орындады. Жалпы, Назарбаевтың мінезінен алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, ерінбейтін еңбекқорлық, көшбасшылық қасиет көрініп тұратын. Мен сол кезде-ақ оның қабілет-қарымына қарап, келешекте өте танымал тұлға-қайраткер болады деп ойлайтынмын. Нұрсұлтан Назарбаев егер шынымен де тағдырын кәсіби спортқа бұрып, күреспен түбегейлі айналысқанда, үлкен жетістіктерге жетер еді. Кем дегенде әлем чемпионы болуы мүмкін еді деп ойлаймын. Олай дейтінім, ол шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, нағыз күрескер жігіт еді. Кілемде де, оның сыртында да көштің басында болуға ұмтылатын. Өйткені оның бойында жеңімпаз рухы бар», деп сөзін сабақтай түсті танымал бапкер өткен күндерді есіне ала отырып.
Табиғатынан ақжарқын көңілді, әңгімешіл Лев Ежевский әр сұрағымызға өте ыждағатпен жауап берді.
– Баптаған шәкіртіңіз Президент болғанын естігенде қандай сезімде болдыңыз?
– Қандай сезімде болуым мүмкін?! Әрине, қуандым. Бір күні сол баяғы Нұрсұлтанмен күресетін Николай Литошко жүгіріп келіп «сүйінші» сұрайды. «Керемет жаңалық», деп қояды. Содан ол: «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің Төрағасы болды. Ура!», деп мені құшақтай алды. Сөйтіп біз осы «керемет жаңалықты» атап өтіп, өзімізше бір кішігірім мейрам жасадық. Ал Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанда тіптен қуандық. Мен жоғарыда бір сөзімде айтып кеттім ғой, Нұрсұлтан Назарбаев нағыз көшбасшы деп. Ол табиғатынан солай жаратылған, жан-жақты дарынды адам.
– Есіңізге түсіріп көріңізші Президент пен бапкердің кездесуі қалай болды?
– Шынымды айтсам, Нұрсұлтан Назарбаевты оқу бітіргеннен кейін ұзақ жылдар көрген жоқпын. Ал енді кездесу жайында айтсам, 1994 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Украинаға жасаған сапары барысында Днепродзержинск қаласындағы өзі оқыған училищеге арнайы келді. Училище ұжымы бұл кездесуге өте мұқият дайындалды. Мәртебелі қонақты үлкен залда күтіп тұрдық. Сол жолы Нұрсұлтан Назарбаев мені бірден тани қоймады. Досы болып кеткен Николай Литошко «Нұрсұлтан Әбішұлы, танымай қалдыңыз ба, бұл біздің бапкеріміз Лев Рудольфович», дегенде барып есіне түстім. Сол кезде барып ақжарқын күлкісіне салып, мені құшақтай алды да, амандық-саулығымды сұрай жөнелді… Балуан-шәкіртімді Президент болғанда осылайша жолықтырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы мені Қазақстанға қонаққа шақырды. Мен болсам, 1996 жылы Алматыға келдім. Айтып жеткізуім қиын. Құрметтеп күтті. Керемет риза болдым. Содан бері Қазақстанға жиі келіп тұратын болдым, – деп сөзін түйіндеген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты баптаған украин бапкері Лев Ежевский.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,
журналист
АСТАНА