Футбол • 02 Желтоқсан, 2017

Қарсыластар анықталды

555 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тойдың болуынан боладысы қызық демей ме, Әлем чемпионатының алдындағы қызықты оқиғалар басталып та кетті. Кеше ғана жеребе тарту рәсімі өтіп, 32 команда қарсыластарын анықтап алды.

Қарсыластар анықталды

Сонымен, Мәскеудегі Кремльде өткен жеребе тарту рәсіміне кілең игі жақсылар тегіс келді. Футболдың атқамінерлері де түгелімен ат басын Ресей астанасына тіреді. Олардан бөлек тіпті футбол корольі Пеле мен аты аңыз Диего Арманда Марадонада бұл іс-шараның басы-қасынан табылды. Көптен бері баспасөз беттеріне шықпай кеткен Пеле денсаулығының сыр бергенін жасыра алмады. Ардагер аяқдопшының аяқтары ұзақ жүре алмайтын жағдайға жетсе керек, арбаға таңылыпты. Аргентиналық Марадонаның Пеленің маңдайынан сүйіп, корольге бас игені көпшіліктің мейірімін тудыртты. Адам жас келгеннен кейін сабасына түседі. Бұлқынып, тасқындап жүрген шағында Диего талай мәрте өзін Пеледен мықтымын деп те айтып жіберген кездері болып еді. Жылдар өте келе Марадона ұлы фтболшыны мойындаған екен.

Одан бөлек есте қалар оқиғалардың ішінде Бразилия федерациясының атынан келген Роналдоның соңғы Әлем чемпионы ретінде кубокты әкеліп табыстаған Мирослав Клоземен кездесуі. Жаһандық доп додасының тарихындағы екі сұрмерген шабуылшы бір бірімен бетпе бет ұшырасты. Роналдоны мундиальдар тарихында ең көп гол соққан футболшы деген атағынан айырған Мирослав Клозе. Пеле мен Марадонаның жүздесулерінен соң, Роналдо мен Клозенің қол алысулары да көптеген жанкүйердің көңіліне жылы тиді.

«А» тобы

Енді жеребенің өзіне тоқталсақ, «А» тобына жарыс қожайындары Ресей, Сауд Арабия, Мысыр мен Уругвай түсті. Топтың басты фавориті Уругвай екені анық. Екінші орынды мамандар осы қазірден Ресейге беріп отыр. Алайда, қос мұсылман елдерін де есептен шығаруға болмайды. Мұхамед Салах бастаған мысырлықтар, кез-келген құраманың апшысын қуыра алады. Аутсайдер Сауд Арабиясы екені анық. Дегенмен, Әлем чемпионатында осал құрама болмайтындықтан, барлығы да өз құрлықтарының мықтылары екенін ескерсек, ешкімді де тізімнен сызуға болмайды.

«В» тобы

Бұл топқа жеребенің тәртібі бойынша 2 ғана еуропалық команда түсті. Португалия мен Испания. Екі көршілес жатқан елдің футболшылары тартысты ойын өткізетіні анық. Ең қызығы Криштиану Роналду өзінің «Реал» сапындағы әріптестеріне қарсы ойнауы болмақ. Ал Испания құрамасында олардың саны біршама. Алғашқы екі орынға Пиреней түбегінің елдері таласса, Морокко мен Иранның үлес салмағы қалай болары белгісіз. Әрине, қазір айтылатын болжамдар мен пікірлердің барлығы рейтинг, көрсетіп жүрген нәтижелерге сүйенеді. Дегенмен, келер жылы жазға дейін әлі неше түрлі оқиғалар орын алуы ықтимал. Бір футболшының аяқасты алып қалған жарақатының өзі талай мәселені шешетін заман емес пе?

«С» тобы

Үшінші топта көш бастап Франция тұр. Оның қарсыластары Перу, Аустралия, Дания. Жалпы, 2018 жылғы Әлем чемпионатының фавориті Францияның топ ішіндегі тегеурінді қарсыласы, іріктеуде Қазақстанды екі рет жеңген Дания ұжымы. Алайда, осыған дейін қос құрама 1984 жылы Еуропа чемпионатында, 98-жылғы Әлем біріншілігінде, 2000-жылғы Еурда бір топта болып, үшеуінде де Франция жеңіске жеткен.

«D» тобы

2018-жылғы дүбірлі доданың ең қызықты тобы осы шығар. Азуын айға білеген Аргентина, соңғы ірі сенсациялардың иесі Исландия, Лука Модрич пен Иван Ракитичі бар Хорватия, қара құрлықтың қабыландары Нигерия. Болжам бойынша әрине, Месси бастаған аргентиналықтар көшбасшы, алайда олардың іріктеуден қалай өткенін еске алсақ, Хорватияның бірінші орын алуы да ғажап емес. Исландия өзінің стандарттық жағдайлары мен қақтығыс ойынын шыңдап алып келсе онда нағыз тартыс осы топта болады.

«Е» тобы

Бразилия, Швейцария, Коста Рика, Сербия. 2014 жылғы масқарадан кейін ес жиып, құрамасын қайта жасақтаған Бразилия бұл жолы қателігін қайталай қоймас. 2002 жылы Әлем біріншілігін жеңген кезде бразилиялықтар өз топтарында Коста-Рикамен керемет кездесу өткізді. 5:2 есебімен жеңіске жеткен «селесао» футболшылары әдемі голдардың түр-түрін көрсеткен. Бұл жолы да Неймарлардан сүбелі ойын өрнегін күтеміз. Сол 2014 жылы сенсация жасаған Коста-Рика бұл жолы да топтан шығамыз деп талпынып отыр. Ал қос еуропалық кұрамалар Швейцария мен Сербияның біреуі плэй-оффқа өтуі қисынға жақын. Болжам бойынша екінші орын Швейцарияға тиесілі.

«F» тобы

Германия, Мексика, Швеция, Оңтүстік Корея. Әлем чемпионы Германия ешқандай талассыз бірінші орынды ешкімге де бермей, плэй-оффқа шығады. Біріншіліктің басты командасы өзіне тән салқынқандылықпен қарсыластарының үшеуін де жеңе алады. Ал екінші орын ше? Оны әзірге айту қиын, барлығын да жасыл алаң көрсетеді.

«G» тобы

Бельгия, Панама, Тунис, Англия. Іріктеуден іркілмеген Англия әдетіне басып, қиналып жүріп топтан шығып алады. Бірақ, одан кейінгі тағдыры беймағлұм. Жетер жері ширек финал еді, биыл оған да жете алмай қалар ма екен?! Бельгия білгенінен жаңылмаса топтағы бірінші орынды солардыкі. Жастардан жасақталған командада жұлдыздар көп болғанымен, команданың өзі жұлдыз болмай тұр. Тарихында тұңғыш рет біріншілікке шыққан Панама құрамасына жеребенің қалай түсуі бәрібір болды. Оларға финалдық кезеңде доп тебудің өзі зор мәртебе.

«H» тобы

Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония. Дәрежесі мен деңгейлері біркелкі болып тұрған құрамалардың тобы қазірдің өзінде қызу талқыға түсті. Дегенмен, басымдылықты көпшілік еуропалық құрамаға беріп тұр. Қазақстанмен бір топта болған Польша Колумбиямен бірге бірінші орынға таласпақ.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан».