Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Оралда электронды қызмет көрсету жобасы таныстырылды

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық соты облыс әкімдігімен бірлесе отырып «Медиацияға цифрлық технология арқылы қол жеткізу» электрондық сервисі пилоттық жобасын әзірледі.

Оралда электронды қызмет көрсету жобасы таныстырылды

Фото: Айбатыр НҰРАШ

Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарында медиаторлар қызметі халықтың барлық тобына қолжетімді болуын тапсырған болатын. Оралда қанат қаққан жоба дәл осы мақсатты көздеген.

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметовтің айтуынша, жаңа жобаның нәтижесінде азаматтардың медиатор қызметіне жүгінуіне барлық жағдай жасалады, ымыраға келу шарттарының аясы кеңейіп, сот шығындары үнемделеді, халық ішінде дау-дамайды сотқа дейін-ақ шешуге мүдделілік артады.

Жаңа жобаны таныстырған «logitex» ЖШС менеджері Антон Скрамовский бағдарлама екі кезеңнен тұратынын айтады. Бірінші кезеңде электронды сервис қызметі Орал қаласындағы №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында іске қосылады. Оған тек ХҚКО қызметкері және медиатор ғана кіре алады. Медиатор ол жерден «жеке кабинет» ашып қояды. Шағымданушы азамат ХҚКО-ға келіп, өтінішін автоматтандырылған жүйе арқылы тапсырады. Шағымды медиаторлардың бірі қабылдаған сәтте, әлгі азамат сол медиатордың қабылдауына жазылып қалады. Сөйтіп, өтініш берушіге шағымының қабылданғаны, медиатордың аты-жөні мен мекенжайы, қабылдайтын уақыты көрсетілген талон беріледі. Бұл қызметтің одан әрі жемісті болуы шағымданушы мен медиатордың өздеріне байланысты болады.

Екінші кезең 2018 жылдан басталады. Келер жылы портал құру арқылы бұл қызметті барлық азаматтар үшін қолжетімді ету жоспарланған. Бөлменің сілтемесіне кіру арқылы пайдаланушы медиация туралы материалдармен танысып, медиаторлар тізімін, жұмыс кестесін, пікірлерді және медиатордың жұмыс тәжірибесін т.б. көріп, таныса алады. Сервис болашақта дербес гаджеттер мен смартфондарда жүктеп алуға болатын мобильдік қосымшасын іске қоспақ.

Бұл жаңалық ең алдымен халықтың медиатор іздеуге кететін уақыты мен қаржысын үнемдейді, құжат жинау машақатынан құтқарып, соттың да алдын алуы мүмкін. Медиацияны ұсақ және орташа ауыр қылмыстық істерге де қолдануға болады.

Қазір жаңа технология тіршіліктің барлық саласына еніп жатыр. Бұл өмір талабы, осы арқылы біз өмір сапасын көтеруге тиіспіз. Демек, осындай жобаның арқасында азаматтар мәселесін тез, тиімді және көп шығынсыз шешуге мүмкіндік алады. Келешекте тұрғындар дау-дамайды әдеттегідей сотта емес, медиатор қызметін пайдалану арқылы шешудің қаншалық ыңғайлы және тиімді екеніне көз жеткізеді.

«Қазақстанда жыл өткен сайын медиатордың қатысуымен шешілетін істердің саны өсіп келеді. Біздің қоғамда кез келген жанжалды шешудің ең табиғи тәсілі – диалог пен ымыраға келу болуы тиіс» дейді жоба авторлары.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»