Сауалнаманың басты мақсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының қазіргі жағдайын анықтау болатын. Оған еліміздің 14 облысынан, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларынан бас-аяғы 2500 адам қатысты.
Респондеттердің 73%-ы елімізде тұтынушылардың құқығы жиі бұзылатынын меңзеді. Бұл жайт әсіресе, Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі болып тұрады екен (85%). Ең төменгі көрсеткіш Астана қаласында тіркелген. Қатысушылардың 70%-ы осы нұсқаны таңдады.
Сапасыз тауарлар көп жағдайда киім, техника секілді өнеркәсіптік өнімдерге қарағанда азық-түлік тауарларында жиі кездеседі екен (78%). Облыстар арасында сапасыз азық-түлікті тұтыну бойынша Маңғыстау мен Қостанай көш бастап тұр (84%). Ал ең азы Жамбыл облысында тіркелген (67%).
Қазақстандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қорының хабарлауынша, елімізде мына мәселелерде заңбұзушылық жиі кездеседі: чек пен бағаның сәйкессіздігі (34%), қызмет көрсетушілердің дөрекілігі (25%), тауар сапасы мен көрсетілген қызметтің сәйкессіздігі (24%), сондай-ақ сатып алушыларға қосымша тауарларды енгізу (28%).
Сауалнама қорытындысы бойынша, тұтыншулардың құқығы жиі бұзылатын ұйымдар да анықталды. Бұл тұста дүкендер мен бөлшек сауда желілері алда тұр (14%). Одан кейін қоғамдық тамақтану орындары (12%) екінші орында тұр. Ал үштікке қоғамдық көлік, базарлар және пәтер иелерінің кооперативтері енді (9%).
Респондеттердің басым бөлігі (35%) өзінің тұтынушылық құқығы бұзылса да, ешқайда шағымданбай, жағдайды дабыра етпей, жылы жауып қоя салатынын алға тартты. Ал 25%-ы түсінбеушілік болса ортақ келісімге келіп, өзара тіл табысуға тырысатын көрінеді.
Бұдан бөлек, сауалнама арқылы респондеттердің 58%-ының мемлекетке деген сенімі артқаны анықталды.
Өз кезегінде сарапшылар мен тұтынушылар тарапы да пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Мысалға, сауалнама қатысушыларының 36%-ы тұтынушыларды телекоммуникациялық арналар, яғни интернет, әлеуметтік желілер арқылы сауатын арттырып, ақпараттандырып отыру керектігін айтты. Ал 14%-ы баспа өнімдері мен әлеуметтік жарнамалар арқылы насихаттап, ақпараттандыруды жөн көреді екен. Кейбірі тіпті, қоғамдық орындарда түрлі акциялар пен таныстырылымдар өтсе немесе тегін семинарлар ұйымдастырылса деген ұсыныстарын білдірді.
Экономика бағытын дамытуды ынталандыруда маңызды қадамдардың бірі тұтынушылар құқығын қорғау болып есептеледі. Осы орайда соңғы жылдарда ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңына айтарлықтай өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн. Енгізілген нормалар сатушылардың, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.