Білім • 31 Қазан, 2017

balatili.kz – балаларға қазақ тілін үйрететін пайдалы ресурс болмақ

1848 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«balatili.kz» сайты қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін 5 жастан жоғары жасөспірімдерге, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы классификациялау жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.

balatili.kz – балаларға қазақ тілін үйрететін пайдалы ресурс болмақ

«balatili.kz» сайтында дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары, сонымен бірге балалардың тілдік, жазу және дұрыс жазу, оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатындағы оқыту материалдары қамтылады. Оқыту мен ойынның негізінде құрылатын қазақ тілін оқытуға бағытталған кеңістік жеке немесе топпен, білім беру мекемесінде немесе үйде қолдануға болатын білім беруші интерактивті мультимедиалы мазмұнды құрайды.

Баланың жеке өзіндік жұмыс істеуіне арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парағы ұсынылады.

Лингводидактикалық мақсаттарына сәйкес оқыту материалдары мазмұны мен нысанына байланысты бірнеше топқа топтастырылады. Олар: «Әріп», «Дыбыс», «Сөз», «Сөйлем», «Сөз тіркестері», «Мәтін», «Санамақ», «Шығармашылық жұмыс», «Әдістемелік бұрыш».

Қазақ әріптерінің жазылуынан бастап қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясын меңгеруге қатысты материалдар, соның ішінде интерактивті әліппе, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, интерактивті ойындар, тапсырмалар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған бастырмалар топтастырылады.

Қазақ тіліне ғана тән ерекше атаулар мен сөз тіркестеріне қатысты семантикалық түсіндірмелері беріледі. Тұрақты сөз тіркестерінің мазмұнына назар аударылып, оларды қолдану ерекшеліктеріне қатысты интерактивті ойындар ұсынылады.

Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылады.

Сонымен қатар ұсынылатын мәтіннің мазмұнын түсініп, мазмұндауды, мазмұндаманы жазуды, тірек сөздер арқылы әңгіме құрастырып, өз ойын қалыптастыруға көмектесетін арнайы тапсырмалар әзірленеді. Балалардың сөздік қорын байыту арқылы қазақ тілінің қазыналы бай тілдік әлеміне жетелеу, оқу дағдысын дамыту, сөздік қорын молайту сияқты дағдыларды қалыптастыру негізгі мақсатты құрайды.

Шығарма, эссе, мәтін түзу, мәтінге тақырып қою, жазу әдістері ұсынылады. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, басып шығарып алуға болатын бояуға арналған суреттер, сурет салуды үйретуге арналған материалдар топтастырылады. Олардың мазмұны ұлттық сипатта болады. Қазақтың ұлттық киімдері, үй жабдықтары, этнографиялық атаулар мен ұғымдар, ұлттық ойын түрлері, этникалық сипаттағы ономастикалық атаулар, т.б. тақырыптарын қамтиды.

Жалпы лингвистикалық мәселелерге қатысты, балалардың ой- өрісі мен сөз байлығының дамуына, азамат ретінде қалыптасуына, тәрбиеге қатысты арнайы мамандардың мақалалары, ғылыми еңбектері, сонымен қатар балабақша мен бастауыш сыныбының мұғалімдеріне көмекші құралдар, сабақ жоспарлары жарияланып отырады.