Кеңесті Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жүргізіп отырды. Ол түбі бір түркі халықтарының бірлігі мен ынтымағы одан әрі нығая беретінін айтып, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Алғашқы болып сөз алған Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркістанда жыл аясында өткен іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізгені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
Басқосуда түркі елдерінің мәдениет министрлері түбі бір бауырлардың мәдени-рухани байланысын нығайту жолында игілікті істердің көптеп өтуіне басымдық берілу қажеттігін көтеріп, рухани қалада өткен мәдени шаралар бойынша өз пікірлерін білдірді. Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтанбек Жұмағұлов «Қазақ достарға осындай үлкен шаруаны жоғары дәрежеде өткізгені үшін рахмет айтқым келеді. ТҮРКСОЙ – барлық түркі халықтарының ортақ диалог орталығына айналды. Түбі бір туыстас халықтардың мәдени мұра, руханиятына үлкен үлес қосатынына сенемін» десе, Молдовадан келген Гагауз автономиялық республикасының мәдениет министрлігінің басқарма басшысы Марина Семенова «Гагауз – шағын ғана ел. ТҮРКСОЙ ұйымының бізді елеп, ұлттық құндылықтарымызды ардақтауға үлес қосуы жүрек жылытады. Біз туысқан халықтар үшін әрқашан қуаныштымыз», деді. Осындай жүрекжарды сөздер Түркия, Түрікменстан, Әзербайжан мемлекетінен келген ағайындардың да аузынан ақтарылды.
Жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев түркі мәдениетін әлемге танытатын халықаралық деңгейдегі тұрақты кеңестің маңыздылығына тоқталды.
– Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуі керек. Осыны ескерсек, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, Мәңгілік Ел мұраттарымен үндесіп жатыр. Біз осынау маңызды шараны барынша жоғары деңгейде өткізуге бар күш-жігеріміз бен ынта-ықыласымызды салдық. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару мақсатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан жоспарлы да жүйелі жұмыстар жүргізілді, – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында ұлы даланы дүбірге бөлеген, түркі тұтастығын тереңдете түсетін мәні мен мазмұны астасқан ауқымды 40-тан астам шара ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар Жансейіт Қансейітұлы 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланғанын айтып, барша түркі халқын аталмыш іс-шараның қадірлі қонағы болуға шақырды.
Кеңес отырысын қорытындылаған ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов «Биылғы жылдың ерекшелігі білікті сарапшылардың, министрлік өкілдерінің айтуынша, Түркістандағы мәдени астана жылы өте керемет өтті. Ендігі жылы астана болып белгіленген Кастаному Түркияның мәдени-тарихи қаласы саналады. Кеңестің келесі отырысы сонда өтеді. Сонымен қатар біз келесі жылды Қырғызстанның көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың, Әзербайжанның белгілі сазгері Кара Караевтың 100 жылдығы мен қазақтың керемет ақыны Мағжан Жұмабаевтың жылы деп жарияладық. Алғаш рет бір жылда үш тұлғаның жылын жариялап отырмыз. Ал, жалпы түркі дүниесінде мұндай тарихи тұлғалар өте көп», деді ол.
Жиын соңында Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері мен Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Тыва республикалары және Қырымнан арнайы келген өнер ұжымдарының әндері мен билері гала-концертте орындалды.
«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуына арналған гала-концерт соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Сонымен Түркістанда өткен Тұрақты кеңестің 35-ші отырысында 2018 жылғы мәдени астанасы мәртебесін Түркияның көне, тарихи қалаларының бірі Кастаному жеңіп алды. Ал, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов келесі мерзімге қайтадан сайланды. Біздің байқағанымыз, Түрік әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауидің әз денесі мәңгі дамылдаған киелі қала қай-қайсына да ыстық екен. Түркістан дегенде мәртебесі асқақтап, бір көтеріліп қалады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы