Соған орай қазақ билер сотының дамуы мен құрылу тарихын зерттеп, мәдени және құқықтық тарихи мұраны сақтау арқылы жастардың бойында мемлекет және құқық тарихына деген сый-құрмет қарым-қатынасын, мақтаныш және патриотизм сезімін қалыптастыру мақсатында Ақмола облыстық соты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп, «Қазақ даласының билер соты – егеменді еліміздің сот-құқық жүйесінің негізі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Жоғарғы соттың судьясы Әділ Құрықбаев конференцияның ашылуында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда ұлтымыздың қадір-қасиетін айқындап тұрған тілімізді ұлықтап, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтағанда ғана еліміз рухани жаңғырып, «ұлттық кодымыз» нығая түспек ойы айтылып, «Би бабаларымызға тән имандылық, адалдық, әділдік, турашылдық принципін құқық қорғау органдарының өкілдері мен судьялардың мықтап ұстанғаны абзал», деп атап көрсетілді. Өйткені Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген еді.
Ал Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, конференция жұмысын жалғастыра отырып, Елбасының бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін іске асыру мақсатында, ғалымдар, тарихшылар, филологтар, тіл мамандары, облыс ақсақалдары мен судьялар бірігіп қазақ билер сотының тарихын зерттеу бойынша жұмыстар жүргізгенін атап өтті. «Билер соты – бұл тек қана құқықтық институт ғана емес, бұл тарихи және мәдени мұра болып табылатын халық пен мемлекетті басқарудағы дана институт. Ұрпақтан ұрпаққа құнды тәжірибені сақтап, жеткізу қажет» – деді Досжан Әміров.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар, сот жүйесінің ардагерлері және судьялар сөз сөйледі. Ақмола облыстық сотымен әзірленген «Қазақ даласының билер соты» атты бейнефильм көрсетілді. Нәтижесінде, қатысушылар мемлекеттік, жергілікті атқарушылық және құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде, жоғарғы оқу орындарында іске асыруға ұсынылған қарарды қабылдап, сонымен қатар, Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының қағидаларын жүзеге асыру бойынша ведомствоаралық жоспар құрды. Сол арқылы бұл өткізілген конференция «Рухани жаңғыру» негізінде алдағы уақытта да өткізілетін барлық іс-шараларға бастама болып табылатындығы айтылды.
«Егемен-ақпарат»