Қазақстан • 08 Желтоқсан, 2017

Басты мақсат – адал жолмен жеңіске жету

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылғы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпия ойындарында қазақстандық спортшылар адал жолмен биікті бағындыруды мақсат етіп отыр. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков еліміздің намысын қорғайтын қыз-жігіттердің ешқандай допинг қолданбайтынына сенімді екенін жеткізді.

Басты мақсат – адал жолмен жеңіске жету

ХХІІІ қысқы Олимпия ойын­дарына әлемнің 80-нен астам елінен 5 мыңдай спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Онда 15 спорт түрінен 102 медаль жиын­­тығы сарапқа салынады. Ал Қазақ­­с­­таннан Олимпиадаға 9 спорт түрінен 62 спортшы сайыс­қа түспек. Вице-министрдің айтуын­ша, дәл қазір отандық құрама команданың қоржынында 23 олим­пиялық лицензия бар. Оның 10-ы биатлоннан, 10-ы шорт-тректен, 3-еуі мәнерлеп сыр­ғанаудан. Қал­ған құрама командалар әлі де жарыс­тарға қатысып, жолдамаларды ұтып алып жүргенін ескерсек, оның саны өсуі мүмкін. Себебі, ли­цен­зияларды иелену мерзімі 2018 жылғы 20 қаңтарға дейін жалғасады.

 «Біз спортшыларымызға үлкен үміт артып отырмыз. Орта есеппен 50-ге жуық олимпиялық лицензияға қол жеткіземіз деген сенімдеміз. Қазір ұлттық құра­ма команданың жарысқа ыжда­һат­ты дайындалу кезеңін сапалы өт­кізуді ұйымдастыру, лицензия­лық жарыс­тарда табысты өнер көрсетуіне жағдай жасау және Олимпиадаға киетін спорттық киімдерін әзірлеу секілді жұмыстар басты назарға алынған. Осы орайда спортшыларымыз туралы кеңінен ақпарат тарату үшін журналистерге де жағдай жасалып отырғанын айтқым келеді. Риодағы тәжірибедегідей Пхенчханда да арнайы баспасөз орталығын ашамыз. Бұл ақпарат өкілдеріне Олимпиада орнынан жылдам хабар таратуға мүмкіндік береді», дейді С.Мұсайбеков.

Вице-министр, сондай-ақ спорт­шыларымыздың қысқы Олим­пиадаға допингтен ада, таза жол­мен баруына айрықша мән бері­ліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінге дейін Қазақстан спортшылары бірнеше мәрте до­пинг сынамасын тапсырып, ол Германияның Дрезден қаласын­дағы зертханада тексеруден өткен. «Осы сынамалардың нәти­жесі спортшыларымыздың допинг­тен таза екенін айғақтайды. Олим­пиадаға жолдама алған спортшыларымыз жарыстың алдында тағы да допинг сынамаларын тапсыратын болады. Жалпы, Қазақстан – допингке қарсы мемлекет. Біздің басты мақсатымыз да – таза спорт. Біз тек адал жолмен жеңіске жетуді қалаймыз», деді ол. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»