11 Желтоқсан, 2017

Елес пен белес

615 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген аксиомаға айналған қағида бар. Бүгінде еліміздің экономикасы еңсе тіктеп, халықтың әл-ауқаты жақсарса, басқа елдер Қазақстанды терезесі тең әріптес санауға көшсе, оған жеріміздің астындағы мол қазба байлық­тың, сол байлықты кәдеге жарата алғанымыздың зор ықпалы тигені анық. 

Елес пен белес

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің алпауыт мұнай экспорттау­шы елдерінің санатына қосылды. Ұсынатын өнімі бар, қоятын талабы бар елмен басқа мемлекеттер де есептесетін болды. Көзі тірісінде қазақ жерінің асты-үстіндегі байлығын түгендеп, алтын-күміс, мұнай-газ, мыс-мырыш, көмір мен темір қорының көлемін қағазға қаттап кеткен қарымды қаламгер Камал Смайыловтың «қара алтынға» қатысты не дегеніне құлақ түрейік.

«Мұнайға бай Парсы елдері, Латын Америкасы, Ресей, АҚШ сынды мемлекеттерден кейін 13-орындамыз. Бұл ғаламат байлық. Батыс өңірді айтпағанда, Арал аймағында да үлкен мұнай «теңізі» бар, оның қоры 350 миллион тонна. Осы жерде 100 миллиард текше метр газ жатыр», депті жарықтық.

Әрине тәуелсіздік таңсәрісінде ірі мұнай экспорттаушы елге айналу міндеті әлі елес болатын. Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, ширек ғасыр бұрынғы елес бүгінде бағындырылған белеске айналған түрі бар. «Қара алтынның» құны бірнеше жылдың бедерінде қайта-қайта құбылып тұрса да, қазіргі қарқын жаман емес. Әріге бармай-ақ, биылғы жылдың 10 айында 71 миллион тоннадан астам мұнай өндірілген, бұл былтырғыдан 11 пайызға артық көлем. Өткен жылдың күзінде іске қосылған «Қашағанның» үлесі 6,5 миллион тонна шамасында.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, келер жылы 86 миллион, ал 2022 жылға қарай жылына 88,2 миллион тонна көмірсутегі өндіріледі деген оптимистік жос­пар жасалған. Яғни тоқсаныншы жылдардың басындағы 20 миллион тонна шамасындағы көрсеткішпен салыстырғанда өнім көлемі еселеп артты, алдағы уақытта да арта беруге тиіс.

«Мұнай да бар, газ да бар. «Қарашығанақ – жаңа ғасырдың еншісіне тиер мол кен ордасы»,– депті «Егемен Қазақстан» газетінде жария­ланған мақаласында Камал Смайылов. Шынында да, жаңа ғасырда Батыс Қазақстандағы кеніш елі­міздің бюджет қазанын байытуға зор ықпал етіп келеді. Ағымдағы жылы өндірілген шикізаттың 10 миллион тоннадан астамы «Қарашығанақтың» еншісінде.

Тағы да «Камал Смайлов былай дейді: «Шикі мұнайды өндіруді көбейткен, басқа елдерге сатқан дұрыс. Дегенмен ертең мұнайдың өзін емес, оның дайын өнімдерін сатқан әлдеқайда тиімді де өтімді болатын уақыт келеді». Тоқсаныншы жылдары көмірсутегін өңдемек түгілі, оны жердің астынан алудың өзі оңайға соқпағаны мәлім. Ол кезде өндіріске қажетті құрал-жабдық та, қаражат та, тиісті мамандар да болмаған-ды. Ал қазір шикі мұнайды шетел асыра бергеннен гөрі, оны тереңдетіп өңдеудің пайдасы ұшан-теңіз екенін түсініп, соған талпынып жатқан жайымыз бар. Елбасы Н.Назарбаев та шикізатты тереңдетіп өңдеу қажет екенін, мұнай химиясын дамыту керектігін үнемі айтып, тиісті тапсырма беріп келеді.

Жыл басынан бері 57,7 миллион тонна мұнай экспортталып, был­тырғымен салыстырғанда 13 па­йызға асып түссе, өңдеуге жұм­сал­ған шикізат көлемі де көбейген. Атап айтқанда, мұнай өнімдерін алуға 12,2 миллион тонна шикізат жаратылыпты. Соның нәтижесінде 2,46 миллион тонна жанармай, 244,6 мың тонна авиа­ке­росин, 3,4 миллион тонна дизель оты­ны, 2,6 миллион тонна мазут алынды.

Көгілдір отын өндірісіндегі ахуал қалай? Он айда 43,5 миллиард тек­ше метр газ өндіріліп, былтырғы кезеңдегі көрсеткіш 26 пайызға асыра орындалыпты. Мұнай битумын өндіру, экспорттау ісінде де ілгерілеу бар. 688 мың тонна битумның 86 мың тоннасы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерге жіберілді.

Біз тек мұнай-газға қатысты аз-кем мәліметті, ширек ғасыр ішіндегі өндірістің әлеуетін тілге тиек етуге тырыстық. Әйтпесе, геологтар айқындаған деректер бойынша, ең құнды деген қазба байлықтар қорынан Қазақстан әлем елдерінің ішінде көш басындағы ондықтан ойып орын алады. Тек соны ел игілігі үшін кәдеге жарата алсақ болғаны.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»